Тарихи нысандарға саяхат

Елімізде көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға барынша қолдау көрсетіліп келеді. Бұл жөнінде Елбасы да жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында үздіксіз айтып отырады. Егемендік алған уақыттан бері мұндай отбасылар мемлекет қамқорлығынан шет қалып көрген емес. Олар әрдайым Үкіметтің қолдауы мен демеуін сезініп келеді. 

Жуырда аудан әкімдігі «Жастар ресурстық орталығы» мен аудандық тарихи-өлкетану мұражайы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен мемлекеттік жастар саясаты туралы тұжырымдаманың ІІ кезеңін жүзеге асыру және аудан көлемінде ішкі туризмді дамыту, тарихи жәдігерлерді танып білу мақсатында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін аймақтық тарихи орындарға «Туған жер» өлкетанулық экскурсиясын ұйымдастырды.
Балаларға еліміздің көз тартар көрікті әрі тереңіне тылсым сырды жасырған тарихи нысандарды таныстыру мақсатында ұйымдастырылған экскурсияның қатысушылары алдымен Тараз қаласында орналасқан тарихи кесенелерді аралап, «Көне Тараз» мұражайымен танысты. Одан соң, Ақыртас тарихи кешені мен Айша бибі кесенесіне ат басын бұрды. Тарихи орындарды аралаған балалар рухани мағлұмат алып, туған өлкеге саяхат жасау арқылы айрықша әсерге бөленді. Тағылымды саяхатты аудандық полиция бөлімінің ЖПҚ ЮПТ учаскелік полиция инспекторы Орынбасар Жапаров және аудандық тарихи-өлкетану мұражайының экскурсоводы Индира Мыңжасарова жүргізді.
Саяхатқа қатысушылардың айтуынша, олар үшін ең қызықты мәдени нысан Ақыртас тарихи кешені болыпты. Тарихи кешен Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым жерде, Ақшолақ теміржол станциясынан 6 шақырым оңтүстікте, Қырғыз Алатауының етегінде орналасқан. Бұл кешенді зерттеу осыдан 130 жылдан астам уақыт бұрын басталған. Оған ең алғашқы көңіл аударған орыс суретшісі М.Знаменский болатын. Ол 1864 жылы қаланың қирандысын көріп, Ақыртастың понорамасы мен қабырғаларының бөліктеріне байланысты қызықты суреттер сызып қалдырған. Содан бері отандық және шетелдік зерттеушілер Ақыртас туралы талай тұспалдар мен батыл болжамдар айтуда және ел аузында бұл туралы әңгімелер өте көп. Ақыртас – әлемдік мәдениетте тарихын тасқа жасырған құпия құрылыстың ғаламдық кереметтерінің қатарынан ойып орын алғаны заңдылық. Мұндай ғажайып құрылыстар әлем тарихында санаулы ғана. Бүгінде Ақыртас кешені ЮНЕСКО көлемінде бағалы жәдігерлердің қатарына қосылуымен де маңызды. Сондай-ақ, «Бәрі де уақыттан қорқады, ал, уақыт тек Пирамидалардан ғана қорқады» дейтін қанатты сөзге арқау болған Египет кереметтері, Афины Акропольдары, Рим колизейі, Перудегі Майя сарайлары, Антантида аңыздарымен деңгейлес жатқан алып құрылыс – Ежелгі Тараздың «алтын шеңберінде» жатқан Ақыртас сарай кешені екені тарихтан мәлім.
Тарихи нысандарға саяхаттап, құнды жәдігерлерді көзбен көріп қайтқан жасөспірімдер осы сапарды ұйымдастырған барша жандарға алғыстарын білдірді. Өздеріне осындай қамқорлық танытып, ерекше көңіл-күй сыйлаған барлық азаматтарға ыстық ықыластарын жеткізді. Сонымен қатар, балалар алдағы уақытта Түркістан облысының киелі жерлеріне саяхат жасайтынына да аса қуанышты.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары