Балуандар спорт ардагерін еске алды

Орал қаласында балуан, спорт шебері Тілекқабыл Қамзиевті еске алуға арналған самбо күресінен 2002-2003 ж.т. жасөспірімдер мен спортшы ардагерлердің ІІІ республикалық ашық турнирі өтті.

Самбо күресінен спорт шеберлері арасындағы Әлем чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, спорт ардагері Тілекқабыл Қамзиев – спорттағы ардақты есімдердің бірі. Самбо, дзюдо күресінің қыр-сырын шебер меңгерген, қарсыластарынан оқ бойы оза жүретін балуанның жеңісті сəттері əлі де ұмытыла қойған жоқ. Салтанатты ашылуында сөз алған БҚО дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Əсия Аманбаева жерлес спортшының еңбек жолы, еліне жасаған қызметі, самбо мен дзюдо күрестерінің дамуына қосқан үлесі шексіз əрі ұмытылмайтынын айтады. Байрақты бəсекенің жастардан бөлек ересектермен қатар қолға алынуы – жасөспірімдер аға буынның ізін жалғап, жетістіктен көрінуіне сеп болмақ,- дейді Әсия Рақымқызы. Көзі тірісінде ел чемпионаттарымен қоса əлемдік деңгейдегі жарыстарда атой салған Т.Қамзиев есімін ұлықтауда Орал қаласы, көршілес Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облысы мен аудан спортшылары қатысты. Жас ерекшеліктеріне байланысты əр салмақ дəрежесінде қызылордалық, батысқазақстандық балуандар шеберлігімен, қайсарлығымен ерекше көзге түсті. Ж.Тілекқабылов (42 келі, Жаңақала ауданы), Е.Мұсаев (50 келі, Қызылорда облысы), Б.Қыдырбай (60 келі, Жамбыл облысы), Ж.Ангисинов (72 келі, Қызылорда облысы) турнир жеңімпазы атанды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары