БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ

Әлемдегі ең ізгі мейрамның бірі балаларға арналған мереке болса керек. Сондықтан  1 маусым  – Халықаралық балаларды қорғау күні болып есептеледі. Бұл мерекені  еліміздің түпкір-түпкірінде кең көлемде атап өтеді.

Бескөл ауылында мерекені тойлаушылар отбасылық мәдени-демалыс саябағына жиналды. Ауданымыздың кішкентай тұрғындарының назарына ең алдымен концерттік бағдарлама ұсынылды.

«Мерей» өнер мектебінің талантты шәкірттері шеруге шығып, би билеп, домбырашылар күй орындап берді. Ал «Мирас» балабақшасының кішкентай өнерпаздары флеш-моб билеп берді. Сонымен қатар Бескөл орта мектеп-гимназиясының  оқушыларынан құралған хор ансамбілі мен №2 Бескөл орта мектебі оқушыларының черлидерлері де өнер көрсетіп, қалың көпшіліктің ыстық қошеметіне бөленді.

Мерекелік концерттің өтуіне ауданымыздең барлық білім орындары ат салысты. Әртүрлі тақырыпта көңілді әндер шырқалды. Билер биленіп, шағын қойылымдар қойылды.

Мереке тамашалап, көңіл-көтері қайту үшін демалыс саябағына бала-шағасын ерткен қызылжарлықтар көп келді. Олардың назарына әскери-партиоттық алаң ұсынылды. Онда әскери адамдар балаларға қызмет бабында қолданатын құрылғыларын таныстырды. Ал кинолог маман өзінің неміс овчаркасымен әртүрлі жаттығулар жасады.

Тақырыптық тұрғыдан мерекелік шара өте мазмұнды болды. Бір бұрышта балалар үшін «Балалық шақ әлемі» тақырыбында фотосурет көрмесі ұйымдастырылса, енді бір жерде жазғы оқу залы ретінде кітап көрмесі назарға ұсынылды.

Төл мерекесі болған соң балалар барынша еркеледі. Өздерінің өнерлерін сынап, асфальтқа сурет салды. Әртүрлі ойындар ойнап, спорттық жарыстарға қатысты. Шеберлік сыныптарын тамашалады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы күні аудан орталығында 25 мерекелік алаң, ал аудан бойынша 77 алаң ұйымдастырылған екен. Соның негізгілері демалыс саябағында болса, қалғандары Бескөлдің әр  түпкірінде және барлық елді мекендерді қамтыған.

Мысалға, оңтүстік-шығыс ауданында балалар арасында шағын футболдан аулалар арасында жарыс өткізілген. Ал Бескөл орта мектеп-гимназиясының спорт алаңында және №2 Бескөл орта мектебінде стол теннисінен және әртүрлі эстафеталық ойындардан жарысып, көңіл көтерген. Сонымен қатар, «Семейный» гипермаркеті, «Мирас», «Балапан» балабақшалары, ипподром және тағы басқа алаңдарда балалар күні бойы мереке тойлап, көңіл көтерген.

Ұйымдастырушылар белсенді балаларға естелік сыйлықтар сыйлап, тәттілер таратып қуантса, ата-аналары әртүрлі базарлықтар алып берді. Енді ауданымыздың кішкентай тұрғындары бір жыл бойы осы күнді сағына күтетін болады.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары