Жаңа әліпби – жаңарудың кілті

Өзінің дамуында мемлекет болсын, ұлт болсын рухани жаңғыруды үнемі қолға алып отырмаса, онда жалпы дамудың бәсеңдейтіні, қоғамдық қозғаушы күштердің әлсірейтіні адамзаттың өркениетті тарихынан белгілі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның мемлекет ретіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыру және осы мемлекетке атау берген қазақ халқының рухани әлеуетін күшейту үшін қашанда жаңғыруға бастайтын идеяларды ортаға салып, олардың орындалуына мән беріп тұрады.

Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қазіргі кезеңдегі қазақ елінің бүгінін сараптап, ертеңгі бағытын айқындаған бағдарламалық еңбек. Біз осынау маңызды еңбектегі ұлттық сана, ұлттық бірегейлікті сақтау, интеллектуалды қоғам қалыптастыру сияқты мәселелердің аса өзекті екендігін сезіне отырып, олардың ішінде бір ғана мәселеге – латын әліпбиіне көшу мәселесіне тоқталмақпыз. Елбасы таяу жылдардағы ең маңызды міндеттерді атап өтіп: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деді. Латын әліпбиіне көшудің, әлбетте, кейбір қиындықтары болады. Дегенмен, қиындықсыз өтетін реформа да болмайды. Мәселенің маңыздылығы ондай қиындықтарды еңсеруді қажетсінеді. Еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де тиімді боларлық мәселенің шешілуіне байланысты қоғамда әртүрлі пікірлер қалыптасуда десек, сол ойлардың көпшілігі жаңа әліпби таңдауды қолдайды. Дегенмен, бұл бастамаға қарсы пікірлер де баршылық.

Еліміз тәуелсіздік тәжін кигеннен бері көптеген қазақ тілшілері латын әліпбиіне көшу мәселесін көтеріп келеді. Латын әліпбиіне көшу туралы ой-пікірлер 1926-1929 жылдардан бастап бастау алғаны баршамызға тайға таңба басқандай белгілі. Қазақ тіл білімі тарихында 1929 жылы қазақ жазуы ресми түрде латын әліпбиіне көшкен. Сонымен қатар, 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиі қолданыста болған еді. Ұлтымыздың басынан үш алфавит жүйесін өткергендігін білеміз. Олар: біріншіден—араб әліпбиі (1929 ж. дейін), екінші—латын әліпбиі (1929-1940 жж.), үшіншісі—кириллицаға негізделген қазақ әліпбиі (1940жылдардан бүгінге дейінгі қазіргі әліпбиіміз).

Қазіргі таңда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың латын әліпбиіне көшу саясатын қолдаймын. Себебі, біріншіден, латын әліпбиіне көшудегі негізгі ұтымдылық - тіл ауыспай, таңбаның ауысуы. Екіншіден, қарапайым тілмен жеткізсем, сөзді немесе дыбысты қалай естісек, жазылуын да солай жазамыз.

Көптеген ғалымдардың пікірін ескеретін болсам, латын әліпбиіне көшу соншалықты қиындық тудырмайды.

Қазіргі кезеңде білім саласындағы жаңа реформаның жүзеге асырылуы да, яғни жаңартылған білім мазмұны осы латын әліпбиіне көшуде өз үлесін қосады деген ойдамын. Оған дәлел, бастауыш буыннан бастап тілдің үш тұғырлығының басымдығының бастау алуы.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары