Далалық оқу-жаттығу жиыны басталды

28 мамырда Малоубинка ауылындағы «Толағай» жазғы-сауықтыру лагерінде оқушылар арасында далалық оқу-жаттығу жиынының ашылу салтанаты өтті. 

28 мамырда Малоубинка ауылындағы «Толағай» жазғы-сауықтыру лагерінде оқушылар арасында далалық оқу-жаттығу жиынының ашылу салтанаты өтті.

Атаулы шара аудандық білім бөлімі және аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөліммен өткізіліп отыр. Шараға Малоубинка ауылдық округінің әкімі Сергей Сомов, аудандық білім бөлімінің басшысы Мұхтар Қалынов, аудандық білім бөлімінің әдіскері Михаил Русанов, Малоубинка ОМ директоры Раиса Ширшикова қатысты.

Әскери-далалық жиын кезінде оқушылар «Алғашқы әскери дайындық» пәнінен алған білімдерін тәжірибе жүзінде көрсетіп, әскери техника және қару-жарақ түрлерімен танысатын болады. 

Оқу-жаттығу жиыны кезінде лагерде  уақытша басшы құрамы жасақталып, әскери жетекшілер құрамынан батальон, рота, взвод командирлері тағайындалды.

Шараның ашылу салтанатында аудандық білім бөлімінің басшысы Мұхтар Қажекенұлы және округ әкімі Сергей Иванович сөз сөйлеп, жиынның ашылуымен құттықтады.

- Бір жұмаға жалғасатын бұл жиынға барлығы 114 бала қатысады. Мектеп қабырғасында алғашқы әскери дайындық пәнінен алған теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде ұштастыру мақсатында ұйымдастырылған жиын келешекте олардың әскери борыштарын өтеуде аса қажет болады. Білімді жастар – еліміздің болашағы. Келешек ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу бағытында жүргізілетін жұмыстар оқушылардың білімдерін, біліктілік пен дағдыларын одан әрі жетілдіре түсетініне сенімдіміз, - деді М. Қалынов.

Шарада еліміздің мемлекеттік әнұраны шырқалды. Мемлекеттік туды көтеру рәсімі 1-ші және 2-ші рота курсанттары Александр Зверевқа және Мадияр Айтқұрмановқа ұсынылды.

Курсанттар атынан Мадияр Айтқұрманов сөз сөйлеп, ұстаздарға, Малоубинка ауылдық округінің әкімшілігіне алғысын білдірді. Ол жиынға қатысушыларды құттықтап, алғашқы әскери дайындық сабағы барысында алған білімдерін оқу-жаттығу жиындарында барынша қолданатындығын атады.

Алаңда сап түзеген курсанттар патриоттық әндерді орындап салтанатты шерумен жүріп өтті.

Айта кетейік, демалыс алаңында оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Жас сарбаздардың күнделікті өмірлері - ерте тұрып, сапқа тұрып, тактикалық жаттығуларды орындайды, қаруды шашып, қайта жинауды меңгереді. Бірнеше күн бойы оқушылар әскери тапсырмаларды орындап, шынайы әскери өмірдің не екенін сезінетін болады. 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары