Мұражайдағы тарихи сабақ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында «Туған жер» бағдарламасын іске асыру мақсатында 2019-2020 оқу жылында жалпы білім беру ұйымдарында Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті, география пәндері бойынша 5-7 сынып оқу­шыларына мектептен тыс жер­лерде (мұражайларда, мәдени ұйым­дарда,тарихи орындарда) сабақ өткізу жоспары аудан әкімдігінің білім бөлімімен бекітілген болатын.

Аталмыш жоспарға сәйкес жуырда Еңбек орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлмира Шаханованың ұйымдастыруымен жастардың ой-өрісін, танымдық қабілетін арттыру, туған өлке тарихына деген қызығушылығын қолдау, өткен ғасырдан сақталған ата-бабамыздан қалған жәдігерлерді таныстыру мақсатында «Туған жерім – тұғырым» атты тақырыппен аталмыш мектептің 6-сынып оқушылары аудандық тарихи-өлкетану музейіне саяхат сабақ жүргізіп қайтты.
Мұражайда өткен сабақтың негізгі мақсаты – рухани жаңғыруды сипаттау және патриоттық сананы ынталандыратын ұлттық құндылықтарды жаңғырту, Отанына деген сүйіспеншілік, мақтаныш сезімін ұялату, ұлттық рухты сіңіру. Оқушылардың дүниеге көзқарасын қалыптастыруда тарихтың маңызы зор екені белгілі. Өйткені, тарих адамзаттың басынан өткізген тарихи-мәдени тәжірибесін, алдымен құндылықтарын оқытып үйретуді мақсат етеді.
Сабақ барысында оқушылар тарихы терең мұражайдан өлкеміздің табиғатын, өнері мен тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін, ауыл шаруашылығын және мәдени тегімізді танытатын құнды жәдігерлермен танысты. Қор сақтаушысы Жазира Тоғанбаева музейдің экспозициялық залы бойынша музей қорындағы құнды экспонат пен музей тарихына тоқталып, кеңінен мағлұмат берді.
Халық тарихы мен өнерін қамтыған, өлкеміздің өткені мен бүгінін жалғап отырған аудандық тарихи-өлкетану музейінде өткен сабақтан оқушылар рухани азық алып, ой-өрісін кеңейтті.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары