ТОҚАЕВТЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ШТАБЫНА КІМДЕР КІРЕДІ?

ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы құрылады. Бұл туралы бүгін ҚР ОСК отырысынан кейін «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары, кандидаттың сенімді өкілі Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Сол отырыста Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы шешім қабылданды. Мен Қ.Тоқаевтың сенімді  өкілімін. Сондықтан осы отырысқа Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен қатысып, арнайы куәлікті алдым. ҚР Президенті Қ.Тоқаев осы күндері жұмыс сапарымен жүргені белгілі. Оны БАҚ көрсетіп жатыр.  Сол себепті өзі келе алмады. Бүгінгі отырысқа қатысуды маған тапсырып, мен қатыстым», - деді ол БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.

Оның атап өтуінше, сайлауға түсетін кандидаттың барлық құжаттары Орталық сайлау комиссиясына тапсырылды. Қажетті шаралардың барлығы атқарылды.

«Енді бүгінгі шешімнен кейін Қасым-Жомарт Кемелұлының республикалық қоғамдық штабы құрылады. Біздің кандидатымыз осы штабты басқаруды маған тапсырды. Біз керекті жұмыстарды бастап кетеміз. Ертең сағат 11-00-де «Nur Otan»  партиясының аппаратында БАҚ-қа арналған брифинг  өтеді. Сол брифингте штабқа кім кіретіндігін, штаб қай бағыттармен жұмыс істейтіндігін  айтып береміз. Заңда көрсетілген уақыттан, яғни 11 мамыр күні 18-00-ден үгіт-насихат жұмыстарын бастайтын боламыз. Біздің үгіт-насихат жұмыстарымыз, штабтың басқа да жұмыстары толықтай заң аясында жүргізіледі. Сондықтан осы сайлау ашық тұрғыда әділ өтетіндігіне  ешкімде күмән жоқ. Осы бағытта біздің партия да, Қасым-Жомарт Кемелұлының  республикалық қоғамдық штабы да  нақты жұмыстарды атқаратын болады», -  деді Мәулен Әшімбаев.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары