ҰЛЫТАУ ТУРАЛЫ ТҰҢҒЫШ ЭНЦИКЛОПЕДИЯ ЖАРЫҚ КӨРДІ

 «Ұлытау. Ұлытау ауданы» энциклопедиясы (бас редакторы С.Қожамсейітов) тәуелсіз қазақ мемлекеті орныққан, халқымыз Ұлы даладағы елімізді мәңгілік ел жасау қамына кіріскен, ұлттық сана жаңғырып, ұлттық намыс пен рух дәуірлеген кезеңде шығарылып отыр. Бұл қасиетті Ұлытау жайлы тұңғыш энциклопедия. Ол Ұлытаудың Қазақ мемлекеті мен ұлтын қалыптастыру­дағы орны мен ролі жөнінде баяндайды. Ұлы даламыздың кіндік өңіріндегі сонау алғашқы қауымдастықтан бүгінгі күнге дейінгі қоғамның құрылуы, қа­лыптасуы және дамуы жайлы деректер берілген. Қазақ хандығының баста­уы Жошы Ордасы, халықтың, ұлттың ұйысуы, бірлігі, дербес мемлекет құру дәрежесіне көтерілуі, елдің бостандығы, тәуелсіздігі, тұтастығы жолындағы жанқиярлық күресі жайлы ақпараттар бар. Сонымен қатар, өңірдегі бағзы заманнан бүгінге дейінгі тау-кен, метал­лургия өндірісінің жай-күйі, Ұлытау ауданы мен аймағының тарихы, Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан бергі жеткен биіктері туралы мақалалар берілген. Энциклопедияның жарық көруі - өңір өміріндегі елеулі мәдени оқиға.

Ұлытау, Ұлытау аймағы-қазақ халқының ерекше қасиет тұтқан, аңыз-жырға арқау еткен, елдіктің нышанындай көрген жерлердің бірі. Ол – ұлан-байтақ қазақтың ұлы даласының түп кіндігі, географиялық орталығы. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылғы 22 тамыздағы Ұлытау төріндегі сұхбатында «Ұлытау өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың кең даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады. Дегенмен, Ұлытаудың орны бір басқа» деп атап көрсетті. Өйткені, дәл осы жерде елдің елдігі, ердің ерлігі сынға түскен қысылшаң шақта қазақтың билері, батырлары, игі жақсылары бас қосып, бәтуа жасасқан. Сұлтандар Керей мен Жәнібек Әбілқайыр ханмен ат кекілін кесісіп айырылғанда Ұлытауда отырған ірі ру-тайпалар Шу мен Таласқа қарай қара ормандай көштің бетін бұрды. Қозыбас тауының етегінде қазақ хандығы шаңырақ көтерді. Алты алаш анттасып, айырылымасқа сөз байланысты. Үш жүздің аумағы тоғысатын Ұлытауда Таңбалы Нұра деген жерде жақпар тасқа таңбаларын қашап жазды. Ұлытау талай ғасырлар тоғысының, этностар ауысуының куәсі болды. Осы өңір адам тірлігінде металды алғаш пайдалану мәдениеті қалыптасқан мыс-қола өркениетінің әлемдік ірі орталықтарының бірі екенін білеміз.

Ұлытау – қазақ ұлтының біртектілігін қалыптастыруға тұғыр болған жер. Қасиетті тауға көктем келісімен хандар мен сұлтандар, билер мен батырлар, қарапайым қазақтар көшіп келіп, ауасы дәрі, шөбі шүйгін кең даланы жайлаған. Елбасы айтқандай, еліміздің төрт құбыласынан жиналған қазақтар сән-салтанатымен ақ шаңқан киіз үйлерін тігіп, ел тізгінін қолға алған қаһарман хандарын ұлықтайды, ас беріп, ат шаптырып той жасайды. Осы жерде ұлдарын үйлендіреді, қыздарын ұзатады, бірімен бірі құда, туыс болып тарасады. Осының өзі ұлан-ғайыр даладағы қазақтардың мәдениетіне, тілінің тазалығына, салт-дәстүрлерінің бірыңғайлығына ықпал етті. Хандар мен сұлтандар, ел ағалары елдің ішінің жыртығын бүтіндеп, сыртқы жаумен бір жұдырық болып бірігіп, айқасқа шығуға серт жасасқан. Соның бір жарқын мысалы. Ұлытау баурайындағы Бұланты-Білеуті өзендерінің арасындағы кең жазықта біріккен қазақ жасақтары жоңғар басқыншыларына бой көтерместей ойсырата соққы берді. 2015 жылы ұрыс даласының бір биігіне қаны мен жанын пида қылып, дандайсыған жауды кері қуып, Ұлы Жеңіске жеткен бабаларымыз құрметіне Даңқ мұнара-ескерткіші орнатылды.

Болашақ оқырмандар Ұлытау ауданының 122,9 мың шаршы километрді алып жатқанынан, оған Еуропаның бірнеше мемлекеті еркін сиып кететінінен хабардар болар. Ұлытаудың оңтүстік шығысына Қазақстан түсті металлургиясының үлкен орталығы Жезқазған кен-металлургия кешені орналасқан. Оңтүстігінде Құмкөл мұнайлы-газды кен аймағын қызылордалық мұнайшылар игеріп жатыр. Бұл өңірде әлі қол жетпеген темірдің, марганецтің, асбестің, көмірдің, басқа минералдардың мол қоры бар. Алғашқы қауымдастықтың, қола, темір кезеңінің, Шыңғысхан дәуірінің, Алтын орданың, табиғаттың тамаша ескерткіштері бар. Ұлытаудың әсем табиғаты, өсімдіктер және жануарлар дүниесі өз алдына бір әлем. Президент Н. Назарбаевтың Ұлытаудың қасиетті жерін келешекте туризм орталығына айналдыру жөніндегі бастамасы ғалымдар, кәсіпкерлер, мемлекеттік емес ұйымдар, атқарушы билік орындары, жалпы көпшілік тарапынан қолдау тауып отыр.

Ұлытаудың бағзы заманғысын, кешегісін біздің бабаларымыз жасады. Бүгінгіні Ұлы дала елінің бүгінгі халқы сомдап жасап жатыр. Сондықтан Елбасының Ұлытаудың төрінде берген сұхбатында Ұлытаудың тарихын бүкіл қазақ білу керек деген ой-пішіміне сәйкес шығарылып отырған энциклопедияға тек Ұлытау, Орталық Қазақстанның ғана емес, бүкіл Қазақстан Республикасындағы осы өңірге қатысты мемлекеттік маңызды оқиғалар мен ұлағатты тұлғалар енген. Энциклопедиядан Отанына, туған жерге берілген, ұлытаулықтардың шын мәнісінде алғысы мен құрметіне бөленген есімдерді де табуға болады. Ата-бабалары осындай мәдени-әлеуметтік ортада өмір сүрген бүгінгі ұлытаулықтардың кеңпейіл мінезі, заты адам баласын бауырына тартуы, елге, жерге ыстық сүйіспеншілігі ана сүтімен дарыған ізгі қасиеттер екені сөзсіз.

Энциклопедияны дайындауға бастамашы болып белсене қатысқан аудан әкімдігінің, соны деректер көзін ашып, мақалалардың мазмұнын байытып, өзектілігін арттыруға үлес қосқан ғалымдардың, зиялы қауым өкілдерінің, өлкетанушылардың, ақсақалдардың, жазушылар мен журналистердің еңбегі лайықты бағалауға тұрарлық.

Еңбек Ұлытау жайлы білгісі келген қалың көпшілікке арналған.

 

Ниязғали ЖАЙСАҢБАЕВ,

Ө.А. Байқоңыров атындағы

Жезқазған университетінің профессоры,

техника ғылымдарының кандидаты,

Жезқазған қаласының құрметті азаматы.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары