АУЫЛ спортшылары– НҰРАДА

Шілде айының 18 жұлдызында тоғыз ауданның спортшылары Нұра ауданында бас қосты.

Спорт–салауатты өмір салтын қалыптастыруға апаратын төте жол екенін айтып, ауыз ауыртудың қажеті шамалы шығар. Ертеректе, сонау кеңес тұсында Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз «Спорт деген бір сиқыр» деп артында қанатты сөз қалдырып еді. Шынында, спорттың адамды еліктіріп әкететін бір кереметі барын сол спортпен шындап шұғылданған адам жақсы біледі.

Қазіргі таңда елімізде спорттың бұқаралығын арттыруға зор басымдық берілген. Ауданымызда да спортпен шұғылданам десеңіз, барлық жағдай бар. Спорттық дәстүрлі шаралар жыл бойына байрағын көтеріп, спорт кешені мен орталық стадионды дүбірге көміп жатады. Маусым айында ауыл спортшыларының дәстүрлі облыстық «Сарыарқа–2018» спартакиадасының аудандық іріктеу сайысы өткені баршаға аян. Оған барлық ауылдардың спортшылары қатысып, спорттың 18 түрінен бақ сынасқан болатын. Сол сияқты осы жуырда ғана мини–футболдан Еркебұлан Төлегеновті еске алуға арналған дәстүрлі турнирдің куәсі болдық.

Енді міне, күні кеше сол аудандық «Сарыарқа–2018» спартакиадасында жүзден жүйрік шыққан сайдың тасындай спортшылар Нұра ауданында Бұқар Жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына орай ұйымдастырылған жазғы ауыл спортшыларының кезекті спартакидасына барып қайтқан болатын. Және де аудан спортшылары жақсы жетістіктерге қол жеткізіп, облыс бойынша жүлделі ІV-ші орынға шығып, үлкен абыроймен оралды. Жасыратыны жоқ, кейінгі он шақты жылдың мұғдарында аудан спортшылары жекелеген спорт түрлерінен жап-жақсы табыстарға ие болғанымен, командалық есеп бойынша мардымды жетістікке қол жеткізген емес-ті. 

Биылғы табыстың кілті бәлкім, аудан басынан спорт кешені мен орталық стадионның ашылуымен байланысты болар. Қалай десек те, биылғы облыстық спартакиадада алғашқы төрттікке іліккен спортшыларымыз жарады.

Шілде айының 18 жұлдызында тоғыз ауданның спортшылары Нұра ауданында бас қосты. Нұраға келген бетте ұлттық ат спорты ойындарының жеребесі тартылып, аударыспақ, көкпар ойындары бойынша өзара күш сынасатын командалар анықталды.

19 шілдеде кешкісін сағат 20.00-де Киевка кентінің орталық стадионында Қарағанды облысы ауыл спортшыларының «Сарыарқа–2018» спартакиадасының ресми ашылу салтанаты өтті. Шараның беташарында жүргізушілер көмекей әулие атанған Бұқар бабамыздың өмірі мен жыраулық өнері мен қысұаша шығармашылық тарихына тоқталды. Ауыл спортшыларының спартакиадасының ашылу салтанатына облыстық спорт басқармасынан Д.Карпов арнайы келіп, Нұра ауданының әкімі Н.Омарханов сөз сөйлеп, спортшыларды спорт мерекесімен құттықтап, сәт сапар тіледі. Сондай-ақ, спартакиаданың салтанатты ашылуына барлық аудан әкімдерінің орынбасарлары мен спорт бөлімдерінің басшылары және споршылар қатысты.

Одан әрі спортшылар Нұра ауданының өнерпаздары даярлаған үлкен концерттік шоу бағдарламаны қызықтап, түннің бір уақытына дейін дискокеште би көрігін қыздырды.

19-20 шілде күндері– спорттық сайыстардың нағыз қызған шағына айналды. Спорттың 18 түрінен өзара сайысқан тоғыз аудан спортшыларының арасында бәсекелестік өте жоғары болды. Спортшылардың ешқайсысы аянып қалған жоқ. Бәсекелестік жоғары жерде, жеңіс те, жетістік те оңайлықпен келмейді.

Нұралықтар өз жерлерінде өткізілген спорттық шараға жауапкершілікпен даярланыпты. Қонақтарды, орналастыру, күту өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ұйымдастырушылардың мәліметі бойынша биылғы жазғы ауыл спортшыларының спартакиадасына бас-аяғы жалпы саны 963 спортшы қатысақан көрінеді.

Кейінгі жылдары ауданымызда ұлттық ат спорты ойындары қарқынды дамып келеді. Дамығанының белгісі– құнан жарысынан (Қусақ ауылы), теңге ілуден (Қызыларай ауылы, Ермек Оспанов), аударыспақтан (Қызыларай. Ерлан Оспанов) І-ші, тай жарысынан (Қайрат Болатұлы), тоқ бәйгеден (Шұбартау ауылы) ІІ-ші, аламан бәйге (Қызыларай, Бекзат Әбеуов), сол секілді Ерлан, Ербол, Ермек Оспанов, Айбол, Нұрбол Жолдыбай, Дәурен Қасымбеков, Нұрсұлтан, Бақтияр Қуанышбек, Ардақ Әйнек, Амангелді Жәлел, Шыңғыс Жәмшібаев және команда жетекшісі Жарқын Ақылбеков бастаған  көкпаршыларымыз жүлделі ІІІ-ші орындарды иеленіп, командалық ұпай қорын еселеп берді.

Боса болмасын біздің ауданда қатты дамыған спорттың түрі– волейбол екенін елдің бәрі біледі. Ақтоғай волейболшыларымен облыс, қала берді республика көлемінде тоспа допшылар санасады. Ақтоғайлықтар тоспа доптан үздік үштіктен төмендеп көрген емес. Бұл жолы да құрамында Ералы Жаров, Тілек Қуаныш, Бекзат Жақыпбек, Ұлағат Совет, Азамат Дүйсенбек, Есбол Сейдіғазым, Ерсін Жаров, Инабат Әділ, Еркебұлан Амандық сынды тоспа допшыларымыз үздік ойын өрнегін көрсетіп, ІІ-орынды жеңіп алды.

Сонымен қатар, біздің спортшылар асық атудан ІІ-ші, қол күресінен ІІІ-ші көрсеткішке қол жеткізіп, аудан спортының абыройын асқақтатып қайтты.

Спорттың бұқаралығын арттыру– еліміздің басты ұстанымы. Бұл тұрғыда ел спортшылары жаһандық спорт додаларында көк байрағымызды көкте желбіретіп жүргенін жақсы білеміз. Әсіресе, былғары қолғап шеберлеріміз бен балуандарымыз, зілтеміршілеріміз бен өзге де спорт түрлерінен жекелеген спортшыларымыздың толағай табыстары көз алдымызда.

Аудан спортшыларының табысына аудандық спорт бөлімінің басшысы А.Кішкентаев, аудандық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің директоры С.Төкешовтің және спорт мамандары А.Шәкірбаев, А.Қнашин сынды тәжірибелі бапкерлердің де сіңірген еңбектері барын атап өтуміз керек.

Аудан спортын дамытуда да аудандық спорт бөлімі мен аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жанды жұмысының арқасында балуан ұл-қыздарымыз бен тоғызқұмалақшы балаларымыз облыстық, республикалық, халықаралық спорт сайыстарында мерейлері үстем түсіп, сан мәрте жүлделі оралып жүргені жайында басылым бетінде тұрақты жарияланып жүр.

Спорт пен өнерде кейде бақ, кейде бап шауып жатады. Нұраға барып бабы келіскен аудан спортшылары тәп-тәуір жетістікпен оралды. Осы беттен, осы қарқыннан таймай, аудан спортын дамыта берсек, топ жарып, жүлделі бірінші орынға көтерілетін күн де алыс емес деп ойлаймыз. Олай болса, алдағы жылда өтетін ауыл спортшыларынң облыстық «Сарыарқа» спартакиадасына тыңғылықты даярланып, тер төгіп еңбек етейік.

 

 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары