Арыс өңірінің киелі жерлері

Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында туған жердің тарихын білу, оны қастерлеу әрбір азаматтың міндеті екенін баса атап өтті және де «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды.

Өткенімізді мақтан тұтып бүгінгі күнді бағалай білу, болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі екендігі баршамызға аян. Өлкетану арқылы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің бір жолы – туған аймақтың археологиялық ескерткіштерімен таныстыру. Әрбір жас өзінің туған аймағында тарихтан қалған қандай жәдігерлер барын, олардың мән-маңызын білгенде ғана туған өлке тарихын білуге, құрметтеуге деген сенімі оянады. Жаңғыру баянды болашаққа жетелейді. Рухани жаңғыру – туған жер тұтастығы мен ел болашағының негізі.
Көне замандардан бастау алатын сайын даланың тарихындағы айқын беттерінің бірі – Ұлы Дала мен Ұлы Жібек  жолы қойнауына жасырып келген құпия сырлары мен аңыз-әңгімелері бүгінгі таңда халықтың қызығушылығын тудыруда. Ұлы замандардан мұраға қалған тарихи ескерткіштерді қорғау сан ғасырлар ағымында іргесі сөгілмеген,  еншісі бөлінбеген біртұтас қазақ жұртының ата дәстүрге адалдығы екендігіне көз жеткізеді.
Біз өткенді білмей тұрып, жаңаны сезіну, оны қабылдау, келер күнді болжау, оған дұрыс жол табу қиын екенін жақсы білеміз.
Мәдени ескерткіштерге бай Арыс өңірі – Қазақстанның аса маңызды аймақтарының бірі. Мұра – ескерткіш етіп қалдырып келген осы дүниелерді біз де сақтап, болашаққа, келер ұрпаққа қалдыруға міндеттіміз.
Зұлмат замандарды, жойқын соғыстарды басынан кешіріп, бүгінгі таңда Алаштың анасы атанған Сыр өңірі мен Арыс өлкесі көне дәуірлерден мәдениет ошағына айналғаны даусыз. Ұлттық болмыс ежелден келе жатқан біздің салт-дәстүріміз, мәдениетіміз, рухани құндылықтарымыз. Рухани құндылықтарды бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында, өткенге құрметпен қарап, бүгінгіні қадірлеп, келешектің қамын ойлап, оқырмандардың санасын қайта жаңғыртуда қаламыздағы Орталық кітапхана ұжымы аянбай еңбек етіп келеді.
«Қасиетті Қазақстан» бағыты бойынша киелі, қасиетті орындарды насихаттау негізінде кітапхана ұжымы «Мұңлық-Зарлық» кесенесіне, Монтай ауылдық кітапханасы оқырмандарымен бірге «Монтай әулие» кесенесіне, Қожатоғай  ауылдық кітапханасы «Дастарбасы» үңгіріне  арнайы саяхат жасады. Біз саяхаттап келген киелі жерлердің географиясымен таныса отырып, көптеген мағлұматтар алып, рухани жандүниемізді байытып қайттық.
Алдағы уақытта Монтайтас, Ақдала, Сырдария ауылдық кітапханашылары оқырмандарымен бірге «Жекен-Шайық» кесенесіне және қалалық музейге саяхат жасауды жоспарлап отыр.
Ақпараттық-библиография бөлімі ел аузында жүрген киелі жерлер туралы аңыздарды жинақтап «Арыс өңірінің киелі жерлері мен ескерткіштері» атты кітапша, «Дастарбасы тауы», «Қыз құлаған жар», «Жекен-Шайық», «Мұңлық-Зарлық», «Ақын-Жақып», «Ханшайым аралы», «Монтай әулие», «Байырқұм төбе» туралы толық мәліметтерімен библиографиялық кітапшалар шығарылып, оқырмандарға таныстырылды және де барлық кітапханаларға таратылды. Арыс өңірінің киелі жерлері туралы толық мәліметті қаламыздағы Орталық кітапханадан алып оқуларыңызға болады.
«Арыс қаласы бойынша тарихи-мәдени нысандары мен мәдениет ошақтары» атты киелі жерлер картасы барлық кітапханаларға ілінді және де болашағын болжай алатын, рухани бай, өз өлкесін қадір тұтатын азаматтардың қалыптасуына ықпал ететін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады.
Арыс өңірінде облыстық маңызы бар 22 тарихи және мәдени ескерткіштер орналасқан. Олардың ішінде 8  архитектуралық, 14 археологиялық ескерткіштер бар. Сонымен қатар, қала және ауылдық округтер аймағында 10 қасиетті, киелі орындар бар. Олардың 6-ы облыстық маңызға ие. Атап айтқанда, Дастарбасы таңбалы жартасы, Дастарбасы тоғызқұмалақ таңбасы, Дастарбасы үңгірлері, Жекен-Шайық, Мұңлық-Зарлық, Ақын-Жақып әулиелері, Ханшайым аралы, Қыз құлаған жар табиғи ландшафт аймағы.
Емдік сауықтыру және зиярат ету туризмін дамыту мақсатында қаланың туристік анықтамасы әзірленіп, туристік бағытқа 4 нысан енгізілді. Олар: «Арыс»  шипажайы, қалалық музей, «І-Арыс» теміржол вокзалы, «Мұңлық-Зарлық» монументі.
Орталық кітапхана қызметкерлері осы мақалада берілген мақсат-міндеттерді жүзеге асыру шараларын халық  арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру және оның өмірде жүзеге асуына оқырмандарды жұмылдыру басты міндеттеріміздің бірі деп есептейміз.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары