ТАЛДЫСАЙ – ТҰНҒАН ТАРИХ

Ұлытаудың қай жері де тарихқа бай. Дегенмен де, аудан орталығынан алпыс шақырымдай жерде орналасқан Талдысай аталатын жердің орны тіптен бөлек. Адамзат осы уақытқа шейін бірнеше дәуірді ­бастан кешкен ғой. Сол дәуірге қатысты орындарды, белгілерді басқа жерден іздеп басты қатырмай-ақ, бір-ақ жерден, осы Талдысайдан табуға болады. Көне тас дәуіріне қатысты белгі ретінде осы маңдағы үңгірді айтуға болар еді. Әрине, нақты тоқтамға келуге ертерек шығар. Алайда негіз бар. Үңгірдің аумағы көлемді әрі терең. Кезінде ерте замандағы адамдарға пана да болған секілді. Өзен төменіректе. Сондықтан да үңгірді су басып кете алмайды.

Неолит (жаңа тас дәуірі) пен ­энеолит (алғашқы металл өңдеу кезеңі) дәуірлеріне байланысты екі қоныс бар. Біреуі Жезді өзенінің жағасында. Амал нешік, ол жер сумен шайылып жатыр. Ал бұл арадан алыс емес Сарбұлақта алғашқы рет мыс балқытылған. Қола дәуіріне келетін болсақ, осы материал­да бұған жан-жақты тоқталмақпыз. 1996 жылдан бері республикамыздағы Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қыз­мет­кері, тарих ғылымының кандидаты Жолдасбек Құрманқұлов бастаған экспедиция Талдысайдан қола дәуірінің қонысын тауып, жүйелі зерттеу жұмысын жүргізіп келеді.
Ерте темір дәуірі немесе сақтар, яки алғашқы көшпелі малшылар уақытына дәлел бір ескерткіш бар. Ол «мұртты» қорған немесе оба. Маңында тастан үйілген қорғаншалар кездеседі.

Орта ғасырға қатысты – бұл Бас­қа­мыр қаласы. Сондай-ақ керуеншілерді, керуен жолын бақылайтын – Қарауыл мұнара. Ол тастан үйіліп жасалған.

Осыдан ширек ғасыр бұрын, күз айының басы болса керек. Жезқазғанға келген белгілі археолог ғалым, бүкіл ғұмырын археологияға арнап келе жатқан Жолдасбек Құрманқұлов мені осы Талдысайға ертіп әкеліп, асықпай ара­латқаны бар. Жаңағы үңгірді, Қарауыл төбені, Басқамыр қаласының орнын сонда көрсеткен. Өзен жаға­сын­да керамика қалдықтары көп кездеседі. Жарқабақтағы көгілдірлеу күл түсін де байқап қалған. «Бұл жерде қола дәуірінің қонысы бар. Міндетті түрде зерт­тейтін боламыз» деп айтқан еді сонда.
Жәкең сөзінде тұрған екен. Біраз қазба жұмыстары жүріпті. Кейін онымен бірге Талдысайда болғанда бұған анық көз жетті.

Жердің бетіне өте жақын. Бір метрге жетпейтін жерлер бар. Беті топырақтан аршылған жерлерде – қола дәуірінің, ғалымдар Андрон мәдениеті деп атау берген кезеңнің ғажайып белгілері. Біздің дәуірімізге дейінгі екінші мыңжылдықтың орта кезеңінде осы жерде металл балқытылған. Металлургия өндірісінің бастау алған жері бұл. Үңірейіп пештердің орны тұр. Тіпті кен сақтайтын орындарға дейін сол қалпында. Олардың сырты жалпақ тастармен қоршалған. Сол күйінде – мызғымаған қалпы. Бұл жерден әзірге төрт пештің орны табылған.
– Мүлде жердің бетіне таяу жатыр ғой. Мұның сыры неде? – деп таңданысымызды білдірдім.

– Негізі, бабаларымыз Орталық Қазақстан аймағын Сарыарқа деп жайдан-жай айта салмаған. Бұл төңірек қазақтың өзге жерлерінен биігірек. Белгілердің жер бетіне жақындығы осыдан болса керек, – деді сапарласым.
Бұдан әрі археолог ғалыммен арадағы әңгіме былайша өрбіп кетті.
– Жәке, қоныстың қола дәуірінікі екенін алғашқыда қалай білдіңіздер?
– Археологияны әзілдеп «Сынған ыдыстардың ғылымы» дейді. Әзіл болса да осы сөздің астарында шындық бар. Маңайдан керамика, мал, құс сүйектері кездесті. Жезді өзенінің арнасы 90-шы жылдары өзгере бастаған. Бұрынғы арна бойнында тал өсіп, бекітіліп қалған да су өсімдігі жоқ жермен аққан.
Қазір мұнда су жоқ. Жардан күл топырақ көрініп тұр. Осының өзі көп жайдан хабар береді.

Бір айта кететін нәрсе, қола дәуі­рінде осы жерде өмір сүрген адамдар металл өндіруді жетік меңгерген. 1975-1985 жылдары Атасу аталатын жерде қазба жұмысымен айналысып жүріп металлургия институтының мамандарын арнайы шақырдым. Олар да қола дәуіріндегі кен балқыту ісіне таңданыс білдірді. Адамдардың шеберлігіне тәнті болды. Тотыққан кенді күйдіріп, оның ішіндегі күкіртті газды шығару жолдарын да білген. Түтін жүретін долдары баспаналарын жылыту үшін пайдаланған.
Жаңағы Атасуда жүргенде көңілге түйгенім, кенді 100-150 шақырым жерден қашықсынбай тасыған. Сірә, кені бар жер тіршілік етуге қолайсыздау болған. Ал Атасуда ағаш бар, су бар.
Табылған тас, сүйек болсын бәрі де пайдаланылған. Керексіз қалмаған. Адамдар тек мыс балқытумен шектелмеген. Мыстан, қоладан зат жасаған. Өйткені зат құйылған қалыптар табылды. Әшекей бұйымдар көбіне мыстан дайындалған. Мыстың түрі әдемі әрі жұмсақ. Июге ыңғайлы. Ал пышақ, балта, ұңғы секілді заттар берік болу үшін қоладан әзірленген. Қола қатты, алайда балқуы жеңіл.
Бұл жерден төрт түліктің бәрінің сүйегі кездесті. Адамдар түлкі, қасқыр, киік, құлан аулаған. Бірлі-жарым еліктің, маралдың сүйегі ұшырасты. Дуадақ секілді кішкене құстардың да сүйегі табылды. Олардың бәрі мұқият зерттелетін болады.

– Бір сұрақтың реті келіп тұрғаны. Ерсілеу болса да қоялық. Өзі ол адамдарды біздің ықылым замандағы тегіміз деуге бола ма екен?
– Меніңше, солай деп атасақ еш сөкеттігі жоқ. Оқулықтарға солай деп ен­гізіп те жатырмыз. Кешегі кеңес уа­қы­­­тында көп нәрсе айтылмады ғой. Түбі­­­міздің түркі екендігі де ауызға алынбады.

Олармен бір байланысымыздың болғанына табылған керамика сынық­тары дәлел. Солардағы таңбалар біз­дің алаша, текеметтеріміздегі ою-өрне­гімізге келіңкірейді. Күлді олар қастерлеген, текке далаға шашпаған. Қажетсіз болса көміп тастап отырған. Мүмкін бұл сол уақыттағы сенімнің әсері. Олар күнге, отқа, суға табынған ғой. Қазақтар күні бүгінге дейін «Күлді көшеге төкпе, күлді баспа, жаман болады» демей ме? Бұл ырым-тыйымның қола дәуірінен бастау алмағанына кім кепіл?
Қазақтардың тағы бір қасиеті – туған жерді пір тұтқан. Тіпті қиын ­заман болып, басқа жаққа қоныс ­аударса да түбінде туған жерге табан тіреуге тырысқан. Бір ғажабы, қола дәуіріне қатысты қоныстардың үстінде қазақ ауылдары орын теуіп отырғанын аңғаруға болады. Баспаналарында да ұқсастық бар. Есікті орналастыру, терезені жоғарыдан қалдыру баяғы қазақтың жеркепесін еске түсіреді.
Жалпы қола дәуірі адамзат тарихында ерекше белес болған. Револю­ция­лық кезең деуге келеді. Өйткені бұған дейін адамдар табиғаттың дайын өнімдерін пайдаланды. Аң аулады, өсімдік жинады. Енді-енді қолға мал үйрете бастады. Сүйектен көп құралдар жасалған. Әшекей бұйымдар жасау үшін маралдың, бұланның, бұғының мүйіздерін жаратқан. Атқа мінген. Аттың ауыздығын, сулығын көп ретте маралдың мүйізінен жасаған. Сол уақытта егін еге бастаған.

– Мыс балқытқанын айтып жатырмыз. Негізі, Орталық Қазақстан метал­лургиясының көне дәуірдегі басты орталығы болғандығы көзге ұрып тұр.

– Иә, солай. Бірінші орталығы Жезқазған болса, екіншісі Ақадыр ауданындағы Ақмая, Атасу, Мыржық, Ақ Мұстафа аталатын қоныстар. Саяқ – үшінші орталық. Онда да көне дәуір қоныстары толып жатыр. Оған әлі жете қойған жоқпыз. Бұйырса барамыз. Төртінші орталық – Өспен айналасы.

– Тағы да Талдысай жөнінде. Бұл жерде қазба жұмыстарымен кімдер шұғылдануда? Алдағы мақсат қандай?

– Кешегі демалыс уақытында Жезқазған университетінің отыз шақты студенті көмектесті. Қазір біздің институттың А.Ермолаева, С.Берденов, Ә.Манапова секілді ­жауапты қыз­мет­керлері, жезқазғандық мамандар Л.Сембинова, Г.Жолашарова, бо­лашағынан мол үміт күттіретін Д.Байтілеу, Ә.Ержанова іспетті жастар ат­салысуда. Осы жерде қаржылай көмек жасап отырған Қарағанды облысы­ның әкімшілігіне, оның мәдениет басқармасына шынайы ризашылы­ғым­ды білдіре кеткім келеді.

Бұл жерде итальяндық азаматтарды да кездестірдік. Олар қандай мақсатпен жүр?

– Олар біздің әріптестеріміз. Италиядағы Болонья университетінің оқытушысы Маурицио ­Катаньи бастаған екі студент. Италияда Қазақ­станның, Орта Азияның көне мә­дениеті туралы үлкен кітап шықты. Сол кітап арқылы біздегі археология жайымен танысқан. Бұлардың бір тобы Түрікменстан мен Өзбекстанда жүр. Бұл жігіттермен біз болашақта да бай­ланыс жасап тұрғымыз келеді. Бұрын археологияға қатысты шет елдерде не тындырылып жатқанынан онша хабарымыз жоқ еді. Арадағы бай­ланыс озық істерден хабардар болуымыз үшін керек.
Қазақтардың қандай халық екенін, мәдениеті қандай екендігін көп елдер әлі терең біле бермейді. Осы үшін де осындай жігіттермен байланыс қажет. Қазақстанға қатысты деректер ­итальян, ағылшын… тағы басқа да тіл­дерде жарық көріп жатса елге мерей емес пе?

Бұлар келгенде байқағанымыз, бұл елде зерттеуге байланысты технология жақсы дамыған екен. Соларды пайда­лану ойымызда бар. Бұл шет елдік ма­мандармен бірлесе жүргізілетін ша­руа­ның басы ғана. Болашақта арнайы бағ­дар­ламалармен жұмыс істеу ойда бар.
Талдысайға келсек, негізгі мақсат – бірнеше дәуірлердің куәгері болып отырған ескерткіш – белгілердің басын қосып, ауқымды бір мұражай ұйымдас­тыр­сақ па деп едік.
Оған туристерді алып келуге болар еді. Сөйтіп, мұражай бір жағынан қаржы табудың көзіне де айналар еді. Жалпы біздің елде туризмді дамыту, оған айрықша көңіл бөлу ісі де кемшін түсіп жатыр.

Ендігі көздеп отырған ойымыз төмен­дегідей. Қоныстың дәл іргесін­дегі Жезді өзені жыл сайын арнасын өзгертіп отыр. Сөйтіп, ерте дәуір қонысы орын тепкен жерді кеміріп келеді. Сондықтан да ең болмаса қонысты тексеруге үлгеріп қалсақ дейміз. Ең бастысы, өзеннің бұрынғы арнасын ашып, мына жерді бекітіп тастау керек. Әйтпесе, ғажайып дүние су астында қалғалы тұр.

…Ұлытаудың Талдысайы тарихқа тұнып тұр. Бұл жайында жоғарыда айтылды. Кезінде бұл жердің үлкен жолдың бойындағы ірі орталық болғандығына қолдағы жәдігерлер куә. Түбінде Талдысайды өзіміз, сондай-ақ жан-жақтан туристер келіп, тамашалайтын тарихи-мәдени орын жасауға толық мүмкіндік бар. Сол үшін де адамдардың келіп-кетуіне ыңғайлы республикалық мәні бар күре жолдың дәл іргесіндегі осы жер мемлекет қамқорлығында болуға әбден лайық.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары