КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНА — ЖАҢА КЕЗЕҢДЕ

Жезқазғандағы тоғыз қабатты еңселі емдеу мекемесі тұрғындар үшін облыс кезінен қалған елеулі сыйдың бірі десек болады. Сол кезеңдегі өскелең талапқа сай бой көтерген облыстық көп салалы аурухана 1989 жылдың басында ашылған болатын. Содан бері биыл 65 жылдығын атап өткелі отырған қаламыздың басты медициналық орталығына айналды. Облыс таратылған соң аймақтық көп салалы аурухана ретінде өмір сүрді. Денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында елімізде әр деңгейдегі реформалар жасалып жатқаны белгілі. Соған орай, бүгінде «Жезқазған қаласының көпбейінді ауруханасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны деп аталыпты. Атауы өзгерген екен, «заты қандай болыпты» деген оймен жақында емдеу мекемесіне арнайы барып, қазіргі жағдайымен жан-жақты танысқан едік.

Науқастардың медициналық көмекті бір жерде алуы үшін кейінгі уақытта елімізде көпбейінді стационарлық емдеу орындары құрыла бастағанынан хабарымыз бар болатын. «Бейінді» деген сөздің құлаққа аса сіңісе қоймайтыны рас, бірақ жоғарыдан түскен пәрмен бойынша барлық жерде осылайша аталып жатқан көрінеді. Кім біледі, жата-жастана келе бұған да үйреніп кетерміз. Негізінде, Денсаулық сақтау министрлігі 2018-2025 жылдар аралығында қазірге дейін жұмыс істеп тұрған ауруханаларды бір-бірімен біріктіріп, ірілендіру арқылы медициналық көмек көрсететін үлкен ұйымға айналдыруды көздеп отыр. Жезқазғанда да бұрын жеке-жеке ғимараттарда отырған жұқпалы аурулар мен балалар ауруханалары, қан құю орталығы, тері-венерологиялық диспансері осында келіп, жұмысын жаңартып жатқан аурухананың бөлімшелеріне айналды. Енді перзентхананы осында көшіру жұмыстары қолға алыныпты. Қазір сметалық-жобалау жұмыстары тиянақталу үстінде. Осыған сәйкес қаржы бөлініп, биыл бөлімшенің жөндеу жұмыстары жүргізілмекші. Жөндеу аяқталған соң алдағы жылдан бастап перзентхана да осында қоныс тебеді.

— Бұл өзгеріс жүкті аналарға, сәбилерге жан-жақты әрі оңтайлы медициналық көмек беру мақсатында жасалып отыр. Босандыру орнының мамандар шоғырланған жерде болуы – ана мен бала өлімінің алдын алуға қолайлы. Бүгінгі таңда жүкті әйелдердің арасында қаны аз, жүрек, бүйрек аурулары сияқты денсаулықтарында кінаратты жағдайлар көп кездесуде. Ауруханада қазіргі заманға сай жетілдірілген медициналық жабдықтар жеткілікті. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында компьютерлік және магнитті-резонансты томография қойылған. Сондай-ақ, жүректі, іш құрылыстарын, басты және қан тамырларын ультра дыбысты тексеру құрылғылары бар. Зертханалар да тиісті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Клиникалық-диагностикалық орталық медициналық көмек көрсетудің барлық талаптарына сай. Эндоскопиялық орталықта қазіргі заманның ең жетілдірілген жабдықтарымен тексеріп, нақты диагнозын анықтау мүмкіндігі  бар. Ауруханада барлық сырқаттарды емдеп, тиісті медициналық көмек көрсетуге қолайлы 23 бөлімше жұмыс істеуде. Олардың кейбірін атап айтсақ, травмотология бөлімшесінде жедел араласу шараларын жүргізіп, көп жарақатты қалпына келтіру мүмкіндігі бар. Ал, нейрохирургия бөлімшесінде бас, омыртқа, жұлын жарақаттарын, инсульт ауруларын емдеу жүргізіледі. Кейінгі жылдары ашылған инсульт бөлімшесінде интенсивті терапиялық емдеу қарастырылған. Ауыр халдегі сырқаттар жан сақтау бөлімшесінде емделеді. Мұнда балаларға арналған блок бөлек орналасқан. Біздің өңірімізге келген сапарында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың тарапынан айтылған сын ескертуіне байланысты өз қаражатымыздың есебінен ауруларды қабылдау бөліміне жөндеу жүргізумен қатар 3H-жүйесін жасап жатырмыз. Қыркүйек айында құрылысы аяқталуға тиіс. Өскелең медициналық стандартқа сай үш жүйелі мұндай орын Астана мен Алматыда ғана бар. Бұл жерде шұғыл жағдайда жеткізілген ауруларға жан-жақты жағдай жасалады. Алғашқы диагностикамен қатар, емдеу жүргізілетін интенсивті блок, бақылау палатасы сияқты қолайлы қызмет көрсету орындары болады. Сырқаттың туысқандарының күту залына дейін ескерілген. Біздің міндетіміз жақын арада барлық жаңарту жұмыстарын осы 3Н-жүйесі талаптарына сай ету болып табылады, — дейді Жезқазған көпбейінді ауруханасының директоры Есентай Мұсағұлов.

Жалпы ауруханада бүгінгі таңда 701 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 93 дәрігер, 324 орта буынды медицина қызметкерлері бар. Дәрігерлердің 54% жоғары санатты және 1-ші дәрежелі мамандар. Бұл осыдан 16 жыл бұрынғы қолымда бар деректермен салыстырғанда елеулі мөлшерде жоғары екенін байқадым. Өйткені, заман талабымен қатар бүгінгі өскелең өзгерістерге байланысты бөлімшелер саны да көбейіп отыр емес пе? Ауруханада соңғы жылдары ерекше сырқаттарға арналған 12 төсектік медбибі күтіміндегі бөлімше ашылыпты. Бұл бөлімнің ерекшелігі медбибілер күтім жасайтын сырқаттар әбден жақсарғанша екі-үш айлап жатады. Кейінгі бір елеулі жаңалық, обыр ауруларына көмек пен ем шарасын күшейту мақсатында бұрынғы онкологиялық бөлімшені облыстық онкодиспансер өз қарамағына алып, осы аурухананың базасындағы филиалы ретінде құруда. Осыған орай қосымша амбулаториялық, химия-терапиялық кабинеттері ашылады. Сондай-ақ, ауруханада көз клиникасының жұмыс істеуі де сырқаттарды жаппай облысқа сабылудан арылтып, қолайлы ахуал туғызған.

Аурухана директорының орынбасары Ғабиден Аханов емдеу орнындағы  жаңа бөлімшелер мен орталықтарды аралатып көрсетті. Медициналық мекеменің жабдықталуындағы жетістіктеріне көңіл толарлық. Өткен жылы ашылған клиникалық-диагностикалық орталықта ересектер мен балаларға 25 маман қабылдау жүргізеді. Орталық заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Жоғары тәуекелдік кабинеті аса қауіпті жағдайдағы аяғы ауыр әйелдерді бақылауға алып, емдеуге арналған. Мемлекеттік және жекеменшіктік әріптестіктің арқасында жабдықталып, ашылған гемодиализ орталығы да жаңа жетістіктердің бірі. Мұнда бүйрек жеткіліксіздігіне ұшыраған сырқаттардың қан құрамын зиянды заттардан арылтып, тазарту жүзеге асырылады. Қазір тұрақты келіп ем алып тұратын осы диагнозбен ауыратын аймақ бойынша 60 адам бар екен. Әр төсекте жабдықталған компьютерлік аппараттар арқылы медицина мамандары сырқаттардың ахуалы мен ем шарасын жіті қадағалап отырады. Инсульт бөлімшесінің ашылуы да сырқаттардың алысқа бармай, жергілікті жерде дер кезінде медициналық көмек алуларына оң ықпалын тигізіп отыр. Бөлімше сал болып қалған сырқаттардың аяқ-қолдарын қимылға келтіретін арнайы медициналық құралдармен және төсек-жабдықтарымен жабдықталған. Ерте сауықтыру палаталары бар, дене қимылын қалыптастыратын арнайы шаралар жүргізіледі.

Көпбейінді аурухана тек Жезқазған ғана емес, аймақтағы Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Жәйрем кенті, Ұлытау ауданының тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Заман талабына сай жаңғырып, жақсарып келеді. Әрине, еш проблема жоқ десек артық болар. Әлі де жетілдіре түсуді қажет ететін тұстары баршылық. Басты проблема — дәрігерлер жетіспейді. Педиатр, уролог, реаниматолог дәрігер, акушер-гинеколог сияқты 8 маман дәрігер керек. Аурухана басшылығы қалалық әкімдікпен бірлесіп келген мамандарды баспанамен қамтамасыз етудің жолдарын белгілеп отырған көрінеді. Жалпы,  бүгінде мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Осыған орай, Жезқазған қаласының байырғы емдеу орны, қазіргі көпбейінді аурухана ұжымы да өз жұмыстарын одан әрі жетілдіре бермекші.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары