Үлкен өмірге жолдама

Сәрсенбінің сәтті күнінде ауданымыз бойынша барлық орта білім беру ұйымдарында түлектердің мектеппен қоштасу кеші ұйымдастырылды. Осындай салтанатты жиын Боголюбово орта мектебінде де өтті. 2018-2019 оқу жылы Боголюбово орта мектебін барлығы жеті оқушы 11 сыныпты тәмамдаған.

-Осы жылғы түлектеріміз өте ақылды әрі тәрбиелі. Олардың әрқайсысы мектептің қоғамдық өмірінде белсенді болды. Білімді де, шығармашылықты да қатар алып жүруге тырысты. Өзінен кейінгі іні-қарындастарына жақсы үлгі көрсетті. Соңғы қоңырау соғылған соң, 11- сынып оқушыларының барлығы да міндетті мемлекеттік емтихандарын тапсырды. Нәтижесі өте жақсы. Бір оқушымыз Татьяна Салмина «Алтын белгіге» ие болды. Күні кеше ғана, бірінші сыныптың табалдырығын аттаған балапандар енді міне үлкен өмірге аттанып бара жатыр», - деді мектеп директоры Айнұр Жақыпова.

Мектеппен қоштасу кешіне мұғалімдер, түлектердің ата-аналары мен туған-туыстары келді. Сырттан келген қонақтар да болды. Салтанатты жиын барысында мектеп бітірушілерге көптен күткен аттестаттары табысталып, көптеген құттықтау сөздер айтылды.

-Бір кездері өзімізде осындай жап-жас мектеп түлегі болдық. Бүгін мектеп бітірушілері үшін өте ерекше сәт. Оларды алда жаңа өмір күтіп тұр. Мен оларға тек сәттілік тілеймін. Осы күнді ешқашан ұмытпасын. Себебі, мектеп өмірі, бақытты балалық шақ енді қайтып келмейді. Әрбір түлек армандаған оқу орындарына түсіп, Қазақстанның жарқын болашағын қалыптастыратын білімді азамат болуын тілеймін, - деп тілек білдірген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлия Салтықова мектепті үздік бітіруші Татьяна Салминаға «Алтын белгісін» өз қолымен табыстады.

Татьяна аталмыш мектептің мақтанышы. Ол әрқашан өзін жақсы қырынан көрсетіп, мектептің қоғымдық өмірінде белсенділік таныта білді. Сыныбының көшбасшысына айналды. Облыстық, республкиалық жарыстарда жүлделі орындар алып, мектебін жақсы жағынан көрсете білді. Сөйтіп, мемлекеттік емтихандарды сәтті тапсырған ол, лайықты «Алтын белгісіне» ие болды.

-Менің осындай жетістікке жетуім бұл әрине ең алдымен мұғалімдерімнің арқасы. Мен оларды ешуақытта ұмытпаймын. Алтын ұя мектебімді әрқашан сағынышпен ске алып отыратын боламын. Он бір жыл бойы бірге болған сыныптастарымды да қимаймын. Мен оларға алдағы маңызды сынақтарынан сүрінбей өтуін тілеймін, - деді Татьяна Салмина.

Боголюбово орта мектебінде түлектердің мектеппен қоштасу кеші жоғары деңгейде өтті. Ата-аналар мектеп ұжымына алғыстарын жеткізді. Түлектер болса өз кезегінде ән айтып, өлең оқып өнерлерін аянып қалмады. Ең бастысы ауданымыздың барлық білім орындарында мектеп бітірушілер қолдарына орта білім беру мекемесін бітіргенін растайтын аттестаттарын алды. Енді олар жоғары оқу орындарына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тесті тапсыруға дайындалатын болады.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары