Аңсарбек – Азия чемпионы

Ливан мемлекетінің Бейрут қаласында өткен дзюдодан жастар арасындағы Азия чемпионатында Батыс Қазақстан облысының спортшысы Аңсарбек Ғайнуллин чемпион атанды.

Жыл санап еліміздегі дзюдо спортының үлкен қарқынмен дамып келе жатқандығы байқалады. Халықаралық, әлемдік ареналарда төбе көрсеткен отандастарымыз тұғыр биігіндегі олжалы сәттерін бірінен кейін бірі қайталау үстінде.

Самбодан жасөспірімдер арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы, дзюдодан үш дүркін ҚР чемпионы, самбо мен дзюдодан спорт шебері атанған Аңсарбек Ғайнуллин Бейрут қаласында дзюдоның айла-тәсілдерін шебер қолданып, алтыннан алқа тағынды. 73 келі салмақ дәрежесінде бес бірдей татами шеберлерінің жауырынын жерге тигізген дзюдошы спорттағы жеңісін еселеп, туған өлкесі Ақ Жайықпен қоса ел намысын абыроймен қорғады. АҚШ-та өтетін Әлем чемпионатына қатысуға ниетті спортшы қазірден бастап дайындыққа ден қойған. Мақсаты – олимпиада шыңын бағындыру.

Аңсарбектей бірнеше мәрте жеңімпазды баулыған бапкерлер – Талғат Балмағамбетов пен Азамат Қапсатовтың өңір спортын дамытудағы үлестері зор.

Байрақты бәсекеге 20 елдің дзюдошылары қатынасты.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары