Қиын-Керіш – Жердегі Марс

     Голливудтың "Марс тұрғыны" фильмінен соң әлемдік интернет-басылымдар Жердегі Марсқа ұқсайтын мекендердің тізімін жасайды. Бұл тізімде Қазақстандағы Қиын-Керіш шатқалы да бар.

 

     Қиын-Керіш – әдемілігіне сөз жетпейтін қызыл, ақ, қызғылт сары түсті шатқалдардың көрінісі – қайталанбас дүние. Оны жергілікті тұрғындар Эолия қаласы деп атайды. Бірақ бұл атаудың қашан, қайдан шыққаны белгісіз.

    Қиын-Керішке жақындаған сәтте өзіңізді басқа әлемге түсіп кеткендей сезінесіз. Марс планетасының қыртыстарына ұқсас шатқал тылсым күштің құшағында жатқан сияқты. Қиын-Керіш және Киін-Керіш деп екі түрлі атаумен аталатын мекен Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының орталығынан оңтүстік-шығысқа қарай (Күршім-Қалжыр тасжолы бойымен) – 95 шақырымда, Зайсан көлі мен Аманат ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 15 шақырымдай жерде орналасқан. Түрік тілінен аударғанда ол “тәкаппар”, “сұлу” деген мағынаны білдіреді. Қазақтар оны “Рух қаласы” деген атпен көбірек біледі. Қиын-Керіштегі жартас пен үңгірлер алыстан оттың жалыны сияқты көрінеді. Сондықтан бұл шатқалға “Алаулаған жартастар” деген ат берілген. Қиын-Керішті білмейтін адам өздігінен тауып баруы қиын. Өйткені  жол сілтемелері жоқ. Бұл мекенге жол талғамайтын, биік көлікпен жетуге болады. Сонымен қатар Рух қаласы жазық мекенде орналасқанымен оған жақындаған сайын жер бедері төмендей береді.

   Шетелдік ғалымдарды таңғалдырған Қиын-Керіштің байлығы – тропикалық кезеңнен қалған, құмды және шөлді жерде, сазда өсетін көк шөп. Оның ішінде пальма мен магнолия да бар.Ежелгі дәуірлерде жартастар құрбандық алаңы ретінде қолданылған деген сенім бар. Бірақ қазір бұл жорамалдың дәлелі жоқ. Адырлары сұсты шатқал мен алаң ортасындағы алып шұңғыма шынымен адамды үрейлендіреді. Қиын-Керіштің төбесіне үйірілетін доғал сияқты бұлт та басқа жерде кездеспейді.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары