Азия чемпионатында шахматтан күміс медальға ие болған жерлесіміз

Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Диляра Ғабитова Шри-Ланкада юниорлар арасында өткен Азия чемпионатында шахматтан күміс медальға ие болды.

Сайыста Зияткерлік мектеп өкілі блиц, рапид және классика санатында керемет нәтиже көрсетті. Диляра Ғабитованың қоржынында алыс-жақын шет елдердегі турнирлерден медальдар көп. Ол 2018 жылы Прагада жас шахматшылар арасында өткен додада бірінші орынды иеленді. Қазіргі таңда атыраулық оқушы шахматтан спорт кандидаттығына үміткер.

Asian Chess Championship – 2019 халықаралық байқауында әлемнің 23 мемлекетінен 572 ойыншы бақ сынады. 18 жасқа дейінгі Азия чемпионаты Шри-Ланканың Калутара қаласында өткен.

- Мен бір кездері шахматты доғарғым келген. Бірақ үнемі әкем спорттың бұл түрінен қол үзбе дейтін. Ол менің шахмат ойындарында үлкен жетістіктерге жететініме сенді. Қазір ойласам, әкем дұрыс айтқан екен. Өкінішке орай ол менің жеңістерімді көрмейді, себебі қасымда емес. Сондықтан мен әр жаңа жеңісті әкемнің рухына арнаймын», - дейді шахматшы қыз.

Біз редакция атынан  Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Диляра Ғабитоваға алға қарай жеңістікке жете беруіне тілектеспіз.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары