Мәулен ӘШІМБАЕВ: КИЕЛІ ЖЕРЛЕР ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛУЫ ТИІС

Қазақ даласының қай өңіріне барсаңыз да өткеннен сыр шертетін тарихи-мәдени ескерткіштерді көптеп кездестіруге болады. Халқымыз ондай жәдігерлерді көненің көзі ретінде қадірлеп, қасиетті орындардың қатарына қосқан. Соңғы айларда осындай бірқатар жерлерге жолым түсіп, арнайы бардым. Соның ішінде ұлтымыздың ұясы саналатын ұлық мекен – Ұлытау мен тарих пен тағылымның өзегіне айналған Түркістаннан алған әсерім ерекше. Сондай-ақ Бекет ата жерасты мешітіне де ат басын бұрып, кие тұнған топыраққа табан тіредім.

Алаша хан, Жошы хан кесенелері орналасқан Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін ұлтымыздың асыл құндылықтары десек, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі күллі түркі дүниесіне ортақ мәдени мұра екені белгілі. Одан бөлек, байтақ даламызда Арыстан баб, Қарашаш ана, Бәйдібек би, Домалақ ана кесенелері сияқты әрқайсысы тарихымыздың тұтас бір тарауын қамтитын қасиетті орындар бар. Бұлардың барлығы Елбасы айтқан ұлттық кодтың негізгі элементтері және ұлтымыз үшін мәні мен маңызы зор ұлық мекендер. Сондықтан біз осындай асыл мұраларымызды дәріптеп, халықтың жиі баруы үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Бұл жастардың да өткеннен өнеге алып, тарихымызды танып-білуі жолында игі қадам екені сөзсіз.

Жалпы Қазақстандағы барлық киелі жерлер халық үшін қолжетімді болуы тиіс. Әсіресе баратын жолы, инфрақұрылымы, ол жақтағы тоқтайтын орындар қазіргі заманға сай болғаны жөн. Себебі, мұндай жерлерге Қазақстанның әр түкпірінен барып, зиярат еткісі келетін жандар өте көп. Тіпті сондай азаматтар үшін еліміздің әр аймағынан осындай киелі жерлерге тұрақты туристік маршруттар ұйымдастырудың да берері мол деп есептеймін. Мұндай бастамалар халық арасында отансүйгіштіктің артуына және жастар тәлім-тәрбиесінің ұлттық құндылықтармен сабақтасуына да өз септігін тигізетіні анық.

Сонымен қатар, біздің осындай киелі жерлеріміз әлемдік мәдени туризмнің де заңды ажырамас бөлігі болып табылады. Себебі, ұлан-ғайыр қазақ даласындағы кейбір тарихи нысандардың әлемдік өркениетке де қосқан үлесі орасан зор. Сондықтан мұндай жерлерге шетелдерден де келушілердің қатары қалың. Тек Түркістанның өзіне Орта Азия елдері мен Түркиядан ғана жылына мыңдаған турист келеді. Кейбір тарихи нысандарымыздың халықаралық ұйымдардың қорғауына алынуының өзі ол жерлердің маңыздылығын көрсетеді. Сол себепті осындай қасиетті орындарды жан-жақты насихаттап, дәріптеп, ол жерлерді шетелдерден елімізге туристер тартудың бір факторы ретінде қарастыруға да болады. Бұл өз кезегінде еліміздің әлемдік қауымдастықта одан әрі танылып, мәртебесінің артуына үлес қосатын игілікті іс.

Осылайша біз өткенімізді насихаттап, оны дүниежүзілік деңгейде танытсақ, әлемдік мәдени мұралар қатарындағы орнымызды айшықтай түсеміз. Сондай-ақ халықтың дүниетаным аясын кеңейтіп, патриотизмді арттыруда да мұндай киелі орындардың берері мол. Елбасымыз да өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында осы мәселелерге ерекше көңіл бөліп, оны іске асырудың тиімді жолдарын айқындап берді. Сондықтан алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар өз нәтижесін беріп, еліміздегі тарихи-мәдени мұралар мен киелі жерлер әлемдік деңгейдегі ірі рухани орталықтарға айналады деп сенеміз. Осы жолда баршамыз, тиісті мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар және ұлтжанды азаматтар, жүйелі жұмыс істеп, алға қойған мақсаттарымыздың орындалуына белсене атсалысайық.

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары

ҰЛТ ҰЯСЫ...
ҰЛТ БІРЛІГІН АЙШЫҚТАҒАН ЕСКЕРТКІШ
ЖОШЫ ХАН МАЗАРЫ
АЛАЩА ХАН КЕСЕНЕСІ
ҚОЖА АХМЕТ ЯССАУИ КЕСЕНЕСІ

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары