Демалыс көңілді де мәнді өтпек

Жаз мезгілі – балалардың асыға күтетін мерейлі маусымы. Күнделікті сабақтар артта қалып, осы уақытты балғындар барынша қызықты әрі көңілді өткізуді армандайды. Сондықтан да оқушылар үшін ең қызықты мезгіл – жаз маусымы. Үш ай демалыста балалар алаңсыз асыр салып ойнап, бір жасап қалары анық. 

Демалысқа шыққан олардың бірі жазғы лагерьлерде демалса, енді бірі қала аралап, саяхаттағанды ұнатады. Ал, кейбіреулері жеке шаруашылықта еңбек етіп, табыс тапқанды қалайды. Қалай десек те, жаз бойы балалардың көзден таса болмай, уақыттарын тиімді өткізуіне тек мектеп қана емес, ата-ана, жалпы қоғам болып атсалысуымыз қажет.
Ауданымызда балалардың жаз­ғы демалысын ұйымдастыру мәсе­лесі назардан тыс қалған емес. Оқу­шылардың уақыты босқа өтпеуі үшін маусым айынан бастап жазғы лагерьлер балаларға есігін айқара ашты. Оның ішінде мектеп жанында жұмыс істейтін орындар жөнінде аудан әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Әлия Омаровадан сұраған едік.
– Балалардың жазғы сауықтыру шараларын ұйымдастыру барысын­дағы басты ерекшелік – биыл мек­теп жанындағы және қала сыртын­дағы лагерьлерге балалар автоматтандырылған жүйе арқылы қабылданды. Биылғы оқу жылында 1-10 сынып аралығында 15 мыңнан аса оқушының 14 мыңға жуығы жазғы кезеңде демалыспен қамты­лады деп жоспарлануда. Яғни, бұл 95 пайызды құрайды. Барлық мектепте күндізгі тынығу лагерьлері жұмыс жасап жатыр. Онда барлығы 14346 бала қамтылуда. Көпбалалы аналар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін мектепішілік лагерь өте қолайлы. Балалар мұнда бір мезгіл тамақтанып, түрлі ойындар ойнап, бой сергітпек. Сонымен қатар 27 мектепке және 1 мектептен тыс білім мекемесі мен 5 аула клуб үйірмесіне (тіл үйрену, өнер, спорт, қолөнер, техникалық бағытта) 7500 оқушы, еңбек жасақтарына (8-10 сынып оқушылары мектептегі көгалдандыру жұмыстарына) 1993 оқушыны қамту жоспарлануда. Осылайша, балалар мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлерде жазғы демалыстарын көңілді әрі мәнді өткізбек, – деді ол.
Иә, жасөспірімдер мен балалардың жаз мезгілінде денсаулығын сауықтырып, өмір қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, шығармашылықтарын дамытып, өсіру – бүгінгі күннің басты міндеті. Аудан әкімдігі білім бөлімінің берген мәліметі бойынша барлық мектептен 380 оқушы сыртқы лагерьге бармақ. Көршілес Жуалы ауданындағы «Тау самалы» және «Берікқара» демалыс-сауықтыру лагеріне бірінші маусымда 350 бала, ал, екінші маусымда «Нұр-Сұлтан» қаласына 30 баланы жіберу жоспарланған. Мұнда әдеттегідей әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасы балалары, қорғаншылық пен қамқорлықтағы балалар қамтылған.
Дүйсенбі күні бірінші кезеңнің ашылуына орай, алғашқы 350 бала демалуға, жазғы демалыс лагеріне аттанды. Онда балалар әртүрлі қызықты шараларға қатысып, ой-өрістерін дамытып, талай танымдық дүниелермен танысады.
Жазғы демалыс – балалардың жақсы тынығып шығуға жасалатын мүмкіндік. Сондықтан олардың бұл мезгілді қызықты өткізуіне қолайлы жағдай жасалғанына не жетсін.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары