АРДАГЕРЛЕР ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ КӨТЕРДІ

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің бірінші есеп беру-сайлау конференциясы Балқаш қаласындағы Р. Кенбаев атындағы емдік-сауықтыру шипажайында ерекше жағдайда өтті. Мұнда Ардагерлер бірлестігінің Жезқазған, Қарағанды, Сәтбаев және Балқаш филиалдарынан сайланған делегаттар жеңілдікпен алынған жолдама бойынша денсаулықтарын түзеп, 10 күн мазмұнды демалды. Есепті конференция да арнайы осы сапармен орайлас ұйымдастырылған екен. Сауықтыру шипажайының мәжіліс залында өткізілген конференцияда ардагерлер қоғамдық бірлестіктің алдындағы ауқымды міндеттерді талқылай отырып, аймақ тұрғындарына қатысты әлеуметтік мәнді мәселелерге назар аударды, оларды шешу жөніндегі өз ұсыныстарын білдірді.

«Қазақмыс» ардагерлерінің ұйымы ежелден бар. Алайда, осыдан бес жыл бұрын осы ұйымның негізінде «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанынан «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігі құрылып, төрт қаладағы филиал осы бірлестікке біріктірілген болатын. Осыған орай, жұмыс ауқымы кеңейіп, әрі жаңаша сипатпен жандана түсті. Барлық филиалға жұмыс жасауға қолайлы орындар беріліп, тиісті құрал-жабдықтармен жабдықталды. Бұларда корпорация ардагерлерін жеке мәселелері бойынша күн сайын қабылдау ойдағыдай ұйымдастырылған. Конференцияда есепті баяндама жасаған «Ардагерлер кеңесі» ҚБ басқармасының төрағасы Төлеген Бүкіров атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Бірлестікте 104 бастауыш ардагерлер ұйымы бар. Есепті мерзім ішінде бірлестік басқармасының 38 мәжілісі өткізіліп, онда еңбек ардагерлері мен зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайына қатысты түрлі мәселелер қаралған. Басқарма мүшелерінің, бастауыш ұйымдар мен өңір басшыларының есептерін тыңдау жүйелі жолға қойылған. Түйінді мәселелер корпорация басшылығының алдына қойылып, тиісті көмек алынып отырады. Есепті мерзім ішінде Балқаш аймағынан Р. Кенбаев атындағы шипажайда 1611 ардагер денсаулығын шыңдады және 518 зейнеткерге материалдық көмек көрсетілді. Өткен 2017 жылы Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының 325 зейнеткері Медорталықта жеңілдікпен емделіп, 143 ардагерге шипажайға жолдама берілді, 40 ардагерге 531422 теңге көлемінде материалдық көмек берілді. Кейінгі екі жыл қатарынан корпорация басшылығы Металлург және Шахтер күні мерекелеріне орай еңбек ардагерлеріне сыйлық беруге 2 млн. теңгеден қаржы бөлді. Сондай-ақ, корпорация тарапынан «ЭКСПО-2017» көрмесіне Жезқазған, Сәтбаев, Қарағанды қалалары зейнеткерлеріне 1450 дана, Балқаш зейнеткерлеріне 572 билет беріліп, бұл әлемдік шараны олардың отбасы мүшелері де тамашалады.

Ардагерлер мәдени көпшілік шаралардан да қалыс қалған емес. Олардың атсалысуымен дөңгелек столдар, еңбек әулеттерімен кездесулер, ардагерлерді зейнеткерлікке құрметпен шығарып салу, мерейтой иелеріне құрмет көрсету сияқты шараларды өткізу дәстүрге айналған. Шахмат пен дойбыдан, «Белка» ойынынан командалық және жекелей біріншіліктерге  ардагерлер қызыға қатысып жүр. Өткен жылы қоғамдық бірлестік кеңсесінде ұйымдастырылған Наурыз мейрамы аса есте қаларлықтай әсерлі болды. Зейнеткерлер дастархан басында бас қоса отырып, халқымыздың тұсаукесер, ат қою, бата беру салттарын жаңғыртып, көпшілік алдында көрсетуге белсене қатысты. Қаламызда Кетбұқа жырау ескерткішінің бой көтеруіне де ардагерлердің құлшына атсалысқанын сүйсіне айтуға болады. Осындай спорттық бәсекелер мен мәдени шаралар шипажайда тынығу кезінде конференция делегаттары арасында да жүйелі ұйымдастырылды. Кенші ақын, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Мұса Тілеуовтің 70 жасқа толуына орай құрмет көрсету рәсімі де жарастықты болды.

Дегенмен,  есеп беру жиынының әңгіме өзегіне айналған, ардагерлердің көңілдеріне кірбің түсіріп жүрген жайларды да айналып өтуге болмас. Ол жөнінде конференцияда сөз алған делегаттар жеріне жеткізе айтты. Қоғамдық бірлестіктің Қарағанды филиалының басшысы Алпысбай Тайгөков әріден қозғап, елімізде Ардагерлер туралы заңның қабылданбай келе жатқанын, бүгінгі қоғамдық қатынастарда оның аса қажеттігіне тоқталды. Ауру көп, дәрігерлер жетіспейді. «Портал деген — қияметқайым», сырқаттардың ауруханадан ем алуы мұң болды. Ардагерлер жалпы медициналық қызмет деңгейіне риза емес. Конференция делегаты Сұлтан Сүтбаев та осы пікірді қолдай келіп, ардагерлер — қоғамның ең қорғансыз жандары, сондықтан ардагерлердің мәртебесін айқындайтын заң керек деді. Коммуналдық төлемдер тарифін белгілеудің бетімен кеткендігін алға тартты. Электр қуаты мен жылу және сумен жабдықтаушылардың тарифті негізсіз көтеруге бейім екендігін сынға алды. Сондай-ақ, бүкіл 4 қала ардагерлерінің жеңілдікпен емдеу-сауықтыру шараларын алып отырған Балқаштағы Р. Кенбаев атындағы шипажайдың басындағы ахуалға ардагерлердің алаңдаушылығын жеткізді. Әлеуметтік нысандардан бас тарту бағытындағы жұмыстарына сәйкес «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы осы жалғыз сауықтыру орнын да жеке қолға бермекші көрінеді. Зиянды өндірісте жұмыс жасайтын еңбеккерлердің және ардагерлердің ем алуына қолжетімді Балқаш сауықтыру-шипажайын «Қазақмыстың» ұстауға мүмкіндігі жеткілікті екенін жеткізе айтқан С. Сүтбаев корпорация зейнеткерлері мен еңбеккерлеріне әлеуметтік қамқорлық жасауды ойлайтын болса, ондай ағат қадамға бармас деген өз сенімін білдірді. Осы пікірді басқа да делегаттар, Сәтбаев қаласы ардагерлер филиалының басшысы Сақтаған Атабаев, «Достар арасында» клубының жетекшісі Шүкір Молдағалиева, Балқаш филиалының делегаты Нина Романова, жезқазғандық делегат Тағанбай Салқауов жіне басқалары да қолдап, корпорация қарамағындағы жалғыз шипажайды сақтап қалудың маңызына тоқталды. «Кезінде жекеменшікке берілген Жезқазғандағы шипажайды жоғалтып алдық, енді Балқаштағы халыққа қолайлы емдеу орнынан айрылып қалмайық» дейді олар бірауыздан. Сонымен қатар, ардагерлер кезінде «Самсунг» аталған Жезқазғандағы мединалық орталықта зейнеткерлердің бүгінде емделуі мүмкін болмай қалғандығын қынжыла жеткізді. Корпорация саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлердің зейнетақысы 70-80 мыңның о жақ, бұл жағында. Медорталықта 10 күн ем алсаңыз төлемақысы 120-130 мың теңгеден кем болмайды. Осының 50 пайызына ғана жеңілдік жасалады. Зейнетақысының жобамен 60 мыңын емделуге төлеген зейнеткер бір ай бойы қалай күн көреді? Сондықтан, шынайы жағдайға қарай жеңілдік жасалуын сұрады. Бүгінгі зейнеткерлер кешегі майталман металлургтер, кеншілер мен байытушылар екенін еске салды. Оларды тағдыр тәлкегіне айналдырып, қамқорлықтан шет қалдырудың орынсыз екендігін аңғартты ардагерлер.

Ардагерлер — қоғамдық дамудың ықпалды да белсенді күші. Түйінді мәселелерді ардагерлердің, қазыналы қариялардың араласуымен шешуге болады. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында алға қойылған міндеттердің және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асуына да ардагерлердің аянбай атсалысары сөзсіз. Сондықтан да, «Қазақмыс» басшылығы ардагерлер көтерген түйткілді мәселелерді шешуді аяқсыз қалдырмай, орынды ұсыныстарын ескергені жөн болар деп ойлаймыз.

Жезқазған-Балқаш-Жезқазған

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары