ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМҚОРЛЫҚ – МЕМЛЕКЕТ САЯСАТЫНЫҢ ӨЗЕГІ

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік топ сәрсенбі күні Жезқазғанға жұмыс сапарымен келді. Құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Денсаулық сақтау министрі Елжан БІртанов, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова бар топты Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов бастап жүрді.

Жұмыс сапары барысында Үкімет мүшелері бірнеше топқа бөлініп, қаладағы маңызды әлеуметтік нысандарды, білім ошақтарын аралап, жұртшылықпен кездесті.

Жұмыс сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов құрамына 300 орындық стационар мен бір ауысымда 800-ге дейін келушіні қабылдай алатын емхана кіретін «Медициналық орталық» ЖШС қызметімен танысты. Орталық жақында Оңтүстік Кореяның үздік емханасымен әріптестіктік туралы меморандумға қол қойған болатын. Бұл құжат Оңтүстік Корея мамандарының Жезқазған медициналық орталығына тәжірибелік және кеңестік көмек беретіндігін растайды. Сонымен қатар, орталықта ангиографиялық құрылғыны пайдалану арқылы жүрекке интервенциялық  ота жасау бөлімі ашылды. Құны 400 млн теңге болатын бұл ота бүгінгі күнге дейін 138 науқасқа жасалған, олардың 124-і – мемлекеттік тапсырыспен келгендер.

Сондай-ақ Гүлшара Әбдіқалықова қалалық Жұмыспен қамту орталығында болды. 

- Жезқазғанда 1,5 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Олардың 300-і  – әлеуметтік аз қамтылғандар. Қазір қалада жаңа ережелер бойынша атаулы әлеуметтік көмек беруге дайындық жүріп жатыр. Автоматтандырылған жүйе жұмыс істейді, алыс ауыл тұрғындарына көмек көрсетіп, оларға кеңес беретін 14 жылжымалы пункт бар , - деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары.

Жұмыспен қамту орталығының көмегімен өткен жылы Жезқазғанда 2728 адам жұмысқа орналасқан. Қысқа мерзімді кәсіби оқуға 243 адам жіберілген. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 100 адам кәсіпкерлік бойынша білім алуда. 121 адам жастар тәжірибесіне жөнелтілген.

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мен Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова ат басын бұрған мекемелер қатарында «Ертөстік» бөбекжайы және мектеп оқушылары бағдарламалау мен робототехника бойынша білім алатын білім орталығы да бар. «Ютария ltd» өндірістік инновациялық компаниясың «Жарқын ақыл» білім және даму орталығындағы бұл IT-сыныптардың ашылуына 38 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған.

Бұдан ары Білім және ғылым министрі қаламыздағы №№1, 10 орта мектептерде болып, гуманитарлық колледжде орта кәсіптік білім беру мекемелері оқытушыларымен, студент жастармен кездесті.  

Гүлшара Әбдіқалықова мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Жезқазған тұрғындарын қабылдады. «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы ғимаратында өткен кездесуге барлығы 8 адам жазылып, аймақ дамуына, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге қатысты сұрақтарға жауап алды.

Премьер-министр орынбасарының қабылдауына қатысқан Гүлмира Аманжолова есімді көп балалы ана екі баласы Жезқазған университетінде ақылы бөлімде оқитынын айтып, вице-премьерден оқу ақысына 50 пайыз жеңілдік қарастыру мүмкіндігін сұрады. Гүлшара Наушақызы бұл мәселені демеушілер көмегімен шешуді ұсынып, қала басшысы Қайрат Бегімовке тапсырма берді. Қабылдауға барған ақын, филология ғылымдарының кандидаты Ғазиз Ештанаев қала мектептерінде педагог мамандардың жетіспейтінін, мәселені Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетіне педагогикалық мамандықтарды оқытуға қосымша гранттар бөлу арқылы шешуге болатынын ұсыныс ретінде айтты. Премьер-Министр орынбасары Білім және ғылым министріне аталған мәселені қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ, жергілікті университет 2018-2019 оқу жылында министрліктен 12 педагогикалық мамандық бойынша 16 грант алғаны да айтылды. Университетке жергілікті бюджеттен сұранысқа ие мамандықтарды оқыту бойынша гранттар бөлу жолдарын қарастыруды да тапсырды.

Жездігүл Байбосынова есімді 1-топтағы мүгедек 2017 жылы шипажайда ем алуға өтініш бергенін, әлі жолдама қолына тимегенін жеткізді. Кездесу үстінде оның кезегі келіп, 27 мамыр мен 6 маусым аралығында Бурабайдағы «Алмаз» шипажайына жолдама дайын тұрғаны белгілі болды.

Назира Мамырбаева болса мүгедек баласын оңалту орталығында емдетудің мүмкіндігін сұрады. Оған елордадан келген шенеуніктер Ұлттық балаларды оңалту орталығына мамыр айында квота берілетінін жеткізді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың қабылдауына жазылған азаматтардың дені атаулы әлеуметтік көмек алу шарттарына қатысты сұрақтармен келіпті. Төрт баласы бар Алмагүл Мұстапаева төртінші баласын 2018 жылы босанғанын, сол үшін қазіргі қолданыстағы заңнамаға сай көп балалы ана мәртебесін ала алмай отырғанына шағымданды. Министр бұл мәселе қоғамда өзекті болып отырғанын, қазіргі таңда аталған олқылықты жоюға бағытталған шаралар қолға алынып жатқанын жеткізді.

Евгения Егорова атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған кезде өздерімен бірге тұратын қайны атасының зейнетақысы да кіріс ретінде есептеліп, әлеуметтік көмектен қағылып отырғанына шағымданды. Журналист, төрт баланың анасы Мақпал Орынбетова көп балалы аналарды қолдау шаралары жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарын айтса, Әйгерім Мамина есімді жас маман моноқалаларға жұмыс істеуге келетін жас кадрларға қаржылық қолдау тетіктерін қарастыруды сұрады.  

Еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Жезқазған қаласындағы «Жүрек» ЖШС, медициналық колледж базасында ашылған стоматологиялық кабинеттің, жақында жұмысын бастайтын консультациялық-диагностикалық орталықтың, Орталық аурухананың жұмысымен танысты.

Жезқазған қаласында бірнеше медициналық мекеменің жұмысымен танысқан Елжан Біртанов одан әрі Сәтбаев қалалық емханасына барды. Сондай-ақ министр Жезқазған аймағының медицина саласының еңбеккерлерімен кездесіп, Елбасының әлеуметтік қамқорлық бағдарламасы аясында медицина саласындағы оң өзгерістерді түсіндірді.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың Жезқазған қаласына жұмыс сапарының соңғы нүктесі сегіз бала тәрбиелеп отырған көп балалы ана Г. Нұрмағамбетованың отбасы болды. Ол байыту фабрикасында конвейер машинисі болып жұмыс істейді. «Қазақмыс» корпорациясы оған жиһазы бар төрт бөлмелі пәтер сыйлаған. Пәтер иесі халыққа қамқорлық танытуға бағытталған өзекті әлеуметтік саясат жүргізіліп жатқаны үшін мемлекетке шын жүректен алғысын білдірді.

Түс қайта «Қазақмыс» корпорациясының әкімшілік ғимаратында  ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларының және Жаңаарқа мен Ұлытау аудандары әкімдерінің, Жезқазған өңірінің ірі кәсіпорын, бизнес құрылымдар мен кәсіподақ ұйымдары жетекшілерінің қатысуымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жайында жиын өткізді. Жиынды облыс басшысы Ерлан Жақанұлы ашты.

- Естеріңізде болса, 2008 жылы Елбасының төрағалығымен Жезқазғанда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөнінде бірінші форум өткен болатын. Сол форумда Нұрсұлтан Әбішұлы бизнестің корпоративтік және әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты жаңа міндеттер қойған еді. Сол тапсырмаларды орындау мақсатында осы жылдар ішінде бірқатар жұмыс атқарылды. Осыдан 15-20 жыл бұрын мемлекет бизнестің аяғынан тұруына көмек жасаса, қазір бизнес мемлекетке әлеуметтік мәселелерді шешуде көмек көрсетіп келеді. Кәсіпкерлердің инвестициялары аймақтардың дамуына оң ықпалын тигізуде, - деген Ерлан Қошанов Үкімет мүшелерінің қатысуымен өтіп жатқан бұл жиынның мақсаты алдағы әлеуметтік-еңбек қатынастарының даму бағыттарын айқындап алу екендігін атап өтті.

Жиында сөз алған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Жезқазғандағы бұл кездесудің бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұрғысынан ерекше мәнге ие екеніне назар аудартты.

- Осыдан 11 жыл бұрын Елбасы бастамасымен Жезқазғанда бірінші рет бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне арналған жиын өткен. Содан бері бұл іске ірі кәсіпорындар белсенді атсалысып келеді. 2018 жылдың өзінде ел бойынша 89 млрд теңгеге барлығы 290 әлеуметтік нысан салынды, - деген Гүлшара Наушақызы әлеуметтік мәселелерді шешудегі жұмыс берушілердің жауапкершілігіне тоқталды.  Ол бүгінгі таңдағы басты міндет еңбеккерлердің жалақысын төлеуді кешіктіруге жол бермеу керектігін баса айтты.

- Республика бойынша бүгінгі таңда жалақы қарызы 1,2 млрд теңгені құрап отыр. Біз мұндай келеңсіздіктерге жол бермеуіміз керек. Өйткені, әлеуметтік шиеленістердің 30 пайызы осы жалақыны уақытылы төлемеуден шығып жатады. Екінші мәселе, ол – еңбекақы мөлшерін көтеру. Бұл Елбасының былтырғы халыққа Жолдауында да, әлеуметтік қамқорлық бағдарламаларында да айтылған болатын. Бұл жерде де ірі кәсіпорындар мен жұмыс берушілердің маңызы ерекше. Мемлекет әлеуметтік қолдау шараларына ерекше көңіл бөліп отырғанын білесіздер. Алдағы үш жылға 2,3 трлн теңге әлеуметтік жобаларға бөлініп отыр, - деді ол.

Вице-премьер сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігі мен еңбек құқығын сақтау мәселесіне де ерекше тоқталды.

Гүлшара Наушақызынан соң сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейтуге бағытталған шараларды тізді.

- Елбасының бастамасымен өткен форумнан соң бизенсті әлеуметтік жауапкершілікке ынталандыру үшін «Парыз» конкурсы ұйымдастырыла бастады. Осы 11 жыл ішінде 5 мыңның үстінде ірі жұмыс беруші кәсіпорын конкурсқа қатысты, оның ішінде 283 кәсіпорын «Парыз» сыйлығының лауреаты атанды. Осы жылдар ішінде 163 мың жаңа жұмыс орны ашылды, әлеуметтік жобаларға, демеушілік пен қайырымдылыққа 164 млрд теңге қаражат жұмсалды, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын күтіп ұстауға 39,5 млрд теңге бағытталды. Бұл кәсіпорындардың ішінде «Қазцинк», «Қазақмыс», «Еуразиялық топ», «КАТКО» сынды ірі компаниялар бар, - деді министр.

Б. Сапарбаев Жезқазғандағы бірқатар нысандардың жөндеу жұмыстарына, әлеуметтік маңызды нысандарды күтіп ұстауға «Қазақмыс» корпорациясының көп қолдауы болғанын, ол қолдау әлі күнге жалғасын тауып келе жатқанын тілге тиек етті.

Министр бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарға мемлекеттік деңгейде мән беріліп отырғанын айтты. Бұл ретте еңбек құқығы, еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік қолдау шаралары жөнінде ірі кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар арасында қабылданып жатқан меморандумдардың маңызы зор.

- Әлеуметтік жауапкершілік аясын кеңейту мақсатында ірі кәсіпорындар көп балалы, мұқтаж отбасыларды қамқорлыққа алуы керек. Өз жұмыскерлері арасындағы ондай отбасы мүшелерін баспанамен қамту тетіктерін қарастыру ұсынылады. Қазір біздің есебімізше еліміздегі ірі кәсіпорындарда еңбек ететін мұндай 14 мың адам бар. Ендігі міндет – солардың әлеуметтік мәселелерін шешу. Бізде бүгінгі таңда мұндай тәжірибе бар. Бүгінге дейін үкіметтік топ еліміздің 12 өңірінде болды. Барған жерлерімізде жергілікті кәсіпкерлер, фермерлер қарамағындағыларға жасап жатқан қамқорлықтарына куә болдық. Кеше ғана Алматы облысында болдық. Бауыржан Оспанов, Жақсылық Үшкемпіров сынды елге танымал азаматтар өз қарамағындағы аз қамтылған азаматтарға сондай қолдау көрсетіп келеді. Біз мұндай тәжірибені республика аумағында үлгі етеміз, - деді Бердібек Машбекұлы.

Сондай-ақ, министр Елбасы тапсырмасына сай еңбекақы мөлшерін өсіру, қысқартуларға және жалақы кешіктіруге жол бермеу мәселелерін қадап айтып, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету керектігін қатаң тапсырды. Бұл ретте заманға сай технологяиларды өндіріске енгізудің маңызына тоқталды.

Жиында сондай-ақ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарушы кеңесінің бас директоры Бақтияр Қырықпышев, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ы атқарушы директоры Вадим Басин, «ҚазЦинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев, жезқазғандық кәсіпкер, меценат Бекзат Алтынбеков сөз алды.

«Қазақмыс» басшысы Бақтияр Әбдірахманұлы компания Елбасының халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөлетінін тілге тиек етіп, алып компанияның әлеуметтік жауапкершілік саласындағы жұмысына кеңінен тоқталды.

- Біздің компания кен өндіру, байыту, қорытудың толық циклын жүзеге асыратын ірі кәсіпорындармен қатар, сервис, геология сынды басқа да бірқатар салаларды біріктіретін компания екенін білесіздер. Компания кәсіпорындарының орналасу аймағы да кең және ол тек Қарағанды облысымен шектелмейді. Бүгінде бізге қарасты кәсіпорындарда 38 мыңнан астам адам еңбек етуде, - деді корпорация басшысы.

2022 жылға қарай жылына 300 мың тонна мыс өндіру межесін бағындыруды жоспарлап отырған алып компания әлеуметтік жауапкершілік саласында да бірқатар жетістіктерге ие. Бұл ретте жұмыс барысында жарақат алу оқиғаларын қысқарту шаралары оң нәтиже беріп жатқан көрінеді. Компания 2018-2020 жылдарға арналған өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбек қорғау саласындағы орташа мерзімді жоспар қабылдаған. DuPont компаниясымен бірлесіп, «Қазақмыс» тобы компанияларында жарақат алу деңгейін төмендету жоспары жүзеге асуда.

Компания жұмысшылардың өтініш-тілектерін назарға алу, ұжымдардағы өзекті проблемаларды зерттеудің де тиімді тетіктерін қолданысқа енгізген. Бүгінде кеңес беру-консультациялық органдар корпорацияның әр кәсіпорнында әрекет етеді.

Компания баспанамен қамту бағытында да қыруар жұмыс атқарып жатыр. Б. Қырықпышевтың айтуынша, бүгінде «Қазақмыс» корпорациясының балансында 469 үй мен пәтер бар. Жұмысшыларды әлеуметтік қолдау мақсатында ол баспаналарды жалға алып отырғандарға нарықтық құнының 70 пайызына немесе 7 жылға дейін бөліп төлеу тәртібімен жекешелендіру мүмкіндігі ұсынылуда. Жыл басында корпорация көп балалы бір анаға пәтер сатып алып берді. Биыл Жезқазғанда жалпы ауданы 8 393 шаршы метр болатын 3 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарлануда. Бұл құрылысқа компания 1,2 млрд теңге бағыттамақшы.

Бұдан бөлек мыс алыбы жұмысшылардың жалақысын өсіру, еңбеккерлердің емделуіне, мәдени демалысын қамтамасыз етіп, спорттық мекемелерге баруына да қаржылай көмек көрсетіп келеді. Қайырымдылық және демеушілік сипаттағы іс-шаралар – өз алдына бір төбе.

Жергілікті кәсіпкерлер атынан сөз алған меценат Бекзат Алтынбеков қайырымдылық жасау, жетім-жесірді қолдау қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрі екенін тілге тиек етіп, бұл игі істен жезқазғандық іскер азаматтардың шет қалмайтынын жеткізді. Кәсіпкер өзі құрылтайшысы болып отырған Бизнес және көлік колледжінің ұжымы, қызмет көрсету орындарында жұмыс істейтін еңбеккерлердің баспана мәселесін шешуді, сонымен бірге, үздік еңбеккерлерге еңбекақысының 40 пайызы көлемінде тұрақты түрде сыйақы тағайындауды жолға қойған. Сондай-ақ, 1 сәуірден бастап әр жұмыскерге жинақтаушы зейнетақы қорынан ерікті жинақ есеп шоты ашылып, 5 мың теңге көлемінде құрылтайшы есебінен жарна аудару бастамасы жүзеге асуда. Театр, өнер ұжымдарына жасалып жатқан қаржылай қолдау да айтылмай қалмады. Бұдан бөлек, жақында жергілікті әкімдік пен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының өтінішімен көп балалы анаға екі бөлмелі пәтер сыйлағалы отырғанын жеткізді.

-Өз басым бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі дегенді кәсібіңнің дамуының кепілі және кадрлық тұрақтылықты қамтамасыз етуші фактор деп білемін. Сондықтан, «Кең болсаң, кем болмайсың» дегендей, қайырымдылық біздің жұмысымыздың негізгі бір бағыты десек те болады, - дей келе Бекзат Қомарұлы елордадан келген Үкімет мүшелерінен оңтүстік өңірлерден мектеп түлектерін еліміздің орталық, солтүстік аймақтарына оқуға, жұмысқа орналастыруға оң ықпалын тигізіп келген «Серпін» бағдарламасын жандандыруды сұрады.

Жиын соңында облыс басшысы залда отырғандардан сұрақ, ұсыныстар бар-жоғын сұрады. Өзін Азамат деп таныстырған жиынға қатысушылардың бірі қаламыздағы өрт сөндіру мекемесіне жаңа өрт сөндіру машиналарын алу, қол жетімді бағаға жаңа үйлер салу, автокөлік жолдарының сапасын бақылау жөнінде өтініш айтты. Облыс әкімі Ерлан Жақанұлы Жезқазғанда жаңа тұрғын үй салу біраз уақыт бойы тоқтап келіп, енді жандана бастағанын, былтыр екі көп қабатты үй салынса, биыл 6 үй салынғалы жатқанын, бұған қоса «Қазақмыс» корпорациясы тағы 3 үй салғалы отырғанын айтты.

- Соңғы жылдары Жезқазғанда бір мектеп салынбаған. Міне, биыл 900 бала оқитын дарынды балалар мектебінің құрылысын бастадық. Бұл мәселені біз бірнеше жыл бойы Елбасы, Үкімет деңгейінде көтеріп жүріп шештік. Сонымен бірге, бір айдың ішінде үлкен денешынықтыру кешенінің құрылысы басталады. Сәтбаев қаласымен екі ортадағы жолды жөндеуді де биыл бастаймыз. Оның қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз, ортасы бөлінетін болады. Алдыңғы жылы Жезқазғанның 6 көшесінің жолы жөнделді. Былтыр да негізгі көшелердің жолы жөнделді. Биыл тағы 1 млрд теңге бөлініп отыр. Кей жерлерде олқылықтар болса, мердігерлер кепілдік мерзім ішінде ол олқылықтарды жояды, - деген Ерлан Жақанұлы Жезқазғандағы өрт сөндіру бөліміне биыл екі көлік алынғанын, алдағы уақытта да техникалық база жаңартылатынын жеткізді.

Жезқазғанда бірнеше әлеуметтік нысанда болып, ірі кәсіпорын басшыларымен жиын өткізген Үкіметтік топ мүшелерінің жұмысы одан әрі Қарағанды қаласында жалғасты.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары