ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫ – ЕЛДІҢ ТҰТҚАСЫ

Халықтар достығы мен мәдениет үйінде «Мерейлі отбасы – 2018» ұлттық байқауының қалалық іріктеу кезеңі қорытындыланды.

Жезқазған қаласы ішкі саясат бөлімінің қолдауымен әлеуметтік тапсырыс аясында «Жезқазған қаласының жастар одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен байқауға қатысуға биыл жеті отбасы ниет білдіріп, портфолио тапсырды. 

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға, отбасы мәртебесін жоғарылатуға бағытталған. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып, бүгінде ұлттық мәртебеге ие болған бұл байқауы отбасы құндылықтары мен бір шаңырақ астында бірлікте өмір сүрудің маңыздылығын насихаттауда орны ерекше шараның біріне айналып отыр.

Комиссия шешімі бойынша «Саялы бәйтерек» номинациясына көп балалы, өндіріс саласына үлес қосып жүрген Қалымбетовтер отбасы ие болды. Төрт баланы өсіріп отырған Нұрлыбек пен Гүлбану – қарашаңыраққа ие болып отырған отбасы. Шаңырақ көтергендеріне 20 жылдан асқан отбасының негізгі мақсаты – бала бойына атадан қалған салт-дәстүрді насихаттап, саналы, жан-жақты, білімді, патриот азамат өсіру. Отбасыда ымыра-бірліктің айқын көрінісін көрсете білген Тұрсыновтар «Ұлағатты отбасы» атанды. Отағасы Марғұлан Тұрсынұлы – қаламыздың экономикалық-әлеуметтік даму жолында өзіндік салмағы бар өндіріс саласы, тұрмыстық-химиялық заттарды өндірумен айналасатын «Қосай KZ» ЖШС директоры. Ал, отанасы Дана – төрт баланы тәрбиелеп отырған аяулы ана. Марапаттау кезеңінде отанасы Дана Тұрсынова өзінің қалам тербеп шығарған «Тастанды бала» өлеңін оқып, көрермендерді ерекше әсерде қалдырды.

Қорғаныс саласының  ардагері  мен бас есепшінің отбасында тек дарынды, талантты балалар өседі. Бұны Шамбуловтар отбасы дәлелдеп бергендей. 2017 жылдың қорытындысы бойынша «Жыл оқушысы» атанған Қажыгелді Шамбылдың білімі мен саналы ойы талай адамды таңқалдырғаны сөзсіз. Қажыгелдінің ағасы Данабек те – мектеп пен университеті үздік тәмамдаған озат оқушылардың бірі. Білімді ұрпақ тәрбиелеп өсірген Шамбуловтар отбасы байқаудың «Ақылдың кені» номинациясын
иеленді.

Ал, Бақытжан мен Салтанат Мұғалбековтер бес баланы өсіріп, тәрбиелеп отырған азаматтар. Олар білімді де өнерлі балаларының жетістігімен мақтанады. Мұғалбековтер отбасына «Өнерлі отбасы» номинациясы бұйырды.

Қаламыздың қарыштап дамуына өзіндік үлесін қосқан білім, спорт, денсаулық және ауыл шаруашылық саласында қажырлы еңбегімен танылған Сәрсенбиндер отбасы «Үздік спортшы отбасы» атағына ие болды. Ондаған отбасына тараған бұл әулеттің бүгінде ерекше мақтанышы – еліміздің көк байрағын әлемдік додаларда биіктен желбіретіп жүрген, самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Арман Сәрсембин. Оның тұңғышы Оңалсын әке салған жолмен спортқа бет бұрып, қазіргі таңда қалалық, облыстық жарыстардың жеңімпазы атанып жүр. Артынан ерген бауырлары Саян, Нұрислам және Алтынның алар асулары әлі алда.

«Өнегелі отбасы» номинациясына білім саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан Айешовтер отбасы ие болды. Сағат пен Айгүлдің екі ұлы бар. Бірі – спортқа бейім болса, бірі – өнерге жақын. Тұңғышы Ұлықбек – «Сарыарқа барысы – 2018» облыстық турнирінің жеңімпазы, ал кенжесі Нұрасыл – қаламыздағы балалар мен жасөспірімдер сарайындағы театр үйірмесінің белді мүшесі.

«Отан – отбасынан басталады» демекші, жұптары жарасып, отау құрған, ақ некелері қара шаңыраққа айналып, татулықта күн кешіп 50 жылдық алтын тойларын атап өткен Қадір Үңгітбайұлы мен жары Зүбайра әжеміздің әулеті енді отау құрып жатқан талай жас отбасыларға үлгі-өнеге. Көпті көрген қариялар «отбасы құру еріккеннің ісі емес» дейді. Қазақтың салт-дәстүрін сақтап, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған Үңгітбаевтар отбасы ұлттық байқаудың қалалық кезеңінде бас жүлдені жеңіп алды. Үлгілі отбасы мысты қаланың намысын облыстық кезеңде қорғайтын болады.

Республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңіне қатысып, арнайы номинациямен марапатталған отбасыларға елу мың теңге көлемінде сыйлық берілсе, жеңімпаз Үңгітбаевтар отбасы 100 мың теңгеге ие болды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары