БОТАНИКАЛЫҚ БАҚТЫҢ КҮЙІ КЕТІП ТҰР

Жезқазған Ботаникалық бағының тарихы кенді өңірдің қанат жайып, қалыптасу жолымен тікелей байланысты. Қысы суық, жазы ыстық шөлейт аймаққа орналасқан болашақ  мысты қаланы көгалдандыру мен жеміс-жидек ағаштарын жерсіндіріп өсіру үшін ғылыми негізделген тәжірибелерге сүйену керек болды. Шалғайдағы өңірде мұндай ғылыми зерттеу құрылымын құру оңайлыққа түскен жоқ. Бұл жоба жан-жақты талқылап, кеңінен зерделеу барысында жүзеге асқаны анық. Осы орайда бұдан 80 жыл бұрын өмірге келген Ботаникалық бақтың бастауында Үлкен Жезқазғанның авторы, академик Қаныш Сәтбаевтың тұрғанын зор мақтанышпен айтсақ болады.

Өткен ғасырдың 30-жылдарында Жезқазғанның маңайы Орталық Қазақстанның игерілмеген шөл даласы болып жататын. Құрғақшылыққа байланысты өсімдік жамылғысы кедей алқаптар сүреңсіз, жұтаң көрінетін. Тек қана өзен сулары жайылған ойпаңдарда жабайы талдың бұталары, жиделер мен ырғайлар ғана кездесетін. Ол уақытта мұндай шөлейт өңірде өзінің азық-түлік базасын жасап, өсімдік өсіру мүмкін емес деп ойлаушылар көп болды. Жезқазғанда ауылшаруашылығы және көгалдандыру базасын құру проблемасын ең алғаш 1934 жылдың қараша айында Қ.И.Сәтбаев көтерген болатын. Сол тұста Мәскеуде КСРО Ғылым академиясы Үлкен Жезқазған ауданының өндірістік күштерін дамытуға арналған ғылыми конференция өткізгенде ол уақытта әлі кеңінен таныла қоймаған талантты геолог Қаныш Имантайұлы өте мазмұнды баяндама жасаған-тын. Сонда кенді өңірді көгалдандырып, жасыл желектендіру мәселесіне де арнайы тоқталуы болашақта ботаникалық бақтың бой көтеруіне негіз болды. Жалпы, бұған дейін Жезқазған кенішінде саябақ жасау қолға алынып, оның алдында Қарсақбайда Г.П. Зуб деген әуесқой бағбан қарағаш, ақтерек, шетен ағаштары мен сары қараған, қарақат бұталарын өсіріп жүретін. Алайда, жеміс ағаштарын жерсіндіріп, бау-бақша егуді қолға алу мүмкін емес тәрізді көрінетін.

Жезқазғанда әлемдегі ірі мыс комбинатының құрылысы қолға алынуына байланысты КСРО Ғылым академиясы кәсіпорын аймағындағы алқаптарды ауылшаруашылығы мақсатында игеру жайын зерттеу үшін 1936 жылы арнайы экспедиция ұйымдастырады. Профессор Е.М.Лавриенконың басшылығымен іске кіріскен ботаникалық жасақтың құрамында өңірдегі жер жағдайын, флорасын, топырақ құрамын зерттейтін білікті мамандар болған еді. Солардың 1938 жылға дейін жан-жақты еңбектенуінің арқасында Үлкен Жезқазған ауданының топырақтық-суландыру жағдайы, сортаңдану мөлшері, не керек, табиғи өсімдіктер әлеміне қатысты түйткілдердің барлығы мұқият зерттелген еді. Осы жұмыстардың негізінде 1939 жылы тәжірибелік жер телімі түбегейлі таңдалып, кейбір көкөніс, бақша және азықтық дақылдарды, сол сияқты ағаштар мен бұталарды өсіруді сынақтан өткізудің алғашқы тәжірибесі басталған болатын. Тәжірибе алаңы осыдан бір жылдан соң КСРО Ғылым академиясы Қазақстан филиалының Жезқазған тәжірибелік станциясы деп аталды. Тәжірибелік станцияда сәндік өсімдіктер мен жеміс ағаштарын өсіру қолға алына бастады. Алматы ботаникалық бағының қызметкері П.С.Чабан 1940 жылдың көктемінде көптеген ағаш-бұта өсімдіктерін жеткізеді. Күз кезінде Қарағанды тәжірибелік бағының Долинка және Ақмола питомниктерінен көшеттер әкелініп, құрылысы қызып жатқан Үлкен Жезқазғанның орталығындағы 7 гектар аумаққа демалыс паркін салу қолға алынды. Қаныш Сәтбаев жасыл желекті парк болуын қуана құптап, «бұл аса қажетті жақсы бастама» деп айтқан екен. Болашақ қаланы көгалдандыру істері осылай қарқын алып, тәжірибелік бақ пен парктердің қанат жаюына Ө.Оспанов, А.Ғаббасов, И.Фортунатов, П.Чабан, Я.Дубовик тәрізді осы саланың білгір ғалымдары белсене атсалысыпты.

Өңірдің өз азық-түлік және жемазық базасын құру жөнінде де маңызды жұмыстар атқарыла бастайды. Мәселен, 1939 жылдың күзінде сұр жусан көмкерген қуаң даланы жыртып еккен алқапта картоп пен томат, қарбыз бен қауын мол өнім беріп, бау-бақша шаруашылығымен айналысудың мүмкіндігін көрсеткен еді. Соғыс қарсаңындағы және одан кейінгі жылдарда ҚазКСР ҒА-ның болашақ корреспондент-мүшесі А.Ғаббасов қырқаларда суарылмайтын өсімдіктер өсіру жөнінде көптеген эксперименттер жасайды.   Агротехникалық шаралар дұрыс жүргізілсе мал азығы үшін бидайық, шайыр сияқты жабайы өсімдіктермен қатар мәдени дақылдар өсіруге болатынын дәлелдейді. Жасыл желек пен жеміс ағаштарын жерсіндіруде 1940-1944 жылдарда Жезқазған тәжірибелік станциясының дендрология бөлімінің меңгерушісі болған Игорь Фортунатов өлшеусіз үлес қосса керек. Сәндік ағаштармен қатар ол көптеген алма түрлері мен жеміс ағаштарын өсіруді негіздейді. Қанекең бұл биолог ғалымның еңбегін жоғары бағалап, өзіне ұстаз тұтқан көрінеді.

Өсімдіктерді жерсіндірудің келесі кезеңінде қатаң климат жағдайына  бейімделген жеміс-жидек түрлерін өсіру бағыты қолға алынады. Мысалы, 1947-1950 жылдары В.Григорьев пен Ғ.Оспанов Долинка питомнигінен әкелінген алма сортын Жезқазғанның өткір желді, қатаң климатына бейімдеу сынағымен айналысады. Жергілікті жерге қолайлы түрін қалыптастырып, өсіруді жолға қояды. Өсімдіктердің жергілікті өңірге қолайлы ассортименттерін тауып, өсіру әдістерін ғылыми жолмен негіздей білген тәжірибелік станция кейін Ботаникалық баққа айналды. Мұнда жүргізілген ғылыми-зертеу жұмыстарының нәтижесінде ірі Кеңгір кеңшарын ұйымдастыруға, Жезқазған кен-металлургия комбинатының көгалдандыру цехын құруға негіз қаланды. Саяжай телімдері мен үй жанындағы бау-бақша шаруашылықтары дамыды. Осыған орай, 1954-1956 жылдары көгалдандыру мен өсімдік шаруашылығындағы негізгі міндеттердің өз шешімін табуына байланысты ғылыми-зерттеу станциясындағы жұмыс тоқтатылады. Қаныш Сәтбаев араласпағанда мүмкін бұдан кейін Жезқазған ботаникалық бағы болмауы да мүмкін еді. Алайда, көреген ғалым болашақта өңірдің дамып, өсетінін алға тартып, оның жасыл желегі мен өсімдіктерін зерттеу жұмыстарын жалғастырудың қажеттілігін дәлелдейді. Сөйтіп, Қаныш Имантайұлының ұсынысымен 1957 жылы бұрынғы ғылыми-зерттеу базасында ҒА Ботаника институтының бөлімі ұйымдастырылды. Кейіннен, 1966 жылы ол Жезқазған ботаникалық бағы ретінде қайта құрылып, ҚазКСР ҒА-ның Орталық ботаникалық бағына бағыныста болды. Ғылыми-зерттеу жұмыстары одан әрі жалғасып, қалаларды, ауылдарды және өнеркәсіп нысандарын көгалдандыруға қатысты нақты істер атқарып отырды. Ботаникалық бақтың басына бақ қонып, дүрілдеп тұрған 1961-1965 жылдарда питомниктен 70 мың көшет, 900 түрлі сәндік-гүл өсімдіктері, 250-ден аса түрлі дәрілік өсімдіктер сұраныс берген шаруашылықтарға жөнелтіліп тұрған екен. Ботаникалық зерттеу нәтижесі бойынша көптеген мамандар ғылыми атақтарын қорғайды.

Ал, енді тарихы терең бақтың қазіргі жағдайы қандай? Ашығын айтар болсақ, Жезқазғанмен бірге қалыптасып, өркен жайған Ботаникалық бақтың бүгінде басынан бағы тайып, күйі кетіп тұр. Нарықтың келуімен көптеген ғылыми-зерттеу құрылымдары шатқаяқтап қалғаны белгілі. Еліміздегі Бас ботаника бағы мен Ботаника институты 1995 жылы біріктіріліп, Ботаника және фитоинтродукция институты болғанда Жезқазған ботаникалық бағы оның құрамындағы бөлім ретінде болған-тын. Үкіметтің кейінгі қайта ұйымдастыру жөніндегі қаулыларымен Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Ботаника және фитоинтродукция институты» републикалық мемлекеттік қазынашылық кәсіпорны құрылғаннан бері Жезқазған ботаникалық бағы оның филиалы болып қалды. Алайда, өңірдегі филиалдың жағдайын реттеп, жоғарыдан қамқорлық жасау жөніндегі жұмыс байқалмайды. Қаланың 65 жылдығы қарсаңында біз Ботаникалық баққа арнайы барып, бүгінгі жағдайын көргенде осыған көз жеткіздік. Қала шетіне оналасқан 80 жылдық тарихы бар мекемені 2013 жылдан бері биология ғылымдарының кандидаты Жанғозы Нашенов басқарып келеді.

— Қазірде 62 гектар бақтың 20 гектарына күтім жасап отырмыз. Ғылыми тәжірибе негізінде өсірілген әртүрлі жеміс ағаштарын, арша, қарағай сияқты қылқан жапырақтылар мен көгалдандыратын ағаштарды, гүлдерді, дәрілік өсімдіктерді сақтап, әрі қарай өсірумен айналысудамыз. Бірақ, мүмкіндігіміз шектеулі, күшіміз аз. Барлығы 4 ғылыми қызметкер, 6 қатардағы еңбеккер ғана бар. Республикалық мекеменің филиалы болғандықтан дербес іс-қимылға бара алмаймыз. Қаржы Алматы маңындағы ботаникалық баққа беріледі де бізге онша мән берілмейді. Бұрынғы мамандардың жасы келіп, құрметті демалысқа кеткен соң ғылыми мамандардың жетіспеушілігі қатты сезілуде. Мәселен, Орталық Қазақстанда гидрогеолог жоқ. Қызметкерлердің жалақысы төмен, жұмысқа қызығушылар да табыла бермейді. Ботаникалық бақ республикалық маңызы бар — ерекше қорғалатын табиғи аумақ болып саналады. Солай бола тұра, мемлекет тарапынан қаржыландыру өте нашар. Қазір қолда барды сақтап қалудың өзі үлкен қиындыққа түсуде,- дейді директор.

Аралап көрдік. Ботаникалық бақтың іші жүдеу тартып тұр. Көктем кештетіп шыққанымен бұл өңірде жаңбыр тапшы. Ағаштар мен өсімдіктерді суаратын кезі келді. Кеңгірдің қалдық су жиналатын арнасы бақтың тура түбінде. Бірақ, су мол емес, тапшы. Биыл су қоймасының кемері толмағандықтан бұларға қарай ағызатын артық су қоры да болған жоқ. Содан ба екен, қазірдің өзінде судың иістеніп кеткені байқалады. Іргесінде кен қалдықтарының қоймасы тау-тау болып тіреліп тұр. Желді күні қалың тозаң бұрқырайды. Су таза емес, өсімдік суаруға обал-ақ.

-Шілденің соңында осы судың өзі түгесіліп, түбі көрініп қалады,- дейді директор Жанғозы Болатұлы біздің бұл ойымызды сезгендей.

«Көктемнің күні — жылға азық» демекші, бақтың аумағында қыбырлаған жан бірен-саран, қайнаған еңбек көрінбейді. Кешегі кеңес заманында жүзден аса адам еңбек еткен мекемеде онға жетпейтін еңбеккердің қалуы Ботаникалық бақтың болашағының бұлдыр екенін аңғартқандай. Табиғи өсімдіктер дүниесін зерттеуден бұрын, қолдағы бардан айрылып қалмаудың жолын табу керек сияқты. Мұнда сонау 40-шы жылы бой көтерген бақтар бар, өсімдіктердің сирек түрлерінің тәжірибе алаңдары әзірше сақталған. Шағын жылыжайда бөлмеге арналған гүлдер өсіріледі. Жоғарыға жаутаңдап отырған шағын ұжымның қолынан көп нәрсе келмейтіні көрініп тұр.

Бабы болмай, күйі қашып тұрған баққа жанды көмек керек. Көмек қолын кім созады? Облыс пен қала басшылығы республикалық мекеменің филиалында неміз бар деуі де мүмкін. Ең бастысы, ғұлама ғалым Сәтбаев негізін салған, Жезқазған өңірін жасыл желекке бөлеген бірегей бақтан айрылып қалмасақ жарады.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары