АҚАРАЛДЫҢ АҚЫЛМАН АҚСАҚАЛЫ

Ақарал – Алматы-Ташкент күрежолының бойына орналасқан іргелі ауыл. Негізінен бұрынғы тұрғылықты тұрғындарынан гөрі мұнда жан-жақтан көшіп келіп орналасқандар көп.  Олардың негізі Қарақалпақстаннан келген ағайындар. Кезінде жүзімнің түрлі сорттарын өсірумен айналысқан совхоз болатын. Қазір гүлденген Ақарал ауылы деуге болады. Елбасының 100 мектеп, 100 аурухана  бағдарламасымен соғылған ауылдық аурухана, мәдениет үйі, үлкен мектеп, балабақша, кітапхана, екі-үш дүкен халыққа қызмет көрсетуде. Бұрынғы тұрған тұрғындары бар, кейінгілері бар, совхоз кезінде салынған үйлерде тұрмыс құрып, күтіп-баптап иеленіп жатыр. Бұрынғы үйлерді тану қиын бүгінде. Бәрі де жаңаша әрленіп, жан-жағы қоршалып, сырланып, айнадай етіп қойылған.

Осыдан бірер жыл бұрын Ақарал ауылдық округының әкімі болып Мәжиев Бейбіт жұмыс атқарған кезде округтер арасында «Үздік аула», «Үздік отбасы», «Үлгілі ауыл ақсақалы», «Гүлге оранған аула», «Үздік отанасы» аталымдары бойынша аудандық байқаулар өтіп еді. Сол байқауға белсене қатысқан ауыл тұрғындары  Отарбаев Марат, Бартаев Болат,Үсенов Асқар, Ниязбеков Андос сынды ағалардың үйлерінде сол жолы тазалықпен катар, ерекше күтім жасалынып, гүлдің түр-түрін өсіретінін көрдік.

Бәрінен де басым түскен «Үздік аула» – Ниязбеков Андос ағаның ауласы болды. Қақпа сыртының өзі сары мен қызыл аралас боялған, үйдің қоршауының өзі тап-таза мұнтаздай. Сол жолы ғой Андос аға мен Рыскүл апай бізді жылы қарсы алды. Қақпадан кіргеннен жаңбырлы күні жаңбырдан, күн ыстықта күннен қорғайтын төбесі жабылған аулаға кіріп келе жатып, кәдімгі санаторийлердің біріне келе жатқандай күйде болдық. Бір жағынан бөлме терезелерінен гүлдің түр-түрі көрініп тұрса, екінші жағынан сырланған оюлы темір қоршаулардың арғы бетінде құлпынай, малина, фундук, алма, алмұрт, алхоры,өрік, төбеңде жүзімнің түр-түрі көздің жауын алады. Оператор Ақжол  Досхан түсіре бастады. Үй иесі Андос аға әрбір жеміс ағашын аралатып таныстырып жатыр. Баудың ішінде  сәнді сәкі орнатылып қойыпты. Аула тап-таза, салқын, жіңішке арықтармен сылдырап су ағып жатыр. Бауды түгел аралап алхорыдан, алма, алмұрттан дәм таттық. Ауызбен айтып жеткізу қиын, гүлдің барлық түрі бар десем қателесе қоймаспын. Төрт бөлікке бөліп өсірілген гүлдің арасына кішкене жалғызаяқ жол төселінген. Жолдың екі жағындағы роза гүлдердің алуан түрі – қызыл, сары,алқызыл, ақ, қып-қызыл, қырық қыз деген түрлері де көздің жауын алады. Флокс, хризонтемалардың барлық түрі кездеседі. Сирен, акация, күлән тал, бульдонеж, ақ қайың, ромашканың көк, сары, қызыл түрі, бәрі-бәрі бар. Әйтеуір, ерінбей, жалықпай енбектенгендерінің нәтижесі көрініп тұр. Шырмауық сияқты өрмелеп өсетін  жасыл шырша тәрізді гүлі бір керемет екен. Қарағай, президент шыршасы, тянь-шань шыршасы да өсіп тұр. Алманы кептіріп, дөңгелектеп кесіп, алмақақ жасапты. Қаптап, жиып қойғаны қаншама!

Есіктің алдына ойматас төселіп, қазіргі заман талабына сай жасалыпты. Ұзын столға қауын, қарбызын турап, бәйек боп жүрген Андос аға әңгімеге жоқ, аз сөйлейтін кісі екен. Сол уақытта жаңа тартылған қаймағын, майын, құртын, түрлі тосаптарын жайнатып, дастарханға Рыскүл әпкеміз де шақырып үлгерді. «Сиыр ұстаймыз, айран ұйытамыз, шайды қою сүтпен ішіңіздер» деп дастархан мәзірін көрсетіп-ақ жатыр. Балқаймақтан дәм татып, жігіттер айраннан бір-бір кесесін сіміріп те алды. Қаймағы бұзылмаған қазақы, шаңырағы шаттыққа толған әулетке тамсана да, таңдай қағысып қайтып едік сол жолы. Ертесіне аудандық мәдениет үйінде өткен концертте  Ниязбеков Андос «Аталар» ансамблінің құрамында Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін айтса,жары Рыскүл Ниязбекова қос  уыстап көрермендерге шашу шашып, үлкен үлгі көрсетті.

Ал, биыл осы жақында Андос ағамыз жетпіске толып, Рыскүл әпкемізбен отасқанына елу жыл болған, «Алтын тойларын» жасады. Той да басқа тойларға ұқсамай, ерекше жағдайда өтті.  Бұдан 63 жыл бұрын мектеп табалдырығын бірге аттап, он бір жыл бір сыныпта оқыған сыныптастары шартараптан бас қосып, осы тойдың көркін келтірді. Сыныптастарының бірі ғылым докторы, келесісі ұшқыш, қазіргі заманға сай кәсіпкерлікті тізгіндегендері де бар. Олар сиясауытқа қаламсаптарын батырып жазғандарын, мектептен келген соң, қызылша масағын теруге барғандарын, отқа қызылша көміп жегендерін еске алды. Көркем әдеби  кітаптарды бір-бірінен алып жарыса оқығандарын, Абайдың өлеңдерін жатқа айтқандарын, мектепте он бір  жыл оқып, үш жыл Отан алдындағы борыштарын Челябинск, Хабаровск, Свердловск деген қалаларда, аталары да барып көрмеген жерлерде абыроймен атқарғандарын осы тойдың үстінде әдемі әңгімеледі. Бүгінгінің жастарына үлкен өнеге, тағылым боларлық, түйсігі, санасы бар толқынға көп пайдасы тиер «алтын той» болды. Шыр көбелек айналып, шын мәнінде вальсті қалай билеу керектігін көрсетті. Осынау қариялыққа бет алған азаматтар мектепте оқыған кезде вальс билеу кәдімгі өнер еді. Олар билегенде қалықтап ұшып жүргендей болатын. Сөздің парқын түсінетін, не болса соны сөйлемейтін, кісі көңілін қалдырмай тыңдап, астарлап жеткізу, қазақ тілінің құндылығын сақтай білу, бәрі-бәрі осы кісілердің бойынан табылатын. Қазақ әйелдеріне тән  нәзіктік, ері тұрғанда сөйлемеу сияқты асыл қасиеттерді осы ағалардың жарларының бойынан көргендей болдық. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, тіпті Андос ағамыз немере қыздарының бірнешеуін ұзатыпты. Немере қызы Аружан мен күйеу баласы Айдынбек құлақ құрышын қандырар әсем әуендерді төгілтті. Екеуі қосылып, дуэт боп ән шырқады. Атасы мен апасына арнап «Мен сені Меккеге апарамын» деп перзенттік сәлемін жолдады. Бәрі жарасып тұр. «Не ексең, соны орасың» дейді халық нақылы. Төккен тер, еткен еңбектің нәтижесін осы тойдан көргендей болдық. Ұлын ұлтжанды, қызын инабатты етіп тәрбиелеген Андос аға мен Рыскүл әпке қол үстасып тілек тыңдап тұрды. Қалғанын ұл- қыздары тындырып жатты.

Бізге жұғысты болсын, тойыңыз тойға ұлассын, аяулы ана, асқар тау әке! Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты сізді мағыналы ғұмырыңыздың биік бір белесі-70 жасқа алып жеткен мерейлі тойыңызбен құттықтаймыз. Сіз осы кемелдікке тың жігер,жарқын көңілмен келіп отырсыз. «Қарттары бар ел-қазынасы бар ел» деген сөз бар халқымызда. Осынау жылдар ішінде өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, бүгінде өркен жайған алып бәйтеректей үлкен бір әулеттің ақылшы тірегі, арқа сүйер атасы болып отырсыз, деген тілекпен әңгімемізді түйіндеуді жөн көрдік.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары