Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Жезқазғанда жүр

Қарағанды облысында Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік топтың жұмыс сапары басталды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Бүгін үкіметтік топ Жезқазған қаласында болды. Жұмыс сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасары Медициналық орталық қызметімен танысты. Орталық құрамына 300 орынға арналған стационар мен бір ауысымда 800 дейін келушіні қабылдай алатын емхана енеді.

Сондай-ақ Гүлшара Әбдіқалықова қалалық Жұмыспен қамту орталығында болды. 
- Жезқазғанда 1,5 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Олардың 300 әлеуметтік аз қамтылғандар. Қазір қалада жаңа ережелер бойынша атаулы әлеуметтік көмекті беруге дайындықтар жүріп жатыр, - деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары. Автоматтандырылған жүйе жұмыс істейді, алыс ауыл тұрғындарына көмек көрсетіп, оларға кеңес беретін 14 жылжымалы пункт бар. 
Жұмыспен қамту орталығының көмегімен өткен жылы Жезқазғанда 2728 адам жұмысқа орналаса алған. Қысқа мерзімді кәсіби оқуларға 243 адам жіберілген. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 100 адам кәсіпкерлік бойынша білім алуда. 121 адам жастар тәжірибесіне жөнелтілген.

Премьер-Министрдің орынбасары Жезқазғанда «Ертөстік» бөбекжайында болды. Және мектеп оқушылары бағдарламалау мен робототехника бойынша білім алатын «IT TECHNOLOGY FOR YOU» білім орталығының жұмысымен танысты. «Ютария ltd» өндірістік инновациялық компаниясы IT-сыныптардың ашылуына 38 миллионнан астам теңге жұмсаған.

Гүлшара Әбдіқалықова сапар барысында Жезқазғанда азаматтарды қабылдады. Одан соң Жезқазған, Сәтпаев, Қаражал қалаларының және Жаңаарқа мен Ұлытау аудандары әкімдерінің, Жезқазған өңірінің ірі кәсіпорын, бизнес құрылымдар мен кәсіподақ ұйымдары жетекшілерінің қатысуымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі жиынға қатысты.

Үкіметтік топтың Қарағанды облысына жұмыс сапары екі күнге - 17 және 18 сәуірге созылады. 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары