БАЛУАНДАР БАҒЫН АШҚАН БӘСЕКЕ

«Ұлытау» спот сарайында Ұлытау және Жезді аудандарының Құрметті азаматы, КСРО-ның еңбек сіңірген металлургі, Қарсақбай мыс зауытын ұзақ жылдар бойы басқарған Қадыр Мәткеновті еске алуға және Қарсақбай мыс қорыту зауытының 90 жылдығына арналған грек-рим күресінен  2004-2005 және 2006-2008 жылы туған кіші жасөспірімдер арасындағы І республикалық турнир өтті.

Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай облысы, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары, Астана, Жезқазған, Сәтбаев қалалары және Қарсақбай кентінен 400-ге жуық жас спортшы қатысып, 14 салмақ бойынша бақтарын сынады.

Спорт жарысының ашылу салтанатына қатысқан қала әкімінің орынбасары Нұржан Орынбаев, олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, Азия чемпионы Алмат Кебісбаев жас палуандарға сәттілік тіледі.  Сонымен қатар, ұйымдастырушылар қадірлі меймандардың иығына шапан жауып, естелік сыйлықтар табыстады.

Үш күнге созылған тартысты додада мысты қаланың балуандары намысты қолдан бермей,  тырысып бақты. Турнирдің қорытындысы бойынша 35 келі салмақта Әнуар Болатов ІІ орынды иеленді. 38 келіде Ерасыл Байдүйсенов жүлделі ІІІ орынға ие болды. 45 келіде Нұрәлі Ахметжанға ІІІ орын бұйырды. 60 келі салмақта өнер көрсеткен Темірлан Бержанов ІІ орынды жеңіп алса, Ерасыл Серіков жеңіс тұғырынан көрінді.

Марапаттау рәсімінен кейін Олимпиада чемпиондары жас балуандарға боз кілемде қолдану керек әдіс-тәсілдерді көрсетіп, шеберлік сабақтарын өткізді. 

Сара ТЕМІРҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ғалия ӘБДІҒАППАРОВА

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары