Президенттікке алғашқы кандидат тіркелді

Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, онда 2019 жылдың 9 маусымына тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауына кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР ОСК хатшысы Сәбила Мұстафинаның атап өтуінше, Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 54 және 55-бабына сәйкес тиісті құжаттарын өткізген.

«2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы жобасы дайындалды.  Қаулы жобасында келесі мәселелер қарастырылған:  Қ.К.Тоқаев 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған ҚР Президентінің кезектен тыс  сайлауында ҚР Президентіне кандидат ретінде тіркелсін. Президентке кандидат Қ.К.Тоқаевқа  тиісті куәлік берілсін. Қ.К.Тоқаев арнаулы уақытша шотты  ашу үшін «Қазақстан халық жинақ банкі» АҚ-на президенттікке кандидат болып тіркелгені туралы мәліметтер ұсынылсын. БАҚ-та Қ.К.Тоқаевтың  ҚР Президенттігіне кандидат болып тіркелгені туралы хабар жариялансын», - деді С.Мұстафина.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қаулы жобасына дауыс беріп, ол бірауыздан қабылданды. 

Осыдан кейін ҚР ОСК төрағасы Берік Имашев президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапарында болуына байланысты  тиісті куәлікті оның сенімді өкілі «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевқа табыс етті.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары