БАҚҰСТАР "АҚСУ БАРЫСЫ - 2019" АТАНДЫ

Құтпанұлы атындағы спорт сарайында қазақ күресінен "Ақсу барысы - 2019"  қалалық турнирі өтті.

Барлығы жарысқа 60 палуан қатысты. Ал, түйе палуандардың арасынан 90 келі салмақ санатында боз ала кілемге сайдың тасындай іріктелген 10 спортшы шықты. Турнирді тамашалауға Ақсу қаласының әкімі Балғабай Ыбыраев, қалалық мәслихат хатшысы Мәдениет Омарғалиев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Залмұқан Арынов және жанкүйерлер келді.

Спортсүйер қауымға "Ақсу барысы - 2019" белбеуі көрсетіліп, құттықтау сөз Ақсу қаласының әкімі Балғабай Жұмағұлұлына берілді. Ол палуандарға сәттілік, ең мықты спортшының оза шабуына тілек білдірді. Одан соң Ақсу қаласының құрметті азаматы Залмұқан Арынов рух пен жігерлендіретін сөздерімен, спортшыларға қолдау көрсетті.

Көптен күткен дода басталды. Біршама уақытқа созылған турнирдің жеңімпаздары анықталды.

Жеңімпаздар қатарынан 55 келі салмақ дәрежесінде Рауан Мұқажанов (Ақсу қаласы), 60 келі салмақ дәрежесінде  Бағдәулет Қайраткелді (М.Омаров атындағы ауыл), 72 келі салмақта Бақытбек Тұрсынбаев (Ақсу қаласы) және 82 келі салмақ дәрежесінде Еркебұлан Мекеш (Қызылжар) көрінді.

Ал, 90 келі салмақтан асатын түйе палуандардың арасынан Бақұстар Әмре (Ақсу кенті) I орыннан көрінді. Оған  "Ақсу барысы - 2019"  белбеуін тағып, қала әкімі Балғабай Ыбыраев  құттықтады. II орын Ернар Сейілхановқа (Ақсу қаласы) бұйырды. III орыннан Наурызбек Бақат (Евгеньевка ауылы) көрінді. Сондай-ақ, жеңімпаздар мен жүлдегерлер қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің атынан медаль, грамота және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Бас төреші - Мұстафа Байкен.

Суреттерді түсірген - А.Көшербаев.

БАҚҰСТАР "АҚСУ БАРЫСЫ - 2019" АТАНДЫ

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары