Өнер мектебінің көрігі қызып тұр

Жуырда Астана шаһарында өткен халықаралық «Шашу» өнер фестивалінде Ақтоғайдың жас талантттары тағы бір мәрте топ жарды  

Өнер дарындарын, сахна саңлақтарын өмірге әкелген  киелі Ақтоғай өңірі ән мен жырдың мекені екені баршаға аян. Кешегі күміс көмей Күләш, марқасқа Манарбек, Шашубай, аспан асты елін талантымен тәнті еткен Әсет осы өңірдің төл перзенттері. «Ат тұяғын тай басар» демекші осынау бабалардың ізін жалғаған, жас буын өкілдері бүгінде ән байқауларында өнерлі өлкенің туын жықпай келеді. Осы сөзіміздің айқын  дәлелі – аудандық өнер мектебінің шәкірттері аймақтық,  республикалық тіптен халықаралық ән бәйгелерінде аудан мерейін асырып жүр. Жуырда Астана шаһарында өткен халықаралық «Шашу» өнер фестивалінде Ақтоғайдың жас талантттары тағы бір мәрте топ жарды. Береке мен бірліктің бастауы, табиғат анаға жан бітірген жыл бастауы Наурыз сөйтіп Ақтоғай жеріне ән-жырдан шашу шаша келді.  Арқа төрінде өткен өнер додасында дәстүрлі әннен Дильяра Арыстанбекова (10-13 жас аралығында) гран-приді жеңіп алса, жүлделі 1 орын да ақтоғайлық өнерпаз Бақтияр Сейфолланың  (6-9 жас аралығында) еншісіне бұйырды. Эстрадалық вокал жанры бойынша Бекжан Сейдіғазы жүзден жүйрік шығып, 1 орынды иеленді.  Бұл өнерлі өлкенің өрендерін баулыған ұстаздары белгілі дәстүрлі әнші, Ақтоғай аудандық өнер мектебінің оқытушысы Сәттар Сәрсенқұлов, талантты ұстаз Еркебұлан Рысбековтың орасан еңбегінің арқасы екені анық. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған, 600-ден астам өнерпаз бала қатысқан ән байқауында топ жару – үлкен жетістік, төккен тердің абыройлы өтеуі.
Бас  жүлдеге  ие  болған  Арыстанбекова  Диляра  Түркия  Республикасының  Анталья  қаласында  2018 жылдың 3 мамыр – 10  мамыр  аралығында  өтетін  «IAF»   VI  Халықаралық  өнер  фестиваліне  тегін  қатысу  құқығын беретін  сертификатқа  ие  болды.

Сондай-ақ, сәуір де тәуір жаңалықтарымен жетіп, аудан жұртшылығы, өнер мектебі ұжымы үшін «ақ түйенің қарны жарылған кез болды» десек, артық айтқандық емес. Қарағанды  қаласында     өткен Халықаралық  «StARTrek»  фестиваль байқауына қатысқан оқушылардың да қанжығалары майланып қайтты.Бұл  байқауға   барлық аудандар мен қаладағы  музыка мектептері мен өнер  мектебінің  білім  алушылары қатысты. Домбыра  сыныбынан  барған 6-оқушы қатысып,  Мақсұт  Дильяра   бас  жүлдені  жеңіп алса (жетекші ұстазы З.Аубакирова) Болат  Айгерім, Қанат  Дидар, Медет  Ернұр, Боранқұл  Ерасыл жүлделі  I-орын (жетекші  мұғалімдері М.Сейсенбеков, Арыстанбекова), вокал  сыныбынан 2 оқушы  қатысып,   жас ерекшелігіне  байланысты  Есімхан  Шұғыла, Тұрсынхан  Аружан  жүлделі  I- орын иеленді. (Жетекші  мұғалімі Думан Жакупов, Саламат  Мүбарак). Ал, дәстүрлі  ән сыныбынан 2  оқушы  қатысып,  Амиртаев  Ернат  жүлделі  I-орын, II-орынды Болатбаев  Әлішер  жеңіп алды (жетекшісі С.Сарсенқұлов).

Ақтоғай елі өнердің қай түрінен болсын өз деңгейлерін  көрсете білуде. Кешегі Сахи Романов, Аманқұл Мұсатаевтар салған сара жолды бүгінде  ұрпақтары жалғастыруда. Соның бір айғағы осы байқауда көркемсурет  жанры бойынша оқушылар  шығармашылық  байқауынан  Болатбай  Арай  бас  жүлде (жетекшісі  Аман  Зарина), I  орын алған Боранғазы  Жұпар, Іңкәрбек  Аида, Катапова  Саяжан, Кәрібай  Ақерке, Қазтай  Мадина, Сағатбек  Ерсұлтандардың (жетекші  мұғалімдері Б.Садуақасов, К.Бекежанова, Г.Тәліпбаева, Ж.Дәртай, Г.Әшімбек) жүлдемен ауылымызға оралуы.

Қуан ағайын, шаттан елім. Ән мен жырдың мекені болған киелі Ақтоғай өнерінің қазаны қайнап тұр. Ұлт өнерінің ұлы тұлғалары туған текті топырақтан шыққан жас өркеннің өнері өрге жүзе берсін, алар асулары аласармаса деп тілейміз.

                                              

 

 

 

 

 

 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары