Мемлекеттік қызметшілер тарихи орындарды аралап қайтты

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымының ерекше маңыздылығын атап өтті. «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі», – деді Елбасы.

Алтай мен Атыраудың арасын жалғаған, жүгірген аңның аяғы, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр жерімізде қасиетті орындар өте көп. Барлығының өзіндік тарихы, ашылмаған құпиясы бар. Бұған Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі жоспарды, оның ішінде бағдарламалық мақаланың «Өзіңнен баста» кіші бағытын іске асыру шеңберінде аудан әкімі аппараты және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Жамбыл облыстық филиалы Жамбыл аудандық ұйымы ұйымдастырған Түркістанға екі күндік сапар барысында көзіміз жетті. 
Таң қылаң бере жолға шыққан мемлекеттік қызметшілер жолай Айшабибі кесенесіне ат басын бұрды. Одан соң Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы «Түркібасы әулие» кесенесіне аялдады. Әулиенің басындағы киелі бұлақтан қанып су ішіп, рухына құран бағыштады. Сапар одан әрі ел аузындағы Адам ата мен Хауа ананың жер үстіне қуылғанда түскен жері аталып кеткен Ғайып Ерен тарихи орнында жалғасты. Бұл орыннан Нұқ пайғамбардың кемесі қалған Қазығұрт тауы да менмұндалап тұр. Сапар одан әрі жалғасып, Арыстан баб кесенесіне тоқтаған көпшілік сонда түнеді. Ертеңіне таң намазынан соң жолаушылар Арыстан баб кесенесіне зиярат етіп, емдік қасиеті бар құдықтан су іштті. Одан кейін бағытын қасиетті Түркістан қаласына бұрды.
Түркістан – күллі түркі халықтарына ортақ, әлемге әйгілі қасиетті де киелі мекен. Бұл ең алдымен Ислам дінін таратушыларының бірі, сопылық ілімнің негізін қалаушы, ғұлама дегдар, әулие тарихатшы, ақын, философ Қожа Ахмет Яссауи бабамыз жерленген өңір. 
Түркістан – араб, қытай, парсылар мен еуропалықтар көз тіккен «Ұлы жібек жолының» ортасындағы ең үлкен қала, күллі түркі жұртының тарихи астанасы.
Тал түсте Түркістанға жеткен саяхатшылар бірден «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайын тамашалап, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне бас сұқты. Кесенеде жарты әлемді уысында ұстаған Әмір Темірдің қолтаңбасы сайрап жатыр. Сондай-ақ, осы жерде үш жүздің басын қосқан хан Абылайдан бастап 20-дан аса хан, 100-ден аса би-сұлтан, батырлар мәңгілік мекенін тапқан.
Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен бөлек мұндағы «Түркістан моншасы», «Рабия бегім» кесенесі, «Қылует жер асты мешіті» секілді көптеген нысандар қойнауына қаншама сырды бүгіп жатыр десеңізші. 
Бүгінде қасиетті өлкеге зиярат етіп келушілер саны артқаны байқалады. Әсіресе, шет мемлекеттерден келген туристерді көп кездестірдік. Әрине, екінші Мекке атанған киелі жерге келген әрбір азамат тарихи нысанның қай-қайсысының болмасын тарихын танып-білуге асығады.
Түркістанға жасаған осы екі күндік сапар барысында талай тарихпен танысып, шежірелі сырға қанықтық. Қайтар жолда сапарға шыққан 50 адамның барлығы тарихи жерден алған әсерімен бөлісіп жатты. Бәрінің жанарында қуаныш, көңілдерінде жарқын естеліктер тұрды.
Дана халқымыз «Болашағы зор ел тарихын таспен жазады» деген екен. «Дүние – керуен» деген, аспандағы алыс жұлдыздарды санамаламай, қолдағы бар қазынамыз – тауымыз бен тасымыздағы текті тарихымызды түгендеуіміз керек. Бостан елдің берекесі сонда ғана көркейе түседі.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары