Әлемді бағындырған ару

Жақында Румынияның астанасы Бухарест  қаласында самбо күресінен өткен  жастар арасындағы әлем біріншілігінде жерлесіміз Гүлнұр Ерболова қола жүлдеге қол жеткізді.

Талай елдің айтулы балуандары бас қосқан жарыста ақжарлық  жаттықтырушы Орынбек Пұшпақбаевтың шәкірті қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, жартылай сынға жолдама алған болатын. Алайда, тартысты өткен белдесуде ол қола медальға қол жеткізді. Қаршадай қызымыздың бұл жетістігіне ел болып қуандық. Өйткені, бұған дейін де талай байрақты бәсекеден сүрінбеген жерлесіміздің қоржыны медальдан кенде емес еді.
Айталық, Гүлнұр бұған дейін де дзюдо күресінен ҚР-ның жеті дүркін жеңімпазы, самбо күресінен Азияның екі дүркін жеңімпазы (Түркменстан-2017, Моңғолия -2018) және Сочида өткен  әлем біріншілігінің қола жүлдегері.  2009 жылы Шымкентте спорттың 38 түрінен өткен республикалық ІІ жастар ойынында (4 жылда бір рет өтеді) 52 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, Қазақстанның чемпионы атанды. Осы жарыста оған  "ҚР-ның спорт шебері"  атағы берілді.
Ал оза шауып, ел намысын қорғап жүрген Гүлнұр  2013 жылдың  шілдесінде  Татар  елінің астанасы Қазан қаласындағы 170 мемлекеттен 12 мың спортшы қатысқан бүкілдүниежүзілік жаздық универсиада ойындарына белбеу күресінен 52 келіде қола жүлдегер атанған. Белбеу, самбо күрестерінен "ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері"  Гүлнұр- 2005  жылдан бері ҚР ұлттық құрамасының мүшесі.
Сондай-ақ, осы 2009 жылдың күзінде Венгрия елінің Будапешт қаласында 97 мемлекеттің спортшылары қатысқан әлем біріншілігіне облыстан берілген жалғыз жолдаманың иегері атанған да осы қаршадай қызымыз болатын. Ел сенімін ақтап, бұл жолы да жеңіспен оралған еді.
Жалпы, Гүлнұрдың жаттықтырушысы Орынбек Пұшпақбаевтың айтуынша, ол спортқа келген жылдарынан бері облыстық біріншілікте 30 рет жеңімпаз болса, ел біріншіліктерінде 5 алтын, 1 күміс, 10 қола жүлдегер атанып, республикалық турнирлерде 15 рет топ жарған екен.  
Әрине, Гүлнұрдың осындай жетістіктерге жетуіне кішкентайынан күреске баулыған  жаттықтырушысы Орынбек Пұшпақбаевтың да  сіңірген еңбегі зор екендігін айтпай кеткен жөн болмас. Ендеше, ауылдан шығып, әлемді бағындырған аруымызға әлі талай байрақты бәсекелерде  топ жара бер демекпіз.
Д.ҚАБДІЛӘШІМҚЫЗЫ.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары