ЖЕТІМ-ЖЕСІРЛЕРДІ ЖЕБЕГЕН «ХАРЕКЕТ»

Кейінгі уақытта «Харекет» қайырымдылық қорының көп балалы, жағдайы төмен аналарға үй алып берген сауапты істері туралы хабарлар жиі көрініп жүр. Ізгі ниетті жандардың садақасы арқылы «1000 теңгеге — баспана!» бастамасымен жұмыс жүргізіп жатқан қордың біздің өңірде де өкілдігі бар. Атқарылып жатқан істері мен алдағы мақсаттарына нақты қанығу үшін «Харекет» республикалық қайырымдылық қорының Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданы бойынша өкілі Медет Ержанұлы ЕСТАУОВҚА жолығып әңгімелескен едік.

 — Медет бауырым, «Харекет» қоры қалай, қашан құрылды? Жоба жөніндегі идея кімнен шықты, яғни бұл істің жоғары жағында кімдер тұр?

     — Қор 2017 жылдың 5 тамызында құрылған. «Харекет» идеясының авторы әрі құрылтайшысы Гүлмира Мұқанқызы қайырымдылық қорының өмірге келуі туралы былай дейді. «Бірде фейсбуктегі: «Менің 3 мың досым бар екен, 1000 теңгеден жинап «чёрный касса» ойнасақ неше теңге болады?» деген постыны көзім шалып қалып, мұндай қадамды қайырымдылыққа бейімдесек қалай болады деп ойға қалдым. «Мұсылман бауырлар, менің ойым әр айда 1000 теңгеден жинасақ, оған 5 мың адам атсалысса 5 млн. теңге құралады екен. Осы қаржыға бір аса мұқтаж міскін жанға үй алып берсек. Мүмкін қайырымды жандар одан да көбейіп жатса, ай сайын екі жанға қол ұшын созармыз. Жылына 15-20 адамды қуанышқа кенелтіп, бақытты қылып жатсақ бізден бақытты жан болмас. Берген 1000 теңгеңіз қаншама сауапқа кенелтер еді. Алла баршамызға сауапты амалдар жасауды нәсіп етсін». Міне, құрылтайшымыз осы ойын әлеуметтік желі қолданушылар арасында таратып, көпшіліктің қолдауына ие болды. «Харекеттің» қадамы осылай басталды.

     Қайырымдылық қорының негізгі мақсаты — жетім-жесір, көп балалы жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі және тағы да сол сияқты мұқтаж жандарға халықтың демеуімен үй алып беру немесе үй салуына көмектесу, садақа арқылы қайырымдылық шарасының аясын кеңейте беру болып табылады.  Мәселен, қор құрылғаннан бергі 89-шы пәтерді жуырда Қызылорда облысындағы мұқтаж отбасына алып берді. «Харекет» қорының шапағатын ең алғашқы болып біздің өңірдің адамдары көргенін ризашылықпен айтып өтуге болады. Оған Сәтбаев қаласында тұратын Майра Маханова ие болып, қуанышқа бөленген болатын. Жалпы қор құрылғаннан бергі бір жыл 7 айдың ішінде «Харекет» арқылы Сәтбаевта үш, Жезқазғанда бір отбасы баспаналы болды.

     — Ал, енді осы пәтер берілетін мұқтаж жандарды қалай анықтайсыздар? Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің құжаттары бойынша ма, әлде басқаша бір жолдары бар ма?

     — Біз мұқтаж жандарды үш топқа жіктейміз. Қызыл жолақты саналатын бірінші топқа бес және одан да көп баласы бар жағдайы төмен, күйеуі жоқ, ешқандай көмек алмайтын, пәтер жалдап тұратын аналарды жатқызамыз. Қазақстан бойынша осындай 2 мыңға жуық отбасы бар екен. Екінші топқа ең кем дегенде 4 баласы бар, жағдайы төмен, асыраушысы жоқ отбасы енеді. Көп балалы, отағасысы бар отбасыларын үшінші топ бойынша қарастырамыз. Мұндай жандар туралы деректі біреудің көршісі, біреудің танысы арқылы дегендей, біз еріктілермен бірге жұмыла отырып анықтаймыз. Мешіттермен де тығыз байланыста боламыз. Алматыдағы орталыққа әр облыс ай сайын анықталған 10 отбасының жағдайы туралы деректі нақтылап жіберіп отырады. Орталықта 7 адамнан тұратын алқа бар, әрі қарайғы мәселе сол алқа арқылы шешіледі. Қор құрылып, жұмысын бастаған алғашқы кездері үш-төрт айда 2-3 пәтерден берсе, қазір ай сайын 8-10 отбасы баспаналы болуда. Қайырымдылық шарасына халықтың ынтасы артып келеді. Негізі әр өңірдің қайырымдылыққа қосқан үлесі арта түссе, сол жердің адамдарын баспанамен қамтамасыз ету мүмкіндігі де арта түседі. Үстіміздегі жылдың ақпан айынан бері жұмысын бастаған біздің Жезқазған-Ұлытау өңірінің қайырымдылық қорына жұртшылықтың қосқан садақасы аса қомақты деп айта алмаймыз, 360 мың теңгедей ғана болып отыр.

     — Медет Ержанұлы, ақша жүрген жерге адамдардың күдікпен қарайтыны белгілі. Сондықтан қордың жұмысының жүйелері жайлы көпшілікке кеңінен түсінік беріп өтсеңіз дұрыс болар еді.

     — Үстіміздегі жылдың ақпан айының 28-де біздің қолға алуымызбен «Армандар орындалады» деген концерт ұйымдастырып, өңір тұрғындарын қордың мақсатымен таныстырдық. Сол шараның аясында еліміз бойынша 74-ші пәтер жезқазғандық Айгүл Қалыбаеваға бұйырды. Үш баласын жалғыз өсіріп отырған ол ІІІ-топтағы мүгедек, Мадияр деген баласы І-топтағы мүгедек. Қаланың 9-шы орамынан екі бөлмелі пәтер алып бердік. Қуанғаннан көз жасына ерік берген жанды көрудің өзі одан әрі жақсылық жасауға жігерлендіреді. Қайырымдылық қорының «1000 теңгеге — баспана!» ұранына қолдау білдіріп, сауапты амал жасауға ұмтылған жандар ақшасын көрсетілген есепшотқа терминал арқылы салады. Ол қаржының Алматыдағы орталық арқылы тиісті есеп-қисабы жүргізілетіні белгілі.

     Бірден айтайын, «Харекеттің» аймақтағы өкілі ретінде мен өзім және орынбасарым бір тиын алмаймыз. Алланың ризалығы үшін барлық жұмысымызды қоғамдық негізде тегін атқарамыз. Шүкіршілік, жан бағып отырған негізгі кәсібіміз бар. Терминал арқылы ақша аударуды насихаттаумен қатар, еріктілердің қатысуымен үй тағамдары, киім-кешек тауарларының жәрмеңкесін ұйымдастырып, содан түскен қаржыны қорға аударамыз. Сондай-ақ, концерт, әртүрлі спорт жарыстары түрлерін қамтитын қайырымдылық кештерін өткіземіз. Кәсіпорын, мекеме ұжымдарымен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарымен шұғылданамыз. Дүкендерге «Харекет» қорының садақа жәшіктері де қойылған. Оған түскен ақша да қатаң бақылауға алынады. Мәселен, жәшік дүкен иесінің қатысуымен ашылып, түскен қаржы арнайы журналда рәсімделеді, тиісті мөрі басылады. Бұл істің басы-қасында қор өкілімен бірге екі ерікті қатысып, қадағалайды. Қайырымдылыққа үндейтін іс-шаралардың аясын одан әрі кеңейте беру мақсатында алда біраз жоспар-жобаларды қарастырудамыз. Кейбірін атап өтсек, мамыр айында «Дәстүрді ұстанған иманды келін» атты аймақтық келіндер сайысын өткізбекпіз. Футбол турнирі ұйымдастырылады. Оған әр өңірдегі жарыстарда жеңімпаз атанған үздік командалар қатысады. Қорға қаржы тарту мақсатында осы шаралардың аясында жәрмеңке өткізіледі. Рамазан айында да қайырымдылық іс-шаралары кеңінен қолға алынады. Кейіннен дүбірлі айтыс өткізу ойымызда бар.

     Міне, осының барлығын адамдардың пейілін жақсылық жасауға, қайырымдылыққа аудару ниетімен ұйымдастырамыз. Жетім-жесірлерімізді жебеп, жағдайы төмен жандарға демеу болу үшін садақа беріп, қайырымдылық жасау үлкен сауапты іс. Олай болса, сауапты амалдардан шет қалмайық, ағайын!

Сұхбаттасқан

Амандық РАХҰЛЫ

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары