ЖАҢА МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Жезқазғанның 65 жылдық мерейтойы қарсаңында қаламызда 900 оқушыға арналған жалпы орта білім беретін мектептің құрылысы басталды. Мердігер ұйым мемлекеттік сараптама қорытындысына сәйкес құрылыс жұмыстарын 20 айдың ішінде аяқтап шығуға міндеттеніп отыр. Білім беру саласының ұйғарымы бойынша жаңа білім ұясында мүмкіндігі шектеулі балалар мен Жезқазған-Ұлытау аймағының дарынды оқушылары оқитын болады.

«2016-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының білім мен ғылымды дамыту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қолға алынып отырған бұл құрылыс Қарағанды облысының 2019 жылғы әлеуметтік саладағы ауқымды жобасы қатарында саналады. Жобаның жалпы құны 1 780 710,9 мың теңге. Бас мердігер — «Аспап» өндірістік кооперативі, ғимараттың жобасын «Шебер» ЖШС жасаған. Биылғы жылы атқарылатын құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 1 млрд. 246 млн. 156 мың теңге қаржы бөлінді. Келісім шартқа сәйкес мектептің құрылысы 2020 жылдың қыркүйек айында толықтай аяқталуға тиіс. Жалпы бастауыш, негізгі және орта білім беруді қамтамасыз ететін жаңа мектеп үш сатылы білім беру бағдарламасына арналған. Сондай-ақ, мұндағы мүмкіндігі шектеулі балаларға коррекциялық-педагогикалық қолдау көрсетудің арнайы мүмкіндіктері толықтай қарастырылады. Инклюзивті білім беретін «Өркен» орта мектебінің дарынды балалары да осы жаңа мектепте оқитын болады деп ұйғарылып отыр.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары