БИІК БЕЛЕСТЕРДІ БАҒЫНДЫРҒАН ДАНИЯР

Ағымдағы жылы Ақтау қаласында 14-15 наурыз аралығында жастар арасында өткен панкратионнан ҚР чемпионатында тайыншалық жерлесіміз, 11 сынып оқушысы, Нұр-Сұлтан қаласындағы «ToBet Top Team» MMA және МуайТай кәсіби спорт академиясының оқушысы, Нұр-Сұлтандық Данияр Кульбаев (суретте ортада) І орынды иемденді. Сондай-ақ, Италия елінің Рим қаласында өтетін жарысқа жолдама ұтып алды. Енді ол еліміздің намысын әлемдік деңгейде қорғайтын болады.

Панкратион (ережесіз жекпе-жек) – жекпе-жектен ежелгі олимпиадалық ойындардың бір түрі. Грек тілінен аударғанда күш пен мықтылық деген сөзді береді. Панкратион жекпе-жегінің шығу кезеңін Тесей мен Геркал кезеңімен сәйкестендіреді. Ғасырлар бойы панкратион жекпе-жектің төбелес түрінде әлем елдерінде әртүрлі дамып келе жатыр.

Панкратион біздің елде де басқа спорт түріндей қарыштап дамып келе жатқан спорт түрі. Дамып келе жатыр деген себебіміз, қазіргі таңда ережесіз жекпе-жек спортсмендері өте аз. Бірақ, солардың қатарында осы спорт түріне қызығушылық танытып, айналысқанына небәрі 1-ақ жыл болған және осындай аз уақыт ішінде үлкен жетістікке қол жеткізген тайыншалық жерлесіміз Данияр Кульбаев та бар. Ол ағымдағы жылдың 14-15 наурыз аралығында Ақтау қаласында жастар арасында өткен панкратионнан ҚР чемпионатында 60 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, І орынды жеңіп алды. Жарысқа түрлі жекпе-жек өкілдері қатысып, еліміздің басқа да облыстарының мықтылары бәсекелесті. Жерлесіміз жастайынан спортқа бейім екен. Бала кезінен бастап еркін күреспен шұғылданып жүрген Данияр соңғы бір жыл спорттың осы түрімен әуестеніп өзін жақсы қырынан көрсете білді. Алдағы уақытта жерлесіміз Италия елінің Рим қаласында өтетін жазғы спорт ойынында еліміздің намысын әлемдік деңгейде қорғайтын болады. Айта кетейік, Данияр еркін күрестен республикалық турнирлердің қола жүлдегері, Солтүстік Қазақстан облысының чемпионы және панкратионнан республикалық чемпионаттың жеңімпазы.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары