Ақтық сынға жолдама

Өткен аптаның аяғында баскетболдан «Ақ бидай-2019» жазғы спорт мерекесіне іріктеу турнирі өтті. Онда біздің жерлестеріміз төрт құраманың ішінен озық шығып, ақтық сынға жолдама алды.

Жарыс Бескөл ауылы «Болашақ» спорт кешенінде өтті. Онда Қызылжар, Ғ.Мүсірепов, Жамбыл және Мамлют аудандарының баскетболшылары өзара мықтыны анықтады. Турнир екі күнге жалғасты. Әр құрама кезекпен бір-бірлерімен ойнап, ұпай алмасып шықты. Алайда бұл сайыста қызылжарлықтарға тең келетін ешкім болмады. Олар барлық қарсыласын ойсырата ұтып, топта көш бастады.

Іріктеу турнирінің нәтижесіне келетін болсақ, қарсылас шақ келтірмеген Қызылжар ауданының құрамасы мен Ғ.Мүсірепов ауданының құрамасы келесі кезеңге жолдама алды. Енді олар М.Жұмабаев ауданында өтетін «Ақ бидай-2019» жазғы спорт мерекесінің ақтық сынында өздерінің аудандарының намысын қорғайтын болады.

 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары