Теректі әулиенің таңғажайып сырлары

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының бір бағыты – Қазақстанның қасиетті жерлерін анықтау. Оны іске асыру негізінде «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылғаны мәлім. Орталықтың жетекшісі Берік Әбдіғалидың осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстары жайлы сұхбатында республикамыз бойынша 100-ге тарта, жергілікті маңызы бар 500-дей қасиетті орындар тізімі жасалғаны айтылған. Соның ішінде екінші топқа жіктелген археологиялық және ортағасырлық қалалық орталықтар тізімінде менің туған жерім Теректі әулие де бар екенін білдім.

Әр адам өз туған жерінің тарихын біліп,туған топырақтың қадірін ұғынғанда ғана қасиетті мекенге деген сүйіспеншілігі оянады. Жезқазған қаласынан 70 шақырымдай жерде орналасқан шағын ауылдың неліктен «Теректі» атанғаны жайлы ешкім дөп басып айта алмайды. Тал-терегі жайқалып тұрған жасыл желекті жер емес, кәдімгі көз алдыңда көлбеңдеп жатқан ұшы-қиырсыз кең даланың бір бөлшегі секілді кішігірім ауылдың өзгелерден онша айырмашылығы да бір қараған жанға еш байқалмас еді. Ал,тарихи деректерді сөйлетсек,Теректі тарихы тым әріде жатыр.

Ұланы мен қыраны, ұлары мен құланы арқылы әлемге танылған қасиетті өлке бағзы замандағы Ертағы мен Кертағы, кейінірек атауын заман ауанына қарай өзгертіп аңызға айналған қарт Ұлытау мен Кішітауым Ұлы даламның мақтанышы болған, болып қала бермек. Өйткені, мұнда қиянға салса қанаты талмайтын, қияға тартсаң тұяғы талмайтын, алып дала төсінде ат үстінде түн қатудан талмайтын қажырлы ұрпақтар өсіп-өнген. Бұл – қыраны қалғуды білмейтін, туған даласының тыныштығы үшін жаужүрек ұландары кірпігін ілмейтін өр тұлғалы жандардың өркен жайған өлкесі. Өрлік істері жастарға үлгі, ерлік шежіресі ұрпаққа өнеге қарапайым жандар жайлы аңыз-ертегі де осы өңірден бастау алатыны да сондықтан. Мұнда әрбір төбе сыр айтады, әр аңыз сонау заманнан шежіре тарқатады. Әлемнің қай түкпірінде жүрсе де бір-бірінен «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?», – деп амандық-саулық сұрасуымен-ақ, ел жайынан хабар алып тұруының өзі неге тұрады?! Осы кие қонып, бақ дарыған өлкенің айрықша мағынаға ие болған орындарының бірі «Теректі әулие» деп аталады. Ол – ертеден-ақ зерттеуші ғалым, саяхатшылар мен өлке жайлы білгісі келетін жат елдіктер назарын да өзіне аударып келген  тарихтың құпия қоймасы, сыр  сандығы. Сондықтан «Теректі әулие» төңірегінде өрбіген ой көп. Оны таразылау болашақтың парызы, қасиетті аманат ісі. Қазір бұл істі зерттеушілер ескерткіштің құнды мұра екеніне күмән келтірмейді. 1998 жылы Зарина Сасикова Жезқазған университетінің тарих кафедрасында аға оқытушы кезінде археологиялық-этнографиялық үйірмеге жетекшілік етіп, Теректі әулие төңірегінде бірқатар жұмыстар жүргізгенін Жезқазғандағы «Подробности» газетінде жазды. Онда: «Қазақстанда жоқ екі метрлік жылқы бейнесі – нағыз ғажайып оқиға. Бұл жылқы бейнесі екі мың жыл бұрын салынған. Ат жалынан бастап орналасқан 24 таңба құдірет күшінің құпиясы осыған дейінгі еш петроглифте кезіккен емес. Мұндағы әр белгі осы өңірді мекендеген тайпалардың саны мен тірлігінен хабар берсе керек. Мұны әлбетте, Алматылық ғалымдар зерттеп жатыр», – делінген.

Жезқазған жерінде есімі елге кеңінен танымал Асқар Ермекбаев  «Ақсұңқар ұшар қияға» кітабында: «Ертеде Теректі әулиеге жақын жерде тұратын бір бақуатты адам, еліне беделді азамат сырқаттанып көп жыл бойы науқасынан айыға алмайды. Күндердің күні болғанда әлгі кісі шыбын жанына араша іздеп Меккеге барған екен.  Сол жерде керемет бір білімді де, білікті ғалым-балгерге барып мұңын шағып, науқасынан айыға алмай жаны қиналғанын айтыпты, қазақтың бар айтқанын тыңдап болған араб ғалымы науқастан:

– Қайдан келдің? – деп сұрапты. Ол:

– Сарыарқа деген байтақ аймақта Теректі әулиенің жатқан жеріне жақын өңірде, – деп  тұрағын айтады.

Оны естігенде әлгі ғалым-балгер:

– Ауылыңның іргесінде Теректідей әулие жатқанда жер түбінен бұл жаққа келмесең де болатын еді. Мен қолымнан келгенімше емімді жасап, көмегімді көрсетемін, бірақ ауылыңда Теректі әулие болса, жаныңа содан шипа табасың, – депті.

Міне, осыған қарағанда Теректі әулие кезінде атағы алыс елдерге дейін жеткен әруақты адам болған болуы керек», – деп халық аузындағы деректердің бірін келтіре отырып, өзіндік ой түйеді.

Осындай қызықты бір деректі Жезқазған археологиялық-тарихи музейінде кездестірдім. Ондағы Абай атындағы мемлекеттік университетінің ғалымы Ишанғали Сағындықтың «Изоброжение коня в петроглифах Теректі-әулие» деген ғылыми мақаласында: «Аңыз бойынша осындағы бір үңгірде дүниеден бәз кешкен тақуа, діншіл, мұсылман Хазірет Әлі өмір сүріпті...», – деген жазба мені тағы бір ойға жетеледі... Хазірет Әлі... тақуа жан. Халық есінде ұзын сонар тарих жаңғырығы емей не? Дегенмен, өз кезінде жоғарыдағы атауларды алғаш қолданғанда – болашақтағы терең зерттеуді қажет еткен «тұңғыш болжамдар» ретінде қарастырылса керек. Дегенмен «Теректі әулие» деген сөздің астары мен оқиғаның өрістеу сәтіне зер салу артық емес. Алдымен бағзы бір заманнан жалғасқан «Әулие» атауына кім лайық?» – деумен қатар, намаз оқыған сәтінде «тас балқыды» деген мәселені де қарастырайық. Осы екі жай әшейін айта салған бос сөз бе, жоқ әлде әлденені мезгей ме? «Менің ойымша, мұнда мынандай қисын бар сияқты, – дейді Тоғанбай қажы Құлманұлы «Имандылық кеңістігі» кітабында: «Әулие» сөзі Ұлытау – Ертағы мен Кертағы заманнан бері бізге жеткен деректер ішінде Заратуштра атанған «Дала пайғамбарына» лайық тәрізді. Себебі, Ол шын мәнінде әулиеге лайық, әрі Алланың нұрын (біз өскен ортада алғаш) көріп, періштелерімен сұхбаттасқан деседі. «Әулие» сөзі – «...арабша сөздікте – Уәли, ал көпше түрі – Әулие екен. Әулиелер – дінімізде, Алланы тануда «жоғары дәрежеге жеткендер» деп те атала береді. Олар құпия ілімді игергендер, Алланың жүзін көргендер». Алланың жүзін көрген, соңына 22 тонна ғылыми еңбек қалдырған халық аузында айтылатын Зәрдеш-Жарасқа осы әулиелікті қимауға бола ма? Бір ескеретін жәй біздің өлкеге бір күн түнеген әулие – Қызыр баба емесі анық. Ол қисынға келмейді. Егер де бұған теңдес келер тың дерек табылса, елімізге тағы бір алып тұлға ораларына күмәнім жоқ. Енді аңызға сәйкес, «Теректі әулие» намаз оқыған кез қай дәуірге, қай мезгілге, қандай оқиғаға сәйкес келуі мүмкін дегенге келесек: Ол – жаңа жыл басы, жер бусанып, жаңа тіршілік ояна бастаған Наурыз – Ұлыстың ұлы күніне дөп келмеді ме екен? Нақ сол күні Аллаға мінәжат еткенде періштелермен бірге Қызыр бабаның да назары ауып, Ертағы мен Кертағы маңындағы киелі төбеге ықыласы түсіп, нақ сол сәттен бастап Жарас-Зәрдеш атанған бабамыздың басына пайғамбарлық қонып, болашағының бағы жанбағанына күмәндана аламыз ба?».

Бұл ойлар мен тұжырымдарға қарсылық білдіру шынында да мүмкін бе?  Келіскен дұрыс сыңайлы. Өлкеміздің өрісі кеңігеніне қарсы болу кімге лайық?  «Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша наурыздың 21 түні даланы Қызыр аралайды. Сол себепті осы түн – «Қызыр түні» деп аталады. Жақсылықтың жаршысы, жаңа түскен күн нұрының символы – Қызыр ата даланы кезіп жүріп назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, тасты ерітіп жібереді...» Осындай «күн нұрының символы – Қызыр ата...» – деудің өзі сонау қола дәуіріне, күнге табынған кезді мезгейтіні шындық емес пе? Демек, Зәрдеш-Жарас Заратуштра есінде мәңгі орныққан киелі орын қасиетті сәт – оның ұрпағы біздерге қалдырған мәңгілік мұрасы – «Теректі әулие» болуы қисынға келеді-ақ.

Ғалым Ғұзыхан Ақпанбек пен С. Әбиевтің 1990 жылы жазған «Жезқазған туы» облыстық газетіндегі мақаласында «Теректі әулие» басындағы гранит тастағы  бейнелерге ерекше мән беріп, жалпы көрінісін толықтай сипаттап көрсеткен: «...Әулие сырғанағы» аталған жартастың жоғары жағында түйелердің суреті бейнеленген. Шабынып тұрған бураның шиыршық атқан бейнесі айқын көрінеді. Енді бір тұста суреттер көп: салт атты адам, тұсаулы ат, шідірленген ат, түрлі сызықтар. Енді бір жартаста таутекелер шоғырланған. Олардың орналасуында белгілі бір жүйе аңғарылады. Спираль бойымен тізбектелген таутекелердің жалпы саны – он екі. Өкінішке орай, шеткі суреттердің мұйіздері ғана көрінеді. Өйткені, тастың жиегі табиғат сынына төтеп бере алмай мүжіле бастаған. Әлгі таутекелер шоғыры бейне жұлдыздар керуені іспетті. Тұтас бір композиция. Жорамалымыз бойынша бұл 12 таутеке бейнесі 12 жылдық мүшел есебін, не 12 айдың мөлшерін көрсететін сияқты. Бір ғажабы, таутекелердің мүйізі ай тәріздес. Ал, тек таутекелер суретінің берілуі қалай? Бұл жағы жұмбақ. Қалай дегенмен де тасқа ойылып салынған бұл суреттер еріккеннің ермегі емес, талай жыл тер төгіп, тынымсыз еңбек нәтижесінде пайда болған белгілі бір ойды білдіретін жазу екендігінде еш күмән болмаса керек. Таутекелердің жоғарғы жағында ат айдаған адамдардың көмескі бейнесі көрініс береді. Әр тұсқа үңілсек те көретінің таңбалы тастар. Оларда шаңырақ мүйізді өгіз де, алдыңғы қос аяғын бауырына алып ышқына секірген ат та, қосақталған түйе де және басқа бейнелер де баршылық. Енді бір ұзындығы үш метрге жуық жалпақ тастағы жануарлар тұлғасының арасындағы өгіздің сұлбасына қарап, таң тамаша қалдық. Себебі Франциядағы фон-де-Гом, Ласко үңгірлерінен табылған суреттерге ол өте ұқсас. Әрі толқынданған мүйіздері алға қарай ұмсына біткен бұл өгіз басқаларға қарағанда ерекше көзге түседі. Сондай-ақ, таудың етегінен 60-70 метр шамасында жоғарыдағы түйенің сұрғылт бейнесі де айқын көрінеді. Айта кетейік, көп суреттердің мөлшері 20-30 сантиметр шамасында. Ара-кідік көлемді суреттер де ұшырасады. Тас бетіндегі бұл таңбалардың мүмкін өзіндік сыр сипаты бар, бірақ ол бізге белгісіз».

Сыры тереңнен бойлағанға ғана ашылатын Теректі әулие жайлы әзірге ғылымға негізделген деректер  осылайша сыр шертеді. Бала кезімізде сан рет саяхаттап барып, маңайында ештеңе жоқ,құдды бір аспаннан біреу жерге көтеріп әкеле салғандай төбе мен оның басындағы суреттер бізге таңғажайып бір тылсым сырды бұғып жатқандай көрінетін.Төбе басындағы сырғанақты теуіп,күнәсі бар жандар арасынан өтсе қысып қалады екен деген тастың арасынан қайта-қайта  бала көңілмен күнәміз бар ма деп талай  өтіп көрдік қой. Ғарышпен байланысы бар төбе көрінеді,басқа елдің ғалымдары келіп зерттеп қарап жүр дегенді де сан естідік.Бәлкім,олардың зерттеулері өз елдерінде талай журналдарға жарияланған болар,ал біздің тарихшы ғалымдарымыз  да қол қусырып отырмаған болар,бұрындары Қарағанды университетінің археология мен тарихты зертейттін экспедициялары да жиі Теректі әулиеге ат басын бұратын.Кезінде бір пысықайлар төбенің тастарын сындырып,әлдебір мақсаттарына пайдаланбақ болғанда Ғұзыхан Ақпанбек бастаған, ақын Сайлаухан Нәкенов бар «Өткенге оқ атпайық, тарихты жоғалтпайық!» ,- деп қарсы шығып қисынсыз істі болдыртпай арашалап қалған киелі орын бұл! Болашақта да еліміздің қасиетті нысандарының қатарында тарихтан өз орнын аларына сенемін.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары