СЫРҒА ТҰНҒАН АЙЫРТАУДЫҢ АТЫРАБЫНДА туризмді дамытуға мүмкіндік мол

Аймағымыздың әсем де көрікті өңірі Айыртау ауданының жер бедері төбелі жазықтарымен, өзен-көл шұңқырларымен, орманды дала және дала өсімдіктерінің әр түрлілігімен ерекшеленеді. Суы шипалы Имантау, Шалқар көлдері, олардың жағасындағы демалыс орындары, әр тасы тарихқа тұнған Сырымбет қонысы, мұның бәрі бір көрсе деп армандауға тұрарлық нысандар.   

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елімізде туризм саласын дамыту жөнінде берген тапсырмасына орай Солтүстік Қазақстан облысы төңірегінде туризмді дамыту мәселелері талқыланып, арнайы бағдарламалар да қабылдануда. Соның ішінде облыс көлемінде табиғатымен ерекшеленетін біздің ауданымызда туризмді дамыту баса назарға алынып отыр.

Маусымның 14-і күні Арықбалық аулынының іргесінде орналасқан «Солнечный VIP» демалыс аймағының базасында 2018 жылғы жазғы туристтік маусымның салтанатты ашылуы өтті.

Шара алдында аудан әкімі Бейбіт Исманов демалыс аймағының қызметімен танысып, тау беткейіндегі шағын демалыс үйлерін аралап шыққан соң, шағын ауылдағы туризм саласын дамытудағы аудан мекемелерінің көрмелерін тамашалады. 

Салтанатты шарада сөз алған аудан басшысы Бейбіт Қайыркешұлы: «Тарихи және табиғи байлығы мол ауданымыздың экономикасының дамуының келешекті салаларының бірі туризм болып табылады. Биыл Елордамыз – Астананың 20 жылдығы, жерлесіміз Ақан серінің 175 жылдығы және Айыртау ауданының 90 жылдығы аясында өткізіп жатқан бүгінгі іс-шараларымыз ауданымыздың ішкі туризмнің дамуына, елімізге келетін туристердің санын ұлғайтуға өз әсерін беретініне сенміміз мол. Айыртау ауданының туризмді дамытудағы әлеуеті зор. Ауданда 30-ға жуық тарихи және мәдени ескерткіштер бар, олардың ішінде республикалық маңыздағы экскурсиялық нысандар – Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, неолит дәуірінің тамаша ескерткіші, ЮНЕСКО нысандарының тізіміне қосылған ежелгі Ботай қонысы, Айғаным қонысы мен Ш. Уәлихановтың мұражайы аймақтың киелі картасына енгізілген.

Айыртау ауданының көркем табиғаты көрген көздің жауын алады, қалың ну ормандарына, аты аңызға айналған таулары мен көгілдір көлдеріне қарап еріксіз тамсанасың.

Ауданда туризмнің 37 нысаны жұмыс істейді, соның ішінде Айыртау көлінің жағасына орналасқан  балалардың 4 сауықтыру орталығы бар.

2017 жылы ауданымызды 30 мыңнан астам турист тамашалап қайтты. Туризм саласында көрсетілген қызмет көлемі 34,5 миллион теңгені құрады, ол 2016 жылмен салыстырғанда 51 пайызға артық. Ауданда тарихи-мәдени, емдеу-сауықтыру, спорттық, аңшылық пен балықшылық туризмі кеңінен дамытылуда.

Мәдени-тарихи туризм Қарасай-Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, Ботай қонысының қазбалары, Айғаным қонысы мен Шоқан Уәлихановтың Сырымбеттегі мұражайы сияқты киелі жерлерінен және ауданымыздың табиғаты көркем өңірлерінен тұрады. Емдеу-сауықтыру туризмі «Солнечный ВИП» ЖШС-нің демалыс базасында дамытылуда, онда туристерді жыл бойына қабылдау үшін сауықтыру кешені жұмыс істейді. Сауықтыру кешенінде тұзды үңгір, фитобөшке, панта ваннасы, уқалау кабинеті сияқты процедуралар қолданылады. Алдағы уақытта мұндай қызмет түрлері кеңейтілмек.

Барлықтарыңызды туристерге қызмет көрсету саласына белсенді қатысуға шақырамыз. Ал келем деген қонақтарымыздың бәріне біздің туристік нысандарымыздың есігі айқара ашық. Баршаңызды біздің ауданда демалуға шақырамыз. Туристік нысандарға сәттілік пен маусымды жақсы өткізуін тілеймін», - деп маусымның ашылуымен құттықтады.

Сонан соң аудан басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін және 2018 жылғы туристтік маусымның ашылуына орай «Балалар туризмін дамытудағы ең үздік жоба» аталымында «Чайка» балалар сауықтыру орталығының директоры Қайрат Нұрмұқановты, «Туризм саласындағы ең үздік әкімшілік» аталымында «Тұрпан-2» демалыс базасының басшысы Галина Свистті, «Ең үздік жарнама-2018» аталымында «Ардагер» демалыс базасының басшысы Сәуле Құсайынованы, «Ең үздік экологиялық туризм» аталымында «Аршалы» демалыс базасының жетекшісі Павел Горальды және «Ең үздік туризм саласындағы бастамашы» аталымында «Акбар» демалыс базасының директоры Қазбек Хасеиновтарды аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады.

Салтанатты шараның соңы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясы ұжымының мерекелік концертімен жалғасты. Маусымның ашылуына жиналған көпшілікке өздерінің тамаша өнерлерін көрсетіп, халық әндерінің әуенімен тыңдармандарын бір сусындатқан солтүстікқазақстандық өнерпаздар көптің қошеметіне ие болды.

Айыртау даласының  көз тоймас бар әсемдігі, жап-жасыл тоғайлар, жағалай айдын көлдер, көк аспанмен тілдескен биік жартастар  сөзбен жеткізе алмас рахатқа бөлейді. Бүгінгі таңда бұл жер барлық саяхатшылар қызыға қарайтын тамаша туристік аймаққа айналдыру үшін әлі қыруар іс тындыру қажет. Ең басты мәселе - жол.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары