Латын графикасы – мемлекеттік қызметте

Жуырда аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен өткен «Латын графикасы – мемлекеттік қызметте» атты аудандық байқауда мемлекеттік қызметшілер бақ сынасты. Үш кезең бойынша өткен байқауға «Тілдарын» (Аса ауылдық округі), «Бүркіт» (Ерназар), «Өрлеу» (Айшабибі), «Қамқоршы» (Ақбастау), «Алаш» (Қаратөбе), «Көлқайнар» (Көлқайнар), «Тіл тағдыры» (Полатқосшы), «Тұлпар» (Өрнек), «Қарасу тарландары» (Қарасу), «Жаңғыру» (Қаракемер), «Ақбұлым» (Ақбұлым), «Сұңқар» (Қарой), «Ұлы дала қырандары» (бөлімдер құрамасы) командалары қатысты.

Мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тіл саясатын наси­хаттау, мамандардың іс жүргізудегі біліктілігі мен тәжірибесін сараптап, мемлекеттік тілде іс жүргізудің сапасын арттыруды мақсат ет­кен байқау қатысушылардың өз командаларын таныстырудан бас­талды. Содан кейін олар «Ла­тын графикасы негізіндегі қазақ әліп­биінің емле ережелері» кезеңі бойынша берілген сөздерді латын қарпінде дұрыс жазып, тапсыр­маларды орындады. Соңғы «Ұлы даланың ұлы тілі» кезеңі бойынша дайындаған көріністері жиі кезде­сетін тіл шұбарлылығына байла­нысты жағдайларды еске салды.
Байқауға қазылық еткен аудан әкімі аппаратының басшысы Жомарт Телеуов, аудан әкімі аппараты персоналды басқару бөлімшесінің басшысы Жансая Оспанова, аудан әкімінің бас инспекторы Назира Шалбаева, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқар Байдалиевтердің шешімімен бірінші орын Қарасу ауылдық округі әкімі аппаратының «Қарасу тарландары» командасына бұйырды. Жүлделі екінші орынды аудан әкімдігіне қарасты бөлімдерден құралған «Ұлы дала қырандары» құрамасы мен қаройлық «Сұңқар» командасы өзара бөлісті. Ал, үшінші орынды айшабибілік «Өрлеу» командасы иемденді. 
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ұйымдас-тырушылар тарапынан арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары