ТУРИЗМДІ ТҮЛЕТУДІҢ ТИІМДІ ТЕТІКТЕРІ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясы бүгінде Алты Алаштан асып, оның негізінде атқарылған істер алты құрлыққа белгілі деңгейге жетті. Мақалада қойылған міндеттер мен мақсаттар тұрғысынан қолға алынған ауқымды іс-шаралар аз ғана уақытта талай белесті еңсеріп, қоғамдық көзқарасты, сана-сезімді дүр сілкіндірді. Біз тегімізге үңіле бастадық, тарихымызды зерделеп жатырмыз, ұлтымыздың бай рухани қазынасын бүгінгі күні, бүгінгі ұрпақ елдің ертеңіне пайдалануға бағыт ұстанды. Соның бір саласы бүкіл түркі жұртына ортақ мұра - киелі жердің мәртебесін көтеру, оны қалың жұртшылыққа кеңінен таныстыру болып отыр. Осындай киелі орындардың бірі – Ұлытау. Президент Н.Ә.Назарбаев Ұлытауда туристік орталық қалыптастырып, халқымыз тәу ететін орынға айналдыруды күн тәртібіне қойып отыр.

Ұлытау – қазақ халқының кие тұтқан, аңыз-жырға қосқан, елдіктің символындай қараған қасиетті жерлерінің бірі. Ол ұлан-байтақ қазақ даласының түп кіндігі, географиялық орталығы.

Ұлытау өңірінің жер аумағы бүкіл Қарағанды облысының 30 пайызға жуығын алып жатыр. Археологиялық зерттеулер мұнда алғашқы адамдар қауымдастығының мекендерін, тастан жасалған қару-жарақтары мен құрал-саймандарын тапты. Біздің заманымызға дейінгі IV-III мыңжылдықтарда Жезқазған алқабында әлемдік өркениет орталықтарының бірі болғанын білеміз. Араб географы Әбілғазының жазбаларында Ұлытау мен Кішітауда орналасқан мыс кеніштері VIII-X ғасырларда оғыз-қыпшақтардың Ыстықкөл, Алмалық, Сайрам, Қаратау сияқты Евразияға танымал елді мекендердің бірі болды деп жазылған.   

Академик Ә.Марғұланның есебі бойынша Ұлытау баурайында 30-дан астам ордалар мен тұрақтар бар. 736 архитектуралық, тарихи-мәдени ескерткіштер есепке алынған. Оның ішінде республикалық маңызды 11 ескерткіш бар. «Қазақстанның қасиетті жерлер географиясы» тізіміне Ұлытаудан 9 ескерткіш енген. Табиғат ескерткіштері, табиғи ландшафтар ғылыми сараптап, маңызын анықтап, мемлекет қамқорлығына алуды қажет етеді.

Орыстың ұлы ғалымы Петр Николаевич Савицкий Лев Николаевич Гумилевке жазған хатында айтқанындай, Ұлытау сан алуан замандардан бері жалпы даму, этно өркендеу ғана емес, өшпес із қалдырған «Даналардың жері» деп аталды.

Ұлытау өңірінде Жошы ордасының орнауы, Шыңғыс тұқымының Евразиялық саясатында ыңғайлы орталық болуы бұл өңірдің даңқын шығарды. Ол бірнеше жүздеген жылдар түркі-моңғолдардың хандары, батырлары, ақсүйектері, дегдар топтары үшін саяси-әкімшілік орталық болды.  Қазақ хандарының, атақты тайпа көсемдерінің мүрдесі жерленген пантеон да осы жерде. Жошы күмбезінің төңірегіндегі қорымдарда үш жүздің іргелі тайпалары мен руларының таңбалары бар.  Ел қамын жеген ер Едігенің Ұлытаудың ұшар басына жерленуінде  де үлкен мән-маңыз жатыр. Аты аңызға айналған Алашаханның сәулетті әрі айбынды күмбезі Кеңгір өзенінің жағасында тұр. Ұлытауда алты алаш анттасып, айрылмасқа сөз байласты. Үш жүздің өкілдері Таңбалы-Нұра деген бұлақтың жақпар тасына таңбаларын қашап жазды. Осы жерде қазақтар ақ киізге көтеріп, өзінің көшбасшы хандарын сайлаған. Қазақ хандығын құрып, ел тізгінін қолдарына алған Керей мен Жәнібек сұлтандар, қасқа жолдың иесі Қасым хан, кейін Абылай хан алты ай жазда ордасын Ұлытауға тігіп, қазақ елінің төрт құбыласынан туған мәселелерді қарап, иін қандырып не дауларын тарқатып отырған.

1727 жылы қазақ жасақтары Ұлытаудың қақпасы Бұланты-Білеуті бойында жоңғар басқыншыларына қарсы отан соғысында жеңіске жетті.

Ұлытаудың ең биік шыңы, Тәңірмен тілдесетін нүкте саналатын Әулиетауға жұрт басын иіп тағзым етеді. Сақ заманында көсемдер қоныс еткен Ұлытау, ғұндардың жақсылары мен жайсаңдары тәуап еткен Ұлытау, тоқсан екі баулы қыпшаққа алтын жұрты болған Ұлытау. Осы тұрғыдан келгенде, Ұлытауды өзге рухани-мәдени үрдістердің киелі орны болып табылатын Шамбала, Иерусалим, Койлас, Фудзияма, Мұса таулары сияқты әлемдік киелі таулардың қатарына қоюға болады. Ұлытаудың ұшар биігінде, Ақмешіт әулиеде, үңгірлерде энергия ағыны, ерекше аура, айрықша ауа байқалады.

Әлемдік тәжірибеге қарасақ, қазіргі таңда шет елдік туристерді бес жұлдызды қонақ үйлер мен қымбат мейрамханалар аса қызықтырмайды. Керісінше, олар 3-4 бөлмелі хостелдер (үнемді пәтерлер) мен  шағын қонақ үйлерге жиі тұрақтайды және жүріп-тұру үшін ат, түйе, арба секілді көлік түрлерін немесе кейде жаяу жүруді таңдайды. Әсіресе, шет елдік  саяхатшылар жергілікті халықтың ұлттық тағамдарын жеп, сусындарын ішіп, тағамның жаңа түрлерімен танысуды жөн санайды. Жоғарыда айтқанымыздай, осы орайда Ұлытау аймағында туризмді дамытудың мүмкіндіктері өте көп. Еліміз тәуелсіздік алған жылдарда көлік-логистика жүйесі, транспорт және жол құрылысы біршама қарқынды дамыды. Жезқазған-Бейнеу, Арқалық-Шұбаркөл темір жолдары іске қосылды. Азия және Парсы шығанағы, Европа елдері арасында тікелей теміржол байланысы орнатылды. Оның үстіне бұл жол Үлкен Жезқазған орбитасына Торғай даласының оңтүстік-шығыс бөлігін тартуға жағдай жасады. 2016 жылы Жезқазған-Қызылорла жолаушылар пойызы жүре бастады, енді Түркіменстан, Иран, Түркия елдерімен, Маңғыстау облысымен байланыстыратын 8 жолаушылар пойызы қатынайтын болады. Мемлекеттік маңызы бар Жезқазған-Ұлытау асфальт жолы күрделі жөндеуден өтті. Кейінгі жылдары Жезқазған-Қарағанды, Жезқазған-Қызылорда жолдарын жөндеуге мән беріліп, қарқыны мен көлемі, сапасы артып келеді. Жақында ғана Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов "Рухани жаӊғыру" бағдарламасын жүзеге асыруға арналған Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлытаудың қасиетті нысандарына алып баратын жалпы ұзындығы 100 шақырымды құрайтын жолдардың жөнделе бастағанын және бұл мақсаттарға 2,7 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді.  Сонымен қатар Ұлытауда туристерге арналған визит-орталық пен этно ауыл салынатындығы белгілі. Бұның барлығы жылына 50 мың турист қабылдайтын туристік кешен қалыптастыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

1991 жылы Отырардан Ұлытауға дейін «Мыс жолы» тармағымен  тарихи-этнографиялық, 1998 жылы Таңбалы Нұраға, Бұланты-Білеуті шайқасы болған жерлерге ғылыми экспедициялар барып қайтты. Елімізге жақсы таныс Ұлытаудан басталған «Алтай-Дунай» экспедициясының мақсаты Ұлы дала белдеуін түйемен жүріп өту арқылы әлем жұртшылығының назарын Еуразияның ежелгі тарихына және Евразия кеңістігіндегі интеграция үрдісіне аудару болды. Жобаның авторы және экспедиция жетекшісі «Құрмет» орденінің иегері Бақтияр Сапарбекұлы Қожахметов. Мемлекет, бақуатты кәсіпкерлер, аудан тұрғындары Алашахан, Жошы хан кесенелерінен бастап 30-ға тарта тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстарын жүргізді.

Ұлытау тарихын сақтардан, ғұндардан бастап бүгінге дейін мұрағат деректері негізінде сөйлеткен бірнеше ондаған ғылыми, ғылыми-көпшілік, ғұмырнамалық кітаптар дүниеге келді. Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті «Жезқазғанның жер-су аттары», «Ұлытаудың ақындары» атты еңбектерді басып шығарды. Жуырда тұңғыш «Ұлытау энциклопедиясы» қолымызға тиді.  Осы уақытқа дейін ұлттың ұлы тұлғаларын ұлықтау мақсатында көптеген ірі шаралар жүзеге асырылды. Ұлытау өңірі шетелдік туристердің қызығушылығын туғызуда. Шет елде тұратын қандастарымыздың бірінші құрылтайына қатысушылардың Қазақстанмен танысуды Ұлытауға келіп, тәу етумен басталғанын білеміз.

Ұлытау аймағына келген туристерді сапарларының мақсатына қарай тынығуға келгендер, таныстары мен туыстарына келушілер, ғылыми-зерттеу, зерделеу үшін келгендер, сырқатына шипа іздегендер, шетелдік қонақтар деп жіктеуге болады. Өткен жылы 11 мыңнан астам турист келіп қайтты. Туристерді ұйымдастыру, қызмет көрсету, экскурсиялардың танымдық-ақпараттық деңгейі өсіп келеді. Халқымыздың салт-дәстүрлерін насихаттау мақсатында өткізіліп жүрген «Көкмайса», «Терісаққан көктемі» этнофестивальдары, «Мың бала» студенттер жиыны, «Хан қорық» жастар фестивалі, аймақ туристерінің форумы, ат спорты түрінен тартысты сайыстар өткізу дәстүрге айналған.

Туристік-экскурсиялық қызметті ұйымдастыру, тәжірибе және алғашқы қадамдар аймақта туризмнің заманауи түрлерін дамытудың қолайлы негізі және басты алғышарты болып табылады. Еліміз экономиканың шикізаттық емес салаларын  дамытуға кірісті. Ол кластерлік даму жолымен экономиканы бейтараптандыруға сәйкес жүргізілуде. Бұның бір мысалы  ретінде  Қазақстан үкіметінің Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасында «Ұлытау-Ел» туристік инвестиция жобасын іске асыруды айтуға болады. Үкімет жоспарына сәйкес Қазақ география қоғамының кешенді экспедициясы Ұлытау өңірінің елді мекендері мен табиғатын, экономикалық жағдайы мен географиялық ерекшеліктерін зерттеді, бірқатар тарихи нысандардың немен қызықтыратынын анықтады. Үш тілде «Ұлытау» жол көрсеткіші шығарылды. «Ұлытау-Ел» туристік-инвестициялық жобасының тұғырнамасы дайындалып жатыр. Аудан орталығын абаттандыру қарқынды жүруде. Көшелерді асфальттауда, тротуар төсеуде, жарықтандыруда үлкен шаруалар істелуде. Аудан орталығында 500 адамға арналған қоғамдық тамақтану орындары, 150 адамдық жатын орындары, жоспарланған этно ауылды қосқанда 200-ге жуық киіз үйлер туристерге қызмет етуге дайын. Спорт кешені пайдалануға берілді. Ауданның тарихи-өлкетану музейінің құрылысы басталды. Кәріз жүйесі тартылып жатыр. Ұлытауда туризм индустриясын құруға бағытталған нақты істердің жалпы көрінісі көңіл қуантады.

Алда кезек күттірмейтін қандай міндеттер тұр? Бірінші. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің туризм индустриясы комитеті «Ұлытау-Ел» туристік-инвестициялық жобасының тұғырнамасын жасауды аяқтап, Қарағанды облысындағы Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданында туризмді дамытудың экономикалық негіздемелерін және нақты туристік маршруттарды дайындауды қарастыру керек.

Екінші. Ұлытауды ұлттық туристік орталыққа айналдыру мақсатында аудан тұрғындары арасында үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізу, оларды бейтаныс кәсіпке және әрекетке бейімдеу, демалыс, дене тәрбиесі, туризм саласында мамандар дайындауды жеделдете шешу керек. Ол үшін мотивациялық материалдар дайындап, этнофестивалдарды көптеп ұйымдастыру қажет. Ал осындай істер өз кезегінде атқарушы органдары мен өңірдің ақпарат құралдары, жоғары және орта оқу орындары тарапынан бірлескен іс-әрекетті талап етеді.

Үшінші. Туризмді әртараптандыру үшін «Ұлытау» ұлттық табиғи саябағы мен Ұлытау-Арғанаты табиғи кешенін құру мәселесін шешуді жеделдету қажет.

Төртінші. Ауыл шаруашылығы министрлігі ҚР ҰҒА Ботаникалық бағымен, Зоология институтымен, басқа да ғылыми-зерттеу орталықатырмен бірлесе отырып, Ұлытаудың орман қорын, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін сақтап, қалпына келтірудің, жергілікті дәрумендік қуатты арасан сулардың бұлақтарын, емдік қасиеті бар тұзды көлдердің балшықтарын зерттеп,  медициналық туризмге пайдаланудың жолдарын ғылыми-практикалық тұрғыдан түпкілікті шешу және Ұлытау флора-фаунасын терең зерттеп, дәрілік өсімдіктерін анықтау мақсатында географ, биолог ғалымдардан құралған ғылыми экспедициялар ұйымдастыру керек.   

Бесінші. Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде Жезқазған-Ұлытау аймағындағы туризмді дамыту мәселелерімен айналысатын ғылыми-зерттеу орталығын құру,  үш тілді гид-экскурсия жетекшілерін дайындау мүмкіндігін қарастыру қажет.

Алтыншы. Қарағанды облысының кәсіпкерлік басқармасы республикалық, халықаралық туристік көрмелерге Ұлытау ауданының қатысу мүмкіндіктерін қарап, қолдау жасап отыру қажет деп есептейміз.

Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер қауымы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытауды туристік орталыққа айналдыру жөніндегі бастамасын жүзеге асыруға өз үлестерін қосып келеді. Біздің ғалымдар 2012 жылдан бері бірнеше ғылыми жобаларды жүзеге асырды. Солардың ішінде 2012-2014 жылдардағы «Қарағанды облысының Ұлытау-Жезқазған аймағында туризмді дамыту және аумақтық ұйымдастыру» атты жобасы және 2015-2016 жылдардағы «Қарағанды облысында туризмді дамыту және аумақтық ұйымдастыру» жобасы, жетекшісі - география ғылымдарының кандидаты, доцент Кания Тұрсынбаева; сондай-ақ  биология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлнар Мырзалы жетекшілік еткен  2013-2015 жылдардағы «Ұлытау тауларының флорасын зерттеу» тақырыбындағы жобасы үлкен маңызға ие.  Бұл Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің гранттық қаржыландыру конкурсынан ұтып алынған жобалар болатын. Ұлытау-Жезқазған аумағында туризмді ұйымдастыру және дамыту проблемасы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары әлі де жүргізілуде. Соңғы 4 жылда 7 кітап жарық көрді, олардың арасында 2 монография, 1 оқу құралы, 1 оқу-әдістемелік құрал, туристік шағын энциклопедия, туристерге арналған жолсілтеуіш және т.б. бар.

Қорыта айтқанда, әлемдік тәжірибеде туризм табыс көзі жағынан мұнай мен газдан кейінгі орынды иемденеді. Жоғары дәрежеде ұйымдастырылған туристік индустрия әр саяхатшының қаржысы есебінен жаңадан 9 жұмыс орын ашуға мүмкіндік береді. Қазақстан экономистері туризмді дамытуға салған әр 1 теңге 8-10 теңге таза табыс әкелетінін айтып отыр. Бұған қоса өңірдің инфрақұрылымы дамиды, өңір тұрғындарының өмір сапасы жақсарады. Ұлытауды туристік орталыққа айналдыру елге құт, жұртшылыққа игілік болар еді. Ісіміз сәтті болсын, ағайын!

Әбділмәлік ТӘКІШЕВ,

 Ө.А. Байқоңыров атындағы

Жезқазған университетінің ректоры, Қазақстан Ұлттық

жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі,техника ғылымдарының докторы,

профессор

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары