АЛАШ АРУЫ Жазира Жаппарқұл туған жері – Арыс қаласына келді

16 қараша күні қала әкімі Мұрат Қадырбек Алаштың мақтанышына айналған жерлесіміз, ҚР еңбегі сіңген спорт шебері, 2016 жылғы Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұлды  арнайы қабылдады. Спортшыға 2017 жылы Арыс қалалық мәслихатының 22 желтоқсандағы  шешімімен «Арыс қаласының Құрметті азаматы» атағы берілген болатын.

Осы құрметті атақты шаһар басшысы Жазираға табыс етті. Қаламыздың ғана емес, республикамыздың атын айдай әлемге паш еткен зілтеміршіге құрметті азамат медалін табыстаған қала әкімі олимпиада жүлдегеріне алдағы уақытта да әлемдік ареналарда еліміздің намысын биікке көтеріп, көк байрағымызды  желбірете беруіне тілектестігін білдірді. Сонымен қатар, қала әкімінің қабылдауына спортшының әкесі Ә.Жаппарқұлов пен Жазираның алғашқы бапкері Д.Құрманов та қатысты. Қаламыздағы бұқаралық спортты дамытудағы жасалынып жатқан жұмыстарды ата келе чемпионымыз ауыр атлетика залын заманауи жабдықтармен қамтудың қажеттілігін тілге тиек етті. Өз кезегінде қала әкімі М.Қадырбек ауыр атлетші қызымыздың ізін жалғайтын бірқатар спортшылардың өсіп келе жатқандығын айтып, Олимпиада жүлдегерінің өтінішінің орындалатынын жеткізді.
Қабылдаудан соң, Олимпиада жүлдегері Ж.Жаппарқұл қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен қала жастарымен жүздесті. Кездесу барысында сөз алған Ж.Жаппарқұл әрбір жасөспірімнің спортқа жақын болу керектігін, спорт көптеген мүмкіндіктер беретінін айтып өтсе, Жазираның алғашқы бапкері Д.Құрманов 74 жасқа келсе де, спортпен айналысуының арқасында ширақ жүргенін спорттық жетістікке жетудің бірден-бір жолы ғана емес, биік арман-мақсаттарға да жетудегі шыдамдылық пен төзімділікке шыңдайтын өмірлік принцип бола алатынын жастарға әңгімелеп берді. Жиында зілтеміршінің әкесі Ж.Әбдірахманов та сөз сөйлеп, жастарға ақыл-кеңесін аямады.
Кездесуді жүргізіп отырған қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ш.Нұртазаева Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында спортпен шұғылданамын деген балалар мен жастарға барлық мүмкіндіктерді жасап жатқандығын айтып өтті.
Жүздесу барысында биылғы жылы әлем чемпионатына неліктен қатыса алмағанын сұраған оқушыға Жазира: «Румынияда кезекті оқу-жаттығу жиынын өткізу барысында белімді зақымдап алдым, сол жарақатыма байланысты  чемпионатқа қатыса алмадым. Бірақ, келер жылы көктемде Азия ойындарына жақсылап өнер көрсетуге дайындық жаттығуларын бастадым. Спорт болған соң, жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Сондықтан, маған тілектестік білдіріп, мені іздеп, денсаулығыма алаңдап жүрген барлық жерлестеріме алғыс айтамын. Алда алар әлі талай асуларым бар деп сенемін» деді.
                                                                                                         

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары