Бекжанов турнирі аяқталды

Сырым ауданында ҚР еркін күрес құрамасының мүшесі, Әлем және Азия чемпионатының күміс жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Нұрлан Бекжановтың жүлдесі үшін 2004-2008 ж.т. ұлдар мен қыздар арасында облыстық ашық турнир аяқталды. Айта кетейік, еркін күрес турнирі ауданда алғаш рет өтіп отыр. Турнир Жымпитыдағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінде өтті.

Турнирдің салтанатты ашылу шарасына БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ә.Аманбаева, самбо күресінен Әлемнің 6 дүркін чемпионы Е.Байбатыров, Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өткен ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарына қатысушы шорт-трекшілер А.Әжғалиев, Н.Жұмағазиев, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы А.Сәукелин сияқты арнайы шақырулы меймандар және турнирдің басты қонағы Нұрлан Бекжанов пен анасы Жәмиға Бекжанова, аудандық мәслихаттың депутаты, спорт жанашыры Б.Тасқалиев қатысты. Алғашқы құттықтау сөзді Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев сөйледі.

Нұрлан Бекжанов – Бұлдырты еркін күрес мектебінің түлегі, еркін күрестен Әлем чемпионатының финалисті атанған тұңғыш қазақ баласы. Турнирді ұйымдастырушылардың айтуынша, Н.Бекжановтың атын таныту мен насихаттау жас спортшыларға ауылдағы күрес үйірмесінен шығып та, Әлем чемпионы атанудың мүмкін екенін дәлелдеуге болады. Сырымдықтар балуанына қазақы құрмет көрсетіп, иығына шапан жауып, астына ат мінгізді.

Турнирге облыс аудандарының командаларынан тыс, көршілес Ақтөбе және Атырау облысының жас балуандары қатысты. Олардың арасында 20 келі салмақта сырымдық Ибрахим Жаңаталапов, 30 келіде оралдық Әсет Хайырбаев, Атырау облысы, Индер ауданынан келген жас балуан Бекнұр Қойшыбай 32 келі салмақ дәрежесі бойынша, бөрлілік Шәміл Бекмұханов 35 келі, 38 келіден Орал қаласындағы спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Әсет Жакиев, 47 келіден сырымдық Қазбек Бақытов, 51 келіден ақтөбелік Әділет Әмірханов, 57 келіден сырымдық Хамза Амангелді, 65 келі бойынша ақтөбелік Нұрлан Өтегенов, ал сырымдық Мақсат Қарасаев 70 келі салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз атанды. Турнирде сырымдық арулар да сәтті өнер көрсетті. Ақниет Мұхамбетжанова 54 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанса, Әйгерім Құсайын 58 келіде белдескен балуандардың ішінен мықты болып танылды. Ұйымдастырушылардың ұйғарымымен сырымдық Ибрагим Жаңаталапов «Жас спортшы», индерлік Әли Әлихан, ақтөбелік Әділет Әмірханов және Нұршат Қонысов «Жеңіске деген жігері үшін» аталымдары бойынша марапатталды.

Сөз соңында, Сырым аудандық БЖСМ мен «Қайсар» спорт клубы ұйымдастырған турнирге аудандағы еркін күрес мектебіне жанашыр біраз азаматтың демеушілік танытқанын атап өткіміз келеді.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары