АРМАНЫ АСҚАҚ АЗАМАТ

Жезқазғанда Саят есімді бауырымыз бар. Бұрын бокс жаттықтырушысы ретінде танымал болатын. Бүгінде оны Жезқазған -Ұлытау аймағындағы  спортты дамыту мақсат тұтқан шынайы жанашыр азамат деп бағалауға болады. Әрине, ол жалғыз емес.

- Біз патриотизм, Отанға сүйіспеншілік, жастарға қамқорлық және т.б. туралы көп айтамыз. Негізі "жақсы сөз -жарым ырыс". Бірақ, ырыстың бүтін болғаны жақсы емес пе? Сондықтан, әрбіріміз қолдан келгенше, шама жеткенше туған жеріміз, өскен өңіріміз, ұлы Отанымыздың өсіп, өркендеп, дамуы үшін нақты бір іс тындырсақ та жаман болмас еді. Көп іс тындыра алсақ тіпті, жақсы.Сондықтан да, біз Жезқазған -Ұлытау аймағында спортты дамытуды мақсат тұттық. "Талапты ерге нұр жауар" демекші, біртіндеп өзіміз көздеген мақсат биігіне қарай көтеріліп келеміз  - деп бастады әңгімесін Саят. Сөзінен ертеңге деген сенімді аңғарылады. Асырып айту жоқ, нақтылық басым.

Ол Жезқазғанның іргесіндегі Сарысу ауылының тумасы. 1998 жылы үй -іші Жезқазғанға қоныс аударғанда ол он төрт жасар бозбала болатын.  Ауылға қарағанда қалалы жерде спортпен айналысқысы келген адамға қанша дегенмен мүмкіншілік мол. Саят та бірден бокс секциясына барып тіркелді. Рүстем Сейітов, Мұханбет Әлиакпаров тәрізді жаттықтырушыларға тап болды.

"Осындай ағалардың қолына түскенімді бақытыма балаймын. Олар алғашында "сүйегің қатыңқырап кетіпті" десе де,  маған бокстың қыр -сырын үйретіп бақты.Ризамын жаттықтырушыларға!". Саят жаттықтырушылардың күткен үмітін де ақтады, сенімдерінен шыға да білді. Халықаралық жарыстарда екі мәрте үшінші орынды иеленді. Қазір ҚР спорт шеберлігіне үміткер.

Өзі де кейін жаттықтырушылық жолға түсті. 2006 жылдан бері бокстан Жезқазған аймағы бойынша аға жаттықтырушы.  Қарағанды облыстық бок федерациясының шешімі солай. "Менің шәкірттерім мен бағындыра алмаған биіктерді бағындыруы тиіс". Бұл – жаттықтырушы Саят Балмағанбетовтің өзіндік ұстанымы.  Қалалық, облыстық деңгейлерді айтпағанда республикалық деңгейде болып тұратын жарыстардан шәкірттері жүлдеген атанып келіп жатқанда ол ең алдымен солар үшін қуанады. Бірақ, ешқашанда бүгінгі жеңісті ең биік шыңға көтерілу  деп санауға болмайды. "Нағыз жеңіс әлі алда".  Ол шәкірттерінен үнемі осылай ойлауды, алдарына сондай мақсат қоюды талап етеді. Жуырда ғана бір топ шәкірттері Қарағандыда өткен 2004 – 2005 жылы туған кіші жасөспірімдер арасындағы облыстық біріншіліктен де жүлделі оралды. Жезқазған-Ұлытау аймағынан барлығы 25 жасөспірім қатысқан еді, соның 9-ы бірінші орынды, 5-еуі екінші және тағы 5-еуі үшінші орынды жеңіп алды. Бұл не деген сөз? Әрине, бұл аймақтағы  бокстың қарыштап дами түскенін айғақтайды. Жаттықтырушылардың еңбегінің жемісі осындай жеңісті жолдардан көрінеді.

Саяттың ең басты арманын бүкпелемей, ашып айтайық. Бұл - Жезқазған -Ұлытау аймағынан Олимпиада чемпионын тәрбиелеп, шығару!

- Кейінгі жылдары Жезқазғанға Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ибраимов  ағаларымызды шақырдық. Неге? Өйткені, жас өскіндер оларды көздерімен көрсін, сөздерін естісін, олармен пікірлессін, ақыл-кеңестерін тыңдасын деген ой болды. Ермахан аға да, Жақсылық аға да  - ауылдың шаң топырағында аунап өскен қарадомалақтар ғой. Екі ағамыз да "Олимпиада чемпиондарының ауылдан шығатынын" айтады. Осындай танымал тұлғалар аймақ жастарының көңілдеріндегі бұқпантайлап жатқан армандардың арнасын ашып, бойларындағы күш, жігер құйып, көздеріндегі отты жағып кетіп жатқаны күмәнсіз. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады -деген Саяттың сөзінен оның алдына қойған биік мақсатына қол жеткізу жолында барлық мүмкіндіктерді пайдаланып жатқаны да байқалып қалды. Өз ісіне барынша берілген жандар ғана осылайша қимылдаса керек-ті.

Бүгінде Саят Балмағанбетов  тек бокстан аға жаттықтырушы ғана емес,  "Спортты дамыту орталығы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Мұндай бірлестік құру қажеттігі неден туындады?

2016 жыл. Жезқазғандағы спорт кешені жекешелендіруге жататын тізімге еніп кетті. Кешенде еңбек етіп жүргендер ғана емес ата-аналар да бұған қатты алаңдады. Әрине, жағдай түсінікті еді. Жаттықтырушылар жұмыссыз қалып, ал, ата-аналар балаларын спортқа бейімдеу мүмкіндігінен айрылатыны анық. Рас, сату талабында "10 жыл бойы профильдік мақсаты сақталады" делінген. Хош делік, он жылдан соң ше? Жалпы жеке кәсіпкер 40-қа жуық қызметкерді жалақымен қамтамасыз етуге, мұндағы спорт секцияларының жұмысын жүргізугше, басқа да шығындарды өтеуге қабылетті ме? Ең бастысы жаңа қожайын соған ынталылық таныта ма екен? Сұрақ көп, жауап жоқ.

-Сол күндері біз алдымызға жалғыз -ақ мақсат қойдық, бұл кешен ғимаратын ұжымда сақтап қалу. Бірақ, қаражат қайдан табамыз? Грек-рим күресінен КСРО спорт шебері Дәрібаев Өміртай Рахымбекұлы бастаған жаттықтырушылар кеңесі өзара ақылдаса келе, "пәтерімізді кепілдікке қойып, несие алсақ та, спорт кешенін сатып алатын қаражатты табамыз" деген келісімге келді. Жігіттердің сондағы ауызбіршілігіне әліге шейін тәнтімін - дейді Саят сол бір сындарлы шақта "бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген" әріптестері жайлы.

Бірақ, мәселе тек ғимаратты жекешелендіріп алумен біте қоймайтын еді.  Енді олар "Жарайды, ғимаратты алармыз, ал, сонда оның одан арғы қызметін қалай қамтамасыз етуге болады?" деген сұраққа жауап іздеуге мәжбүр болды. Сөйтіп, Саят берісі Қарағанды, әрісі Астанаға жол тартты. 

Министрлікке барса , соның алдында ғана Жезқазғаннан 700 адам қол қойған , спорт кешенінің келешегіне алаңдаған хат жатыр екен. Министрлік қызметкері мұның сөзін мұқият тыңдады.Сосын асықпай отырып, ақыл -кеңесін айтты. Сондағы ұққаны : реті келсе  ғимаратты жекешелендіріп алудан қорықпау керек, ал, оның қызметін мемлекеттік тапсырыс арқылы одан әрі жалғастыра беруге болады. Бұл үшін қоғамдық бірлестік құру керек екен. Содан Жезқазғанға көңілденіп оралды. 2016 жылдың мамыр айында грек-рим күресінен КСРО спорт шебері Дәрібаев Өміртай Рахымбекұлы, Ташкенов Еркін Естайұлы, бокстан бапкерлер Аманов Мұқашбек Түсіпұлы, Балмағанбетов Саят Сәбиұлы, Исаев Қайрат Әділбайұлы сынды білікті бапкер-жаттықтырушылардан құралған Жезқазған аймағының «Спортты дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігі құрылды. Қоғамдық бірлестіктің негізгі мақсаты Жезқазған - Ұлытау аймағында олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту болып табылады. Жарғыда осылайша жазылған.  Көзі таныс кәсіпкерлерді, басқа да қалталы адамдарды жағалады. Обалы нешік, жігіттер тартынып қалмады, ғимарат көлденең көкаттының тақымында кеткен жоқ,  спорт жанашырларында, яғни, өздерінде қалды. Кейінірек әлдебір жігіттер "он жыл бойы профильін сақтауға міндеттісіңдер ғой, басқа мақсатқа пайдалана алмайсыңдар, сонда не ұтасыңдар?" дегендей сыр тартып та көрді. Саят болса оған "Негізі әу баста талап дұрыс жазылмаған екен, "ғимараттың профильі ешқашан өзгертілмейді" деп жазылуы керек еді" деді.

-Біз ғимаратты оның профильін өзгерту үшін емес, керісінше соны сақтап қалу үшін алдық емес пе?- дейді С.Балмағанбетов. Оның бұл сөзі көпшілікке түсінікті болғанмен, кейбіреулер үшін күлкілі естіледі. Олар "патриот" деп сыртынан мысқылдайтын да болар. Мейлі. Ең бастысы, қазіргі таңда спорт кешені қалыпты жұмыс істеп тұр.Тіпті, мұндағы секциялар саны өсе түсті.

Бұрын 9 секция жұмыс істесе, қазіргі кезде 13 секция жұмыс істейді.

-Біз жаңадан  садақ ату, қол күресі, үстел теннисі, ережесіз жекпе -жек секцияларын аштық. Неге? Өйткені, біріншіден,спорттың барлық түрінің дамығанын қалаймыз. Екіншіден, жеке жүріп жол табу қиын. Мысалы, Мейірімхан Ерәлиев деген азамат Жезқазғанда садақ ату үйірмесін өзінің бастамасымен ашты, ұйымдастырды. Жаттығу өткізетін орындардарды бірде жалдап, бірде сұрап алып жүрді. Бұлай "көшіп-қонып жүріп" оңды нәтижеге жете алмайсың. Біз Мәкеңнің ынтасын, ниетін таныған соң өз қарамағымызға алдық, қазір садақшылар белгіленген кестеге сәйкес кешенде жаттығу жасайды.

Ақпанның 5-11аралығында Теміртау қаласында садақ атудан жастар мен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Біздің садақшылар да осы чемпионатқа қатысты. Чемпионат бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы садақ, арбалет және дартс федерациясының президенті Мұрзабеков Алмаз Болатұлы  өткізген жиналыста   "Спортты дамыту орталығы" ҚБ қарасты "Жезқазған қаласының спорттық сауықтыру кешені" құрамында жұмыс істеп жатқан садақ ату спортының бөлімі "Қазақстан Республикасының садақ ату, арбалет және дартц федерациясы"құрамына заңды түрде қабылданды. Міне, жұмыстың жемісі деген осындай болады. Бұл бір ғана мысал. Қол күресі де, үстел теннисі де, ережесіз жекпе-жек те сол сияқты.

Спорт кешеніне 9-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатысады. Олардың жалпы саны  -1110. Осылардың бірде -біреуі "ақылы" жаттығу деген сөзді естіген емес, бәрі де тегін. Бұл  "Спортты дамыту орталығы" ҚБ қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстары негізінде мүмкін болуда. Сондай-ақ, қоғамдық бірлестік жақында қалалық ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығының еріктілер клубын құру туралы тапсырына да қол жеткізді. Мұның бәрі әрине нарыққа икемделе білудің де нәтижесі. Қазіргі заманда  "Қаражат қайдан?" деп қол қусырып отыра беруге болмайды. Мұны кейінгі бірер жылда Саят жақсы түсініп келеді.

Оның ойынан ең басты мақсаты ешқашан шықпайды.  Ал, Саяттың жеке арманы  - аймақтан олимпиада чемпионын тәрбиелеп, шығару.

 "Шын армандасаң және соған жетуге ұмтылсаң жетпей тынбайсың.Өйткені, арман алдамайды" деседі. Саят арманына жеткенде біз бөркімізді аспанға атып жатсақ, кәнеки! Сол күнге тезірек жетсек екен!

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары