ДАЛА ДӘСТҮРІН ДӘРІПТЕГЕН «КӨКМАЙСА»

Ұлт ұясы Ұлытауда туризм аясын кеңейтуге бағытталған тағы бір ізгі жоба қанат қақты. Аудан әкімдігінің қолдау танытуымен, осы өңірден шыққан белгілі бизнесмен, Қазақстан Меценаттар клубының мүшесі Марғұлан Сейсембайдың ұйымдастыруымен және «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің атсалысуымен «Көкмайса» этнофестивалі өткізілді.

«Көкмайса» этнофестивалі биыл бірінші рет жалау көтергенімен, ол бұған дейінгі  дәстүрге айнала бастаған «Терісаққан көктемі» фестивалінің жаңа тұрпаттағы жалғасы болып саналады. Халықтың материалдық емес мұрасы ретінде мұнда да көшпенділер ұрпағы болып табылатын қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрлері, ұлттық ерекшеліктерімізді танытатын асау жылқыға бұғалық салу, асау үйрету, бие байлау, мал сауу және дәстүрлі ұлттық тағамдарын ұсынумен қатар, садақ ату, найза лақтыру сайыстары кеңінен насихатталады. «Көкмайсаның» негізгі ерекшелігі — туристік бизнес фестиваль ретінде ұйымдастырылып отыр. Этнофестивальға берідегі Алматы, Астананы айтпағанда, Новосібір, Екатеринбург, Маңғыстау сияқты шалғай өңірлерден және еліміздің басқа да қалаларынан мыңның үстінде қонақтар келіпті. Көпшілігі жол талғамайтын автокөліктерімен асай-мұсайларын артып өздері келсе, кәсіпкер М. Сейсембаев Алматыдан Жезқазғанға дейін үш вагоны бар арнайы пойыз алып, дүниежүзіне танымал музыкант, ҚР Халық артисі Жәния Әубәкірова, әйгілі скрипкашы Гаухар Мырзабекова сияқты өнер жұлдыздары мен қоғам қайраткері Асылбек Қожахметов бастаған зиялы қауым өкілдерін жайлы жабдықталған жағдайда жеткізген. Біз осы ауқымды іс-шараның мән-маңызын негізгі ұйымдастырушының өз аузынан естігенді жөн көрген едік.

— Көшпенділер тұрмысында жылдың екі мезгілі айтарлықтай мерекелік сипатқа ие екені белгілі. Соның бірі — Наурыз мейрамы болса, екіншісі жер көкмайсаға оранып, жұрт бие байлап, қымыз ішетін осы кез. Бие бау жасап, «қымызмұрындық» беру малды ауыл үшін ерекше дәстүрлі шара. Осыдан екі жыл бұрын «Ұлытау мұрасы» экспедициясын ұйымдастырып, осы қасиетті өңірді біраз араладық. Экспедициядан гөрі ауқымы кең шараны қолға алсақ деген ой сол кезде келген еді. Сөйтіп, жыл сайын тұрақты болатын фестиваль өткізуді жөн көрдік. Ал, бұл шара үшін неге осы өңір таңдалды дейтін болсақ, Ұлытау — халқымыздың қасиетті мекені, әрі Қазақстанның географиялық орталығы. Еліміздің шығысы Өскеменнен де, батысы Ақтаудан да келем деушілерге арақашықтығы бірдей. Әрбір қазақ ұлтымыздың осы киелі жеріне өмірінде бір келіп кетуі парыз ғой деп ойлаймын. Оның үстіне, бұл өзімнің туған өңірім. «Туған жерге туыңды тік» демей ме халқымыз. Сол айтқандайын, туризмді дамытудың алғы шарты ретінде осы шараны ұйымдастырып өткізуді перзенттік парызым деп санадым. Көріп отырғандарыңыздай, бұл фестивальда ешқандай ресми шара жоқ. Адамдардың өз қалауы бойынша ұйымдастырылып отыр. Туристік бизнес фестиваль негізінде өткізілуде. Мақсат — шетелден және өз ішіміздегі қалалардан келетін қонақтар киіз үйлерде тұрып демалса, жергілікті тұрғындар оларға қызмет көрсетіп қаржы тауып, соның есебінен кәсібін жетілдірсін деген ниет. Аудан экономикасына да бұл шараның өзіндік берері бар. Мәселен, үш күнге созылатын фестивальға келген бір мыңнан астам адамнан ауданға 100 млн. теңгедей қаржы түседі деп ойлаймыз. Алдағы уақытта да осы бағытты ұстану көзделуде. «Көкмайсаны» жыл сайын осы жерде 7 мамырда тұрақты өткізу ұйғарылды, - дейді кәсіпкер, «Асадель» компаниясының басқарушысы Марғұлан Сейсембай.

Этнофестивальдың ашылу салтанаты да жинақы болды. Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омар рухани жаңғыру аясында халқымыздың рухын оята алатындай орайлы істердің өркен жайып отырғанына ризалығын білдіріп, Алты Алашқа баспана болған байтақ жерді «найзаның ұшымен, білектің күшімен» қорғап қалған бабаларымыздың тегіндегі күш-қайраты мен рухы ұрпақтарының бойына қайта оралсын деп жасап жатқан шаралардың бірі ретінде қабылдаңыздар деді. Халқымыздың ата дәстүрін, мәдениетін насихаттаумен қатар өңірлік туризмнің өріс алуына қозғаушы күш болып жүрген Марғұлан Сейсембаев, Валерий Ромин, Азамат Мұхамеджанов сияқты азаматтарға Алғыс хат тапсырды. Сондай-ақ, қоғам қайраткерлері Мұрат Әбенов, Асылбек Қожахметов, Мұхтар Тайжан да Ұлытау төрінде бастау алған ізгі бастамаға тілектестіктерін білдірді. Туризм деген жоқтан бар жасау. Соны тіршілік көзіне айналдырып отырған елдер көп. Қазақ қонақжай халық, қонақ күте алады. Соны туризм арнасына бұра білу қажеттігін алға тартты.

С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театрының артистері қонақтарға «Кетбұқа» спектаклінен көрініс ұсынса, «Ұлытау сазы» фольклорлық ансамблі мен аудан өнерпаздары Бабатаудың баурайын ән-күймен тербеді. Бұдан әрі этнофестиваль бағдарламасына орай мешкейлер жарысы, қымыз ішу бәсекесі, «қатындар күресі», найза лақтыру, садақ ату сияқты халқымыздың көмескілене бастаған сайыстарын тамашалай отырып, оған келушілер де белсене қатысты. Дәстүрлі бие байлау, асауды үйрету, жылқы жығу рәсімдерімен де қонақтар қызыға танысты. М.Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі фестивальға Сарыарқаға белгілі шебер, заманында алтын-күмістен небір әшекейлі бұйымдар соққан Бәрменбай ұстаның құрал-жабдықтарын әкеліпті. Музей директоры Зейпін Қазанбаева ұстаның өз қолымен басқан көрігін, соққан жез шәйнегін көрсетіп, зер суыратын сымсуыр, отбақыр және басқа да құрал- жабдықтарының қолдану тәсілдерін келушілерге жалықпай айтумен болды.

Фестиваль қонақтарына арналып қырыққа таяу ақшаңқан киіз үйлер тігілген екен. Бұл жер Айбас дарасы деп аталады. Ұлытауда аяқ басқан жердің барлығы тарихпен тамырлас  десе болғандай. Айбас дарасы обасын ең алғаш 1946 жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы ашыпты. Археолог ғалым Әлкей Марғұлан 1972 жылы ішінара зерттеп, оба-қоршау Бегазы-Дәндібай мәдениетіне жататын қола дәуірінің мұрасы деген байлам жасайды. Айбас дарасын айнала қоршаған тау сілемдерінің бір беткейі Әулиетаумен ұштасса, екінші жағында Едіге шыңы қасқайып тұр. Екі өзеннің арнасы қосылатын шұрайлы алқап екен. Этнофестивалге артынып-тартынып келген ауылдар мен осы маңайдағы шаруа қожалықтары да өнімдерін өткізіп кәні болып қалды. Ұйымдастырушылар ауыл тұрғындары қапы қалмасын деп Алматы маңындағы бағаны  негізге алуды ұсыныпты. Қонақтар киіз үйге бір қонғанына 5 мың, үш мезгіл тамағына 5 мың, атпен бір сағат серуендеуге 2 мың теңгеден төлейді. Қымызы мен қаймағының, құрт-майының, жентінің бағасына дейін белгіленген. Ауыл адамдары ұтпаса, ұтылмайтындай деңгейде.

Ауқымды шараға жиналған жұртшылық фестивальден бір күн бұрын Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл кесенелерін аралап, тарихи ескерткіштермен танысты. Ал, фестивальдың екінші күні қонақтардың біразы өз қалаулары бойынша Ұлытаудың тарихи орындарын аралауға бет түзесе, енді бір тобы Кененбай тоғанынан балық аулауды хош көріпті. Тау-тасты аралап, табиғат келбетін тамашалауға құмартқандар да баршылық. Үшінші күнгі Шеңбердегі ат жарысын тамашалаушылар да табылып тұр. Ұйымдастырушылар биылғы кем-кетіктер мен қатысушылар тарапынан айтылған ұсыныс-тілектерді қаперге алып, алда бұл жобаны жетілдіріп, дамыта түсуге бекініп отыр. Негізінде, дала халқының дәстүрін дәріптеген «Көкмайса» фестивалі Ұлытау жұртшылығын өңірлік этнотуризм бастауына алғашқы жол салуымен қуантып кетті.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары