ҚОҚЫС ШАШАТЫНДАР ҚАТАҢ ЖАЗАЛАНАДЫ

Тазалық мәселесі аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Қала тазалығын сақтау мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, барлық мүмкіндіктер жасалғаны нақарамастан, қоқыстың азаяр түрі жоқ. Қайта күн санап жағдай ушығып бара жатқандай көрінеді де тұрады.

Қалалық әкімдік пен жергілікті полиция қызметі бірлесе кезекті тексеріске шықты. Қала ішін аралау барысында көпқабатты тұрғын үйлердің маңайындағы «ішек-қарны» ақтарылып жатқан қоқыс жәшіктерін көріп әттең-ай дестік. Иә, шындығында тұрғындар тазалыққа келгенде салғырттық танытады. Елбасының өзі бір сөзінде: «Бұл орайда мен әрбір қазақстандық өзінен бастауы керек: өзінің үйінен, қаласынан, ауылынан бастауы, өзінің денсаулығы мен өмір сүру салты туралы ойлануы керек екенін баса айтқым келеді. Мұнсыз ешқандай жаңа өмір сапасы орнамақ емес», – деп тазалыққа мәселесіне бей-жай қарамайтындығын көрсеткен.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бас маманы Бауыржан Ақылбаев жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы, майор Алмат Қалмұрзаевпен бірге бірнеше нысандар бойынша рейдтік тексеріске қатыстық. Алашахан көшесі, 8 мекенжайында орналасқан қоқыс контейнерлері сын көтермейді. Бұндағы көріністен ұққанымыз шағын және орта кәсіп иелері қоқыс тастаудың тәртібімен таныспаған сыңайлы. Дүкен мен дәмханалардың атауы жазылған қораптар тау болып үйіліп жатыр. Одан бөлек тұрғындар шығарған құрылыс қалдықтарынан аяқ алып жүргісіз. Анарқұлов көшесі, 3 А мекенжайында орналасқан «Поляна» дүкенінің жанында құрылыс жұмыстарынан қалған қалдықтар жатыр. «Құрылыс әлі жалғасып жатыр» деп ақталған дүкен сатушысына тәртіп сақшылары бір реттік ескерту жасап, қала сәнін бұзып тұрған үйіндіні бір күн ішінде алып тастауды тапсырды. Келесі нысанның мекенжайы – Бейбітшілік көшесі, 23. Тамақ қалдықтары, қолқаны атқан жағымсыз иіс, бос контейнердің жанындағы қапшықтар – бұнда да дәл сол ұсқынсыз көрініс. Бұл жерде өкінішке орай, тұрмыстық қалдық пен қораптарды лақтырған мекемені таба алмадық.

Ереже бойынша шағын және орта кәсіп иелерінде қорап сақтайтын арнайы бөлмесі немесе бөлінген жер болуы тиіс. Қаламызда жұмыс істейтін «Система KZ» ЖШС хабарласып қораптарды өткізуі керек. Олай болмаған жағдайда қораптарды бөлшектеп, жинақтаған соң қоқысқа лақтыруы қажет.

Бұл жұмыстың жүйесіздігінен бе, жоқ болмаса, тұрғындардың жүгенсіздігінен бе, әлде көркейту істері дұрыс жүргізілмей ме әйтеуір, тазалық мәселесі әлі де өзекті. Дегенмен, тазалық мәселесіне немқұрайлылық пен  салғырттықтың салдары себеп деген жөн болар.

Көпті мазалайтын «Кім кінәлі?» деген сауалға қаланы аралау сәтінде жауап тапқандай болдық. Қала ішіндегі жиылған қоқыстарды тиеп, тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқан тиісті мекеме жұмысшыларын көрдік. Қаншама жерден тазалап, қоқысты тиеп алып кетіп жатса да арада көп уақыт өтпей қоқыстар орынсыз тасталып жатқанын да көзіміз шалды. Бұл «тазалау жұмыстары жүргізілмейді» деп бір жақты айыптау орынсыз екенін аңғартады.

Әкімшілік құқық бұзушылық заңнамасының «Қалалар мен елдi-мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ, қалалар мен елді-мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» деп аталған 505-бабына сәйкес қала көркіне зиян келтіргендерге бірінші ескерту жасалады, екінші рет қайталанған жағдайда жеке тұлғаларға немесе заңды тұлғаларға айыппұл салынады.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары