Шаттанам сенімен, астана!

Осы аптаның сейсенбісінде Ақмол ауылындағы Мәдениет үйінде алғаш рет «Әуелеген әсем ән» деген атпен вокалды-аспаптар ансамблдері мен эстрада жанрындағы жеке орындаушылар арасында аймақтық байқау өткізілді

Оған ауданымыздың көптеген жас орындаушылары қатысты.

Мәдени кешті Целиноград ауданы әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырды. Шара Астананың 20 жылдығына орай жас таланттар мен эстрадалық ансамбльдердің шығармашылық қызметтерін белсенді ету мақсатында   қолға  алынды.

«Ақмола жұлдыздары» байқауының форматы бұрынғыдан өзгешелеу өтті. Бір ғана Целиноград ауданынан оған 4 ансамбль қатысты, ал бақ сынаған жеке орындаушылар саны одан да көп  болды.

Облыстық мәдениет басқармасының және қазылар алқасының басшысы Сәуле Бөкейханқызы Бөрібаева концертті қорытындылау барысында Нұресіл, Ақмол  және  Родина ауылдық округтерінде  жаңадан пайда  болған  эстрада  ұжымдарының орындаушылық  деңгейін, шығармашылық ізденістерін айрықша атап өтті.  

Көкшетау қаласының «Ласвегас» тобының жетекшісі, облыстық қазылар алқасының мүшесі Ринат Ысқақов «Родина» вокалды-аспапты ансамблінің жетекшісі Тимур Айдарғазиновтың  авторлық «Астана»  әнін  көпшілік алдында  аса  жоғары бағалады.

Сондай-ақ, Ақмол мәдениет үйінің «Тұмар» этно-эстрадалық ансамблі де көремендерге шаттық пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Нұресіл» шығармашылық тобы да (М.Айтбаев) Астананың мерейтойына жақсы әзірлікпен келгендіктерін паш етті (суретте).  

Эстрада жанры өнерпаздарының іріктеу туры концерттік  пішімде   өтті. Тыңғылықты қазылар алқасының назарынан ауданның белді әншілері Бауыржан Нұрымбет, Бәтима Изенаева, Бекәділ Мектепбергенов және отбасылық Айбасовтар дуэтінің өнері де қалыс қалмады.

   Облыс өкілдері аудан басшылығына аймақтық турға жақсы дайындығы үшін алғыс айтты. «Бүгінгі байқау біздер мен сіздердің қол жеткен жетістігіміз. Көрермен ретінде астаналық ауданда өсіп келе жатқан әлеуетті жастардың талантын байқадық»  деді Сәуле Бөкейханқызы өз сөзінде.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары