ТОҚАЕВ ҚАНША ҚОЛ ЖИНАДЫ?

ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдап 313 мыңнан астам азамат қол қойған. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының  отырысында комиссия хатшысы Сәбила Мұстафина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Орталық сайлау комиссиясына кандидатты тіркеу үшін мынадай құжаттар: Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кірістері мен мүлкi жөнінде декларация тапсырғаны туралы Мемлекеттік кірістер органының анықтамасы; Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың оны тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытынды; облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Қазақстан Республикасы астанасының аумақтық сайлау комиссияларының Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауына азаматтардың жиналған қолдарын тексеру нәтижелері туралы хаттамалары - ұсынылды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, осы хаттамаларға сәйкес Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауына Қазақстанның барлық 17 өңірінен 315 910 азаматтың қолы жиналды. Олардың 313 653-і дұрыс деп танылды.

«Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясының 2019 жылғы 15 сәуірдегі № 13/237 қаулысымен белгіленген Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидатты қолдау үшін дұрыс қолдардың қажетті саны кемінде 118 140 қолды құрайды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қажетті барлық құжаттар Орталық сайлау комиссиясына ұсынылды және оларға қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді», - деді ол.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары