Целиноград ауданына – 90 жыл тарихтың тамыры тереңде

Әр ауылдың шежіресі әріден басталады

Біздің Новоишимка ауылының өмірі де еліміздің өткенімен тығыз байланысты. Қазақтың кең байтақ даласына Кеңес үкіметі орнағаннан кейін жүргізілген саясатқа орай, өзге ұлт өкілдерін қоныстандыру бойынша біздің елде ауқымды жұмыстар өткізілген.

Тарихи деректерге зер салсақ, қазіргі Новоишимка ауылының  аумағына 1931 жылы Орталық Ресейден, Украинадан, Беларуссиядан көп кісі көшірілген. Ауылдың алғашқы атауы – «29 нүкте» болған. Соңғы уақытқа дейін үлкен қариялар Новоишимка атауының орнына «29 нүктеге» барамын деп сөйлейтін. 1931 жылы Есіл өзенінің бойына алғашқы барак үйлер тұрғызылды.

Содан 1933 жылы шаруашылық бірлестіктері құрылды. Негізінен мал шаруашылығы үшін қоралар салынды. Тұрғылықты қазақтар түйелер, жылқылар берген. Бұл жерге орналасқан халық алғашқыда ауа-райының, табиғаттың тосын мінезін білмеді. Апталап соғатын боран мен қатты аязды күтпепті. Қаһарлы қыс олар үшін үлкен сынақ болды.

«29 нүкте» ауылының алғашқы тұрғындары: Белов Егор, Володько Егор, Бурак Афанасий, Шихова Мария, Маковский Марк, Уваров Коонстантин, Зарецкий Иван, Волков Павел, Пихтор Егор. 

1934 жылы салынған егін күзде мол астық берді. Әрбір гектардан 20 центнерден өнім алынған. Егін қол орақпен және лобогрейкамен (қазір бұл зат мүлдем жоқ) орылды.

1935 жылы мал  фермасы қайта құрылып, оны Якимович деген кісі басқарды. 

1936 жылы мал шаруашылығы колхозы құрылды. Алғашқы преседателі – Бурлаков Давыд Агеевич болған.

1936 жылы барлық ауылдың тұрғындары алғаш рет ағаштар егіп, арықтар қазған. Қазір ауылға көрік беріп тұрған ағаштар сол заманда отырғызылғанын ескеруміз керек.

1937 жылы шаруашылықтың алғашқы төрағасы әскер қатарына алынады.

1937-1939 жылдары ұжымдық жаңа шаруашылық төрағасы болып Белов Егор Сергеевич тағайындалады. Осы жылғы ауыл өміріндегі ең елеулі оқиға – ауылға «Динамо» машинасының келуі болды. Көліктің жүргізушісі – Янцен Валентин. Сол жылы егіннен алынған өнім орташа болғанымен, халықтың тұрмысы біршама жақсарған екен.

1940 жылы ұжымдық шаруашылықтың төрағалығына Карев Алексей Андреевич сайланады. Колхоз атауы енді «Победа» болып өзгертілді.  Сонымен қатар Новоишимка аудан орталығына айналады.  «Победа» сол кезде аудан бойынша ең үлкен ауыл болып есептелген.  Жыл сайын егін алқабы кеңейіп, жұмысшы әйелдердің еңбегі еленіп, беделдері көтерілген. Аздаған жылдар ішінде, халықтың еңбекқорлығының арқасында, ауыл гүлденіп, халықтың жағдайы жақсарған.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда ауыртпалықты Новоишимка ауылының халқы да көрді. Бірақ сол жылы жаз жаңбырлы болып, егін бітік шыққан. Ер азаматтар соғысқа аттанғасын барлық жұмыстар әйелдердің мойнына артылды. Олар тапсырылған жұмыстармен қатар, соғысқа қажетті заттар мен астық өнімдерін жіберіп отырды. Сөйтіп барлық қиындықтарға төтеп берген.

1948 жылы ауыл шаруашылығы жұмыстары ілгерлеп, өмір қалпына келе бастады.

1953 жылы 3 қыркүйекте «Тың және тыңайған жерлерді игеру» саясатына қатысты жаппай жұмыстар Целиноград ауданында да жүргізілді.

Тың игеру кезінде де басқа өңірлерден өзге ұлт өкілдері көп көшірілгені белгілі.

1961 жылы Кеңес Одағы Министрлер кабинетінің шешімімен шаруашлыққа да, елге де Новоишимка атауы берілді.

Қазіргі таңда бізде жеке кәсіпкерлер мен бірге үкіметтің бірнеше мекемесі жұмыс істейді. Мұның өзі ауыл мен халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына өз септігін тигізіп келеді. Бір мектеп, әкімдік пен аурухана, сондай-ақ, Агротехникалық колледж жұмыс істейді.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары