МӘДЕНИЕТ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ФЕСТИВАЛІ

Бүгінгі таңда кітапхана – халыққа білім нұрын себетін ақпарат орындарының бірі. ХХІ – ғасыр мәдениеттің, ғылым мен білімнің ғасыры. Тек кітап қана алға жылжуды, адамдық шыңына шығуды үйретеді. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады.  

Ауданымыздың кітапхана саласының  қызметкерлері ғасырлар бойы мұра болған асыл қазынаны – ұрпаққа жеткізу жолында ауқымды жұмыстар атқаруда. Мәдениетті өркендету – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Қазіргі таңда кітапхана қызметінде инновациялық түрлері мен әдістемелік қызметін тауып, таратуға, кітапханалардың кадрлық әлеуетін ынталандыруды мақсат тұтатын көлемді конкурстық-шығармашылық қызметі кеңінен тарауда. Жыл сайын С.Мұқанов атындағы ғылыми әмбебап кітапханасында мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында «Рухани қазына» фестивалін өткізуі дәстүрге айналып отыр. Биыл облыстық «Рухани қазына-2019» байқауының «Үздік ауылдық кітапхана» номинациясы бойынша 1-ші орынды Есіл ауданы әкімдігінің орталықтандырылған кітапхана жүйесінің Николаевка ауылдық кітапханасы иеленді, ал «Үздік ауылдық кітапхана кітапханашысы» номинациясы бойынша Қарағаш ауылдық кітапханашысы Жұмағалиева Гүлнәр Ермұқанқызы 3-ші орынға ие болды. Осы ұйымдастырылған байқау елордамыз Нұр-Сұлтанда жалғасын тапты. Біздің ауданнан республикалық байқауға Николаевка ауылдық кітапханасының кітапханашысы Рсаева Светлана Михайловна қатысты. Ұйымдастырылған фестивалдің мақсаты – ұйымдар мен үздік қызметкерлерді анықтау және кәсіби тәжірбиелерімен бөлісу. «Рухани қазына» фестиваль аясында мұражай және кітапхана ісі бағыты бойынша пленарлық сессия, шеберлік кластары, диалогтық алаңдар жүргізілді. Қатысушылар осы форумда өздерінің үздік жобаларын көрсетіп, қорғады. Кітапханашы С.М Рсаева «Рухани қазына-2019» республикалық байқауына қатысқаны үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамадиұлы атынан «Алғыс хат», Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Ү.Мұңалбаевадан «Көрермен көзайымы» номинациясы бойынша дипломмен және «Рухани қазына-2019» республикалық фестивалінің аясында өткен «Кітапхана – білім және шығармашылық орталығы» тақырыбында семинарға қатысқаны үшін сертификат  және де Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы атынан төсбелгісімен марапатталды. Әріптесіміздің аз уақыт ішінде кітапхана ісінің дамуына қосқан жемісті еңбегі үшін алғысымыз шексіз!             

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары