БАЛҒЫН БОКСШЫЛАР САЙЫСЫ

Жасөспірім спортшылар еліміздің болашағы. Жас буын жетіліп, салауатты өмір салтын ұстанып, шынығып, шымыр болса ел ертеңінің де жарқын болары сөзсіз.

Қазақ  үшін  нөмірі бірінші спорт түрі болып саналатын бокс Шалқар ауылында  да жақсы қарқын алған. Мамырдың 12 күні Целиноград ауданының 90 жылдығына арналып жасөспірімдер арасында бокстан  аймақтық ашық турнир өткізілді.

Жарысқа  Ақмолдан жаттықтырушы Болат Жармұханов, Қосшыдан Ербол Бермұхамед, Аршалы ауданынан Әділ Отарбай мен Астанадағы «Али-джим»  клубының жаттықтырушысы Дайыр Жайлауов баптаған  шәкірттер қатысты.  Барлығы  70-тен астам жас  боксшылар бақ сынады. 

Сайыстың ашылу салтанатында  сөз алған Шалқар орта мектебінің директоры Ерболат Қамзебаев балғын боксшыларға сәттілік тіледі.

– Кішкентай кезінен еңбектеніп, дене шынықтырумен айналысқан баладан түбі бір  жетістік шығады. Осы сайысқа қатысушы жасөспірімдер арасында болашақ Олимпиада ойындарының чемпионы, бәріміз айтып мақтанып жүрер нағыз  майталмандар  шығатынына сенемін, - деді ол өз сөзінде.

Жарыстың бас төрешісі болып  Шалқар  мектебінің  түлегі, 1987 жылы Шымкент қаласында өткен республикалық жарыста  63 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанған О.М.Хасенов тағайындалды.

Сайыс қорытындысында Шалқар бокс клубынан қатысқан  17 баланың  10-ы бірінші орынға ие болды.  Әсіресе  42 келі салмақта айқын басымдықпен жеңіске жеткен 8-ші сынып оқушысы Абылайхан Қабылдиновтың өнерін  ерекше атап кеткен жөн (суретте).

Сондай-ақ, Бірімжанов Ақтан (70кг),  Манарбек Серік  (40кг) , Бірлесов Сағи (30 кг), Сармұзин Ақниет (32кг), Мизай Куаныш 2(8кг), Талғатов Әмір (36 кг), Жақсылықов Алихан  (44кг), Болат Дарын (30 кг), Жұматай Әділет (38 кг) бірінші орынға ие болды.  Ал, Тұрғынбек Марлен (63кг), Аусағит Нұрдаулет (30кг), Искаков Нұрдаулет (28 кг), Ашу Нұржан (34 кг), Сармұрзин  Әлтайыр  (23кг) , Мырзабеков Әділет (46кг), Өспенбет Арман (48кг)  екінші жүлдені иеленді.

Ашық сайыстың бас демеушісі Шалқар мектебінің ұжымы болғанын айта кету орынды болар.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары