Харам мен халал

Жақында Целиноград ауданының бас имамы Әбілхан қажы Балтаұлы ауыл имамдары мен белсенді қоғам мүшелерінің басын қосып арнайы жиын өткізді.

Қазіргі кезде қайтқан кісіні жөнелту, оның жетісін, қырқын, жылын беруде үлкен ысырапшылдыққа жол беріліп жатқандығы көпшіліктің дағдылы көрінісіне айналған. Әсіресе, бұл орайда қазақ халқының осы тұрғыдағы ісінде көп кемшіліктер бар. Алла Тағаланың тарту еткен несібесін беталды шашу түбінде адамға өкініш алып келетіні ақиқат.

«Ысырап» сөзі араб тілінен енген, яғни текке шашу, шектен шығу деген мағынаны айқындайды. Бұл харамдыққа жатады. Сондықтан, Құран Кәрімде харам сөзі 71 рет ескерту ретінде айтылған. Жалпы, шариғатта рұқсат етілмегеннің бәрі харам боп есептеледі.

Жақында Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітабы жарық көрді. Оның төралқа құрамына мұсылман дінінің ғұламалары енген. Өліге құрмет көрсету, арулап аттандыру – шариғат талап еткен іс. Міне, осы кітап жаназа мен жерлеу рәсімдерінің шарттарын талқыға салған.

Соған сәйкес, облыстың Науан Хазірет атындағы мешітінің имамдары, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі, Көкше ардагерлерінің кеңесі ысырапшылдыққа жол бермеу, кісі жөнелту, ас берудің жөн-жобасы жөнінен облыс тұрғындарына үндеу жариялап, бірлескен шешім қабылдаған. Бұдан басқа қаралы сәтте дастарханға қойылатын ас мәзірі де жан-жақты қарастырылған.

Адам баласы құрметін өлгеннен кейін емес, тіршілікте жасауы керек. Зираттың басына алып мавзолейлер тұрғызу шариғатқа жат амалдар. Біздің ауылдардың қорымдарында, бұрындары болмаған, алып мұнаралы мазарлар пайда болды. Кейбірінің он адам жататын орынды алып жатқанын көріп жүрміз. Жергілікті әкімдіктегілер мұны байқамайтын сыңайлы. Сондықтан, аудан әкімдігі мен мешіт төралқасы мұны бірінші кезекте реттелетін іс деп отыр.

Ас та төк ас беру де Құран Кәрімде мүлдем көрсетілмеген іс. Нақтырақ айтсақ, қазіргі кезде кісі жөнелтудің бірыңғай тәртібі, көпшілікке үйреншікті ережесі болғаны абзал.

Целиноград ауданының бас мешітінде өткен осы аталмыш жиында да бұл шешім құпталып, көпшіліктің ұсынысымен нақты ортақ келісімге қол қойылды. Дастарханға ұсынылатын тағам түрлері де бекітілді. Әсіресе, кәмпит атаулының бәрі бірдей халалға жатпайды. Кейбіріне коньяк қосылса, мармелад атаулыға шошқа майы араластырылады. Колбасаңыздың да сыйқы сондай.

Қайғыны бөліссең – азаяды демекші, бұрынғы аталарымыз қазалы үйге 3 күнге дейін қазан көтертпеген. Қазіргі ағайындарымыз бұл қағиданы мүлдем естен шығарып алған. Мәйітті бірнеше күн жатқызып қойып, келген кісілерді күтумен, қайра-қайра дастархан жаюмен әуре-сарсаңға түседі.

Дін ғұламалары жоғарыда айтқан кітапта ұлы хакім Абайдың сөзіне көп жүгінген. Мұны біз де мұқият есте ұстауымыз керек. «Өсек-өтірік мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ» деген данагөй кісінің сөздері әрдайым біздің есімізде болуға тиісті. Ысырапшылдық тәккаппарлық сияқты адам бойындағы Құдайдың ең сүймейтін жат қылығы. Соны ұмытпаңыздар, ағайын!

Ауыл имамдары осы шешімді елге түсндіру үстінде.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары