Шалғайдағы шеберхана

Кез келген елдің экономикасының негізі – шағын және орта кәсіпкерлік. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенетін болсақ, шағын және орта кәсіпкерлікті қалыптастыру мен дамыту әлеуметтің әлеуетін арттыруда маңызды орынға ие. Сондықтан, қазіргі уақытта елімізде де шағын және орта кәсіпкерлікке дамудың басты бағыттары ретінде басымдық беріліп отыр.

Мамыр айында Сарытерек ауылында бой көтерген «Асема» тігін шеберханасының ашылу салтанаты болып өтті. Шағын шеберхананың тұсауын аудандық мәслихаттың депутаты М.Қасымхан мен ауыл азаматы У.Өміржанов кесті. Қазіргі уақытта ауылдың қажетін ашып, нәпақасын айырып отырған тігінші Айгүл Өміржанова жеке кәсіп ашуды былтырғы жылдан бері қолға алғанын айтып, шеберхана жұмысымен таныстырды:

–Ауыл тұрғындарынан тапсырыс жиі түсіп жатады. Көбіне жамылғы көрпе, құрақ көрпе және оқушыларға қажетті түрлі қойылымдық костюмдерге тапсырыс берушілер көп. Алдағы уақытта жұмыс көлемін кеңейту үшін шеберхананы заманауи жаңа құрылғылармен жабдықтау жоспарда бар. Ол үшін аудандық жұмыспен қамту орталығының грантына ұсыныс беріп отырмын, – дейді оң қолы оймақ Айгүл Өміржанова.

Шеберхананың ішінде қаз-қатар қаланған қызылды-жасылды оюлармен өрнектелген құрақ көрпелерден ықтиятты адамның қолы мен мұндалайды. Осыған қарап шын шебердің өз ісіне адал, үлкен махаббатпен қарайтынын аңғардық. Қазіргідей жұмыссыздық ел ішінде етек жайған шақта «екі қолға бір күрек» деп қарап қалмай кәсібін ашып, нәсібін тауып жүрген жанның бұл бастамасы өзге ауылдастарына үлгі-өнеге десек те болады.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары